Әлемдік уран нарығындағы ахуал және компания қызметінің нәтижелері туралы «Қазатомөнеркәсіп» Басқарма төрағасы Ғалымжан ПІРМАТОВ әңгімелеп берді.
– Ғалымжан Олжаұлы, әуелі уран нарығы мен Қазатомөнеркәсіптің қызметі жайлы ашық әңгімелесуге келіскеніңіз үшін Сізге алғысымызды білдіргіміз келеді. Қазір жұрттың бәрін COVID-19 індетіне байланысты сұрақтар алаңдатып отыр. Коронавирустың уран нарығына әсері болды ма? Компанияның қызметіне қандай өзгерістер енгізілді?
– Коронавирустың өршуі – әлемдегі миллиондаған адамдардың өміріне әсер еткен төтенше жағдай. Ірі уран өндіруші елдердің кейбірі індеттің таралуының алдын алу үшін кеніштер жұмысын уақытша тоқтататынын немесе өндіріс көлемін азайтатынын бірден мәлімдеді.
COVID-19 пандемиясына қарсы күрес ретінде біз қызметкерлеріміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және активтерімізді қалыптасқан күрделі кезеңге сәйкес түрде басқару бойынша нақты шараларды дер кезінде қабылдадық. Бұл туралы 16 наурызда арнайы хабарлама жасадық.
Біздің қызметкерлеріміз жұмысқа еліміздің түкпір-түкпірінен келеді. Сондықтан өндірістік объектілерде ауру жұқтыру ошақтарының пайда болу қаупінен сақтанып, кеніштердегі жұмысшылар санын барынша азайттық. Компанияның өнім өндіруімен тікелей байланысы жоқ барлық қосалқы жұмыстарды, соның ішінде жаңа өндірістік блоктарды дайындау жұмыстарын уақытша тоқтаттык. Қолданыстағы блоктарда өндіріс жалғасып жатыр. Бірақ жаңа блоктарды дайындау жұмыстары тоқтағандықтан, бұрын хабарлағанымыздай, 2020 жылы уран өндіру көлемі біршама азаятын болады.
Қызметкерлеріміздің және біз жұмыс істейтін аймақтағы тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқаты компания үшін бірінші кезектегі міндет болып келген және солай қала береді. Қабылданған кешенді шаралар өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және біз жұмыс істейтін аймақтарда коронавирустық инфекцияның таралу қаупін сейілтуді көздейді.
Өндіріс көлемінің төмендеуі 2020 жылға белгіленген компанияның міндеттемелеріне әсер етпейтінін атап өткім келеді. Бұл мәселені қолда бар қорларды сату арқылы шешетін боламыз.
– Қазатомөнеркәсіп коронавирустық инфекцияның таралуын және қызметкерлердің ауру жұқтыруын болдырмау үшін нақты қандай қадамдар жасады?
– Өндірістегі көптеген еншілес кәсіпорындарда жұмыс вахталық әдіспен ұйымдастырылған. Компания вахтаға жаңадан келген қызметкерлерді алдын ала дайындалған жеке карантиндік бөлмелерге орналастырып, міндетті түрде тестілеуден өткізген соң ғана қайта вахталауды бекітілген жаңа ережеге сәйкес жүргізеді. Бұл қазіргі жағдайда жағымсыз сценарийлерді болдырмауға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар коронавирус инфекциясы анықталған жағдайда атқарылар іс-әрекеттердің алгоритмін жасап шықтық. Әкімшілік-басқару қызметкерлерінің негізгі бөлігі қашықтан жұмыс істеуге жіберілді.
Кен орындарына тасымалдау кезінде жұмысшылар арасында әлеуметтік арақашықтық сақталады, көлік салоны әр рейстен кейін тиісті жуғыш және дезинфекциялық заттармен өңделеді. Бетперделер, антисептикалық қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектер қажетті мөлшерде сатып алынған. Вахтадағы барлық ғимараттар жүйелі түрде дезинфекцияланып, өндіріс басындағы қызметкерлердің денсаулығына күнделікті бақылау жасалады.
Біз елдегі және өзіміз жұмыс істейтін аймақтардағы ахуалды мұқият қадағалап отырмыз, бүкіл қауіпсіздік шараларын толық сақтау мүмкін болған жағдайда ғана қосалқы жұмыстарды бастаймыз.
– Кей оқырмандарымыздың хабары болмауы мүмкін, сондықтан әлемдік уран нарығындағы Қазақстанның, дәлірек айтсақ, Қазатомөнеркәсіптің рөлі қандай екеніне тоқталып өтсеңіз.
– Қазақстан 2009 жылдан бері әлемдік табиғи уран өндіруші елдердің көшін бастап келеді. Бұл ретте, 1997 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ құрылған кезде еліміз уран өндірісі бойынша алғашқы ондыққа да кірмегенін ескеру керек. Қазір компанияға қарасты өндіруші кәсіпорындардың негізгі бөлігі дүние жүзіне танымал компаниялардың – уран нарығындағы жетекші ойыншылардың қатысуымен құрылған бірлескен кәсіпорындар екенін айта кеткім келеді.
Уран қазіргі уақытта әлемдік электр энергиясының шамамен 10%-ын өндіретін атом электр стансаларына (АЭС) қажетті отынды жасау үшін қолданылады. Көмір, мұнай және табиғи газ сияқты отынның басқа түрлерінен айырмашылығы сол, энергияның өте тиімді және тұрақты көзі саналатын ядролық энергия парниктік газдарды немесе атмосфераға түрлі зиянды заттарды шығармайды. Яғни қоршаған ортаны ластамайды.
Әлемдік уран нарығындағы сұранысты энергетикалық компаниялардың тұтыну көлемі мен атом стансаларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті қор көлемі анықтайды.
2001 жылдан бастап 2011 жылға дейінгі кезеңде әлемдік уран өндірісінің қарқынды өсуі байқалды. Алайда Жапония тарихындағы ең күшті жер сілкінісі және одан кейін болған цунами салдарынан туындаған «Фукусима» атом электр стансасындағы апат уран нарығын дамытудың орта мерзімді перспективаларын түбегейлі қайта қарауға мәжбүр етті. Осының нәтижесінде, әлемдік тұтыну нарығының 12%-ын құрап отырған Жапониядағы 54 реактордың барлығы жұмысын тоқтатты. Германия 2022 жылға қарай өзінің бүкіл ядролық реакторлар паркін пайдаланудан шығаратынын хабарлады. АҚШ-тағы атом стансаларының біразы біртіндеп жабылып, атом энергетикасы дамыған бірқатар елдерде, соның ішінде Франция, Бельгия мен Кореяда антиядролық пікірталас үкіметтік деңгейде көрініс бере бастады. Осының бәрі тұтынудың айтарлықтай төмендеп, табиғи уран қорының өсуіне әкеп соқтырды.
Соған қарамастан Қазақстан өндірісті ұлғайтуды жалғастырып, 2016 жылы елімізде өндірілген өнім көлемі ең жоғары деңгейге жетіп, 24,6 мың тоннаны құрады.
Тұтыну көлемі едәуір төмендеп, керісінше ұсыныс өсе түсті. Сол себепті 2015-2017 жылдары толық қаныққан нарықта Қазатомөнеркәсіп өндірген уран өнімдерінің шамамен 25%-ы сұранысқа ие болмай қалды. Әлемдегі негізгі уран өндірушілер де сұраныстың төмендеуіне ықпал ете алмады. Бұл өнім бағасына кері әсерін тигізді. 2016 жылы Қазақстандағы уран өндіру көлемі ең жоғары деңгейге жеткен кезде, 2007 жылдағы 138 доллармен салыстырғанда уранның бір фунты үшін 18 АҚШ доллары деңгейіндегі ең төменгі баға тіркелді. Сонымен бірге қоймалардағы дайын өнімнің қалдығы 2015 жылдың соңындағы 3 мың тоннадан 2017 жылдың соңында үш есеге, 9 мың тоннаға дейін өсті. Осылайша компания көрсеткіштеріне бағаның төмендеуімен қатар сату көлемінің де төмендеуі әсер етті.
– Шынында да, компания күрделі қиындықтарға тап болған екен. Қалыптасқан жағдайды жақсарту үшін Қазатомөнеркәсіп қандай шаралар қабылдады?
– 2017 жылдың соңында компанияның алдағы 10 жылдағы дамуының жаңа стратегиясы жасалды. Негізгі бизнестің тұрақты дамуы, компанияның барлық стейкхолдерлері үшін ұзақ мерзімді құндылықтар құру Стратегияның басты бағыты болып белгіленді. Компанияның табыстылығын арттыру жолында өте көп жұмыс атқарылды.
Қазатомөнеркәсіп ең алдымен барлық күшті өзінің негізгі қызметіне шоғырландыруды ұйғарды. 2018 жылы Қазатомөнеркәсіп «Инкай» Қазақстан-Канада бірлескен кәсіпорнындағы өз үлесін 40%-дан 60%-ға дейін арттырды, «Байкен-U» ЖШС, «Қызылқұм» ЖШС және «Хорасан-U» БК» ЖШС компанияларындағы үлесіне қатысты мәселелерді шешу бойынша көпжылдық келіссөздерді аяқтап, кәсіпорындарды бақылауға қол жеткізді. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазатомөнеркәсіп жалпы алғанда 732 мың тонна уранды құрайтын Қазақстандағы келісімшартталған қорлардағы үлесін 50%-дан 65%-ға дейін ұлғайтты.
Компанияның активтерін қайта құрылымдау есебінен негізгі емес активтердің қысқаруына байланысты еншілес кәсіпорындардың саны 82-ден 40-қа дейін қысқартылды.
Бұл шаралар компанияның бағалы қағаздарын бастапқы орналастыру (IPO) арқылы сәтті жекешелендіру үшін қажет болды.
Біз негізгі бизнеске деген көзқарасты түбегейлі өзгертуді және өндіріс көлемін ұлғайтудың орнына нарыққа бағдар ұстанған тәсілді қабылдадық. Өзіміздің маркетинг және сату тобымызды нығайтып, нарықты терең талдау негізінде шешім қабылдауға кірістік. Компания трейдерлер мен делдалдарға уран сатуды тоқтатып, уранның түпкі тұтынушылары саналатын энергетикалық компанияларды – АЭС операторларын таңдадық.
2017 жылдың басында Қазатомөнеркәсіп өз тарихында тұңғыш рет уран өндіруді қысқартатынын жариялады. Бұл нарықтағы сұраныс пен ұсынысты теңестіру үшін қажет еді. Нарық көшбасшысы ретінде біздің мойнымызда үлкен жауапкершілік барын сезініп, 2017 жылдың соңында болашақ өндіріс жоспарларын 2018 жылдан 2021 жылға дейін жер қойнауын пайдалануға арналған шарттарда көрсетілген деңгейден 20%-ға төмендетуге шешім қабылдадық.
Біз өз философиямызды өзгертіп, уран қорларын ресурс ретінде ойлауды тоқтаттық. Енді біз оларды қазіргі және болашақ ұрпақ үшін еліміздің құнды активі деп қарастырамыз. Сондықтан уақыты келгенше және нарық қосымша жеткізілімді қажет етпейінше, өндірісті ұлғайтуға асықпаймыз.
Маркетинг пен сату функциясын күшейтіп, нарықтың қажеттіліктерін ескере отырып өндірісті ықшамдағаннан кейін, 2018 жылы Қазатомөнеркәсіп тек ең ірі уран өндіруші ғана емес, сонымен бірге әлемдегі ең ірі сатушыға айналды. 2018 жылы компанияның тарихында табиғи уранның рекордтық көлемі сатылды. Егер 2015-2017 жылдары компанияның әлемдік нарықтағы үлесі 14%-дан аспаса, 2018 және 2019 жылдары Қазатомөнеркәсіптің үлесі барлық сұраныстың 23%-ын құрады. 2020 жылы компанияның сатылым көлемі 2019 жылғы деңгейде болады деген болжам бар. Сонымен бірге уран бұрынғыдай трейдерлерге сатылмайды. Бұл жетістік 2019 жылы дамытыла түсіп, осы жылы одан әрі жақсаруын күтеміз.
– Қазатомөнеркәсіп өндірісті қысқарту кезінде сатылымды қалайша арттырды деген орынды сұрақ туындайды.
– Бәрі өте қарапайым. Біріншіден, біз жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттардан өндіруді 20%-ға қысқартқанымызбен, өндіріс деңгейі шамамен 2017 жылғы деңгейде қалды. Жоспарлы көлемдерді қысқарту өндіріс көлемін ұлғайтпауға мүмкіндік беріп, нарықтың әбден молығуы кезінде жақсы септігін тигізді. Тіпті осы қабылданған шешімнен кейін де біз әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші болып отырмыз және нарықтағы үлесіміз де өсті.
Екіншіден, компания артық өндіріс кезеңінде жинақталған қоймадағы дайын өнімнің қорларын азайтып, өз капитал құрылымын жақсартты.
Біздің стратегиямыз клиенттік базаны әртараптандыру және сату географиясын кеңейту тұрғысынан өз нәтижесін берді. Тек 2019 жылдың өзінде біз сату портфеліне алты жаңа компания мен екі елді қостық. Егер біз қазір тұтынушыларымыз пайдаланатын реакторлардың жалпы санын есептесек, 300-ден асып кетеді екен. Ал әлемде 441 ғана реактор бар.
Биыл біз өзіміз үшін жаңа бағыт, «Dioxitek» компаниясымен табиғи уран жеткізу туралы коммерциялық келісім жасау арқылы Аргентина нарығын аштық. Соңғы бірнеше жылда Қазатомөнеркәсіп Бразилия, Испания және Швеция сияқты жаңа нарықтарды бағындырғанын атап өтуге болады. Табиғи уранның халықаралық нарығында қатысу үлесін арттырумен қатар, компания жоғары бөлістегі өнімдерді – уран гексафториді мен төмен байытылған уран сатуға кірісті.
Біздің стратегиямыздың ұзақ мерзімді перспективасы – жаһандық атом өнеркәсібінің таңдаулы серіктесі болу.
– Бұл компанияның табысына қалай әсер етті?
Компаниядағы ауқымды реформалар кезінен бастап, таза пайдасы жылдан-жылға тұрақты өсіп келеді. Егер 2017 жылы түзетілген таза пайда 31 млрд теңгені құраса, 2019 жылы ол 142 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар Қазатомөнеркәсіптің салық төлемдерінің мөлшері де жыл сайын өсіп келеді. Егер 2017 жылы олар 72 млрд теңгені құраса, 2018 жылы 99 млрд теңге болды, 2019 жылы 127 млрд теңгені құрады.
– Сіз IPO туралы айтып қалдыңыз. Қазатомөнеркәсіптің IPO-сына қысқаша тоқталсаңыз.
– Компанияның стратегиясы мен жұмысының нәтижелері алдымызға міндет етіп қойылған IPO-ға шығуды абыроймен орындауға мүмкіндік берді. 2018 жылдың қараша айында Қазатомөнеркәсіп өзінің 15% акциялары мен ғаламдық депозитарлық қолхаттарын Лондон қор биржасы (LSE) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығында (AIX) орналастырды.
Қазатомөнеркәсіптің ІРО-сы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның портфелдік компаниялары арасындағы халықаралық капитал нарығындағы алғашқы IPO және 2018 жылы Лондон қор биржасындағы ТМД елдерінің ең ірі IPO-сы ретінде бағаланды.
Жалпы, «Самұрық-Қазына» АҚ Қазатомөнеркәсіптің 25% акциясын сатудан шамамен 790 млн АҚШ долларын алып, Ұлттық қорға аударды.
Сонымен қатар соңғы үш жыл ішінде Қазатомөнеркәсіп жалпы сомасы 340 млрд теңге болатын дивиденд төледі. Бұл ретте компания қарыз деңгейін төмендетуді де жалғастырып жатқанын айта кеткен жөн. Егер 2018 жылы компанияның қарызы 580 млн АҚШ долларын құраса, 2019 жылы ол 421 млн АҚШ долларына дейін азайды. Компания қарызын одан әрі айтарлықтай төмендету бойынша жұмыстар атқаруда.
– 2018-2019 жылдары АҚШ, Ресей, Қазақстан және Өзбекстан сияқты елдерден АҚШ нарығына келіп түскен уранға Американың санкция енгізу мүмкіндігі көп сөз болды. Осы талқылауларға Қазатомөнеркәсіп қаншалықты белсенді қатысты және ол немен аяқталды?
– Әлемдік атом саласы қашанда маңызды геосаяси мүдделердің ортасы болған, ал табиғи уран стратегиялық материал саналатындықтан түрлі «сауда соғыстары» шектеулеріне ұшырауы мүмкін. Ірі уран өндіруші ел ретінде Қазақстан осы тәуекелдерді азайту үшін белсенді шараларды қабылдауға және өз өнімдерінің әлемдік нарыққа қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
2018 жылдың 18 шілдесінде АҚШ Сауда министрлігі алғаш жария болған уран өндіруші «Energy Fuels» және «Ur-Energy» компанияларының 2018 жылғы 16 қаңтарда берген өтінішінің негізінде 1962 жылғы Сауданы кеңейту туралы заңның 232-бөлімі бойынша тергеуді бастау туралы шешім қабылдады. Бұл 1999 жылғы шілдеде сауда шектеулері жойылғаннан кейін Қазақстаннан уран жеткізуге қатысты сауданы шектеу туралы мемлекеттік деңгейдегі алғашқы ашық пікірталас болды.
Қазатомөнеркәсіп пен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүргізген үлкен жұмыстың нәтижесінде еліміздің мүддесін қорғап, Қазақстан Республикасынан АҚШ-қа уран импортына шектеулердің енгізілуіне жол берілмеді.
– Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің қоршаған ортаға әсері бойынша қандай жұмыстар атқаруда?
– Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің тәсілдерін түбегейлі өзгертті. Ең озық ESG (экологиялық, әлеуметтік жауапкершілік, корпоративтік басқару) халықаралық тәжірибесін және жария компания ретінде ашықтықты қолданады. Бұл атом энергетикасында ерекше маңызды, өйткені тұтынушылар жеткізушілер мен серіктестерді таңдау кезінде ESG мәселелеріне ерекше назар аударады. Сонымен қатар компанияның барлық шешімдері, ең алдымен еліміз үшін ұзақ мерзімді пайда алу үшін стратегиялық активтерді тиімді басқаруға бағытталған.
Қазатомөнеркәсіп өз қызметінің қоршаған ортаға тигізетін экологиялық әсерін үнемі төмендетіп отыруға дайын екендігін көрсетіп келеді. Мәселен, үстіміздегі жылы экологиялық жобаларды қаржыландыру Кеңес Одағы дәуірінен бері «ҮМЗ» АҚ жұмысы кезінде пайдалануға жарамсыз болып қалған және ерекше өңдеуді қажет ететін ғимараттар мен құрылыстарды бөлшектеу мен көмуден басталды.
– 2019 жылдың желтоқсанында Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты базасында салынған АЭЖХА-ның ТБУ Банкіне төмен байытылған уранның соңғы партиясы жеткізілді. Бұл жобадағы Қазатомөнеркәсіптің рөлі қандай? АЭЖХА ТБУ Банкінің Қазақстан Республикасы мен компанияға қандай пайдасы бар?
– Төмен байытылған уран банкі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен АЭЖХА арасындағы 2015 жылғы келісімге сәйкес құрылды. 2017 жылы ТБУ Банкінің ашылуына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев пен АЭЖХА бас директоры Ю.Амано қатысты. ТБУ Банкінің құрылуы халықаралық қауымдастықтың Елбасымыздың ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастамаларын мойындауы мен елімізге деген сенімінің белгісі.
Банкте сақталатын төмен байытылған уран еліміздің оңтүстік өңірлерінде өндірілетін уран тотығына қарағанда жоғары бөліс нәтижесіндегі өнім саналады. 45 жылдан астам тарихы бар ҮМЗ әртүрлі қайта бөлістің радиоактивті материалдарын, оның ішінде төмен байытылған уранды сақтау тәжірибесіне ие. ТБУБ қоймасында физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең жақсы стандарттары енгізілген, оны АЭЖХА-ның инспекциясы растады. Материалды қабылдау кезінде ҮМЗ мамандары халықаралық және қазақстандық стандарттарға сәйкес барлық қажетті өлшемдерді жүргізді. Сондай-ақ радиациялық фон бақылауға алынды, ол ТБУ Банкінің шекарасында өзгермеген және материалды жүктегеннен кейін табиғи фон деңгейінде қалды. АЭЖХА мамандары материалды орналастыру процесінің барлық барысын қадағалап отырды.
ТБУ Банкі үшін жеткізушілерді таңдау процесі тек коммерциялық негізде жүргізілді, барлық халықаралық жеткізушілер арасында ашық тендер өткізілді. Қазатомөнеркәсіп ең тиімді ұсыныстардың бірін ұсынып, 2019 жылдың желтоқсан айында сәтті аяқталған ТБУ Банкіне жеткізілімдердің жартысына жуығын жүзеге асыру құқығына ие болды.
– Сұхбат соңында компанияның ядролық отын циклінің барлық тізбегі бойынша қызметін дамыту жоспарлары жайлы не айтасыз?
– Өздеріңізге мәлім, өндірілген табиғи уран тікелей электр қуатын өндіретін отын ретінде пайдалануға жатпайды. Оны кеннен ажыратып алып, ядролық отынға айналдыру үшін өңдеудің бірнеше кезеңінен өтуі керек. Бұл кезеңдердің жиынтығы ядролық отын циклы деп аталады.
Ядролық отын цикліндегі өзінің техникалық мүмкіндіктерін одан әрі дамыту бойынша жұмыс шеңберінде Қазатомөнеркәсіп 2020 жылдың басында канадалық Cameco компаниясынан уранды қайта өңдеу мен конверсиялаудың бірегей технологиясын алды. Бұл компанияға «ҮМЗ» АҚ базасында жылына 6000 тонна қуатқа ие аффинаждау зауытының құрылысы жобасын бастауға мүмкіндік береді. Әлемдегі ең озық саналатын бұл технология сұйық радиоактивті қалдықтардың тасталуын болдырмау және табиғи уранды қайта өңдеу кезінде қауіпті химиялық заттарды тұтынуды төмендету есебінен Қазақстанда қолданылатын жоғары экологиялық стандарттарға сәйкес болуымен ерекшеленеді.
Қолымыз жеткен бірегей конверсиялау технологиясының көмегімен Қазатомөнеркәсіп болашақта қолайлы нарықтық конъюнктура басталған кезде уранды конверсиялау бойынша өз қуаттарын құра алады.
Өскеменде қытайлық АЭС-терге арналған, байытылған уранға шаққанда, қуаты жылына 200 тонна болатын отын қондырғыларын шығаратын зауыт құрылысы жалғасуда. Аталған жобаға Франциядан, Германиядан және Қытайдан жабдықтар өндірушілер тартылғандықтан бүкіл жаһанды жаулаған пандемия салдарынан зауытты іске қосу мерзіміне өзгерістер енгізуге тура келіп отыр.
2020 жылдың басында компания «Уранды байыту орталығы» АҚ-ның 50% үлесін (минус 1 акция) осы бірлескен кәсіпорындағы серіктесі – «Росатом» мемлекеттік корпорациясына сатты. Осы мәмілені жүзеге асыру Қазатомөнеркәсіпке 100 млн АҚШ доллары көлемінде кіріс алуға және «УБО» АҚ-қа елеулі қосымша қаражат құюдың алдын алуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге Қазатомөнеркәсіп бұрынғы шарттармен уран байыту қызметтеріне қолжетімділік құқығын сақтап қалды. Бастапқыда «УБО» АҚ құрудағы мақсаттың өзі сол болатын.
Сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп сирек металдар – тантал мен бериллий маркетингін дамытуға байланысты жұмыстарға көп көңіл бөле бастағанын атап өткім келеді. Сирек металдар мен олардың қоспалары бірегей физика-химиялық кешендік қасиеттерге ие болғандықтан аспап жасау, машина жасау, металлургия, атом энергетикасы және медицинада кеңінен қолданылады.
Қызметіміздің тиімділігін арттыру үшін цифрландыру жобаларын белсенді түрде өндіріске енгізіп жатырмыз. Бұл бізге деректерді талдау арқасында тау-кен дайындық жұмыстарын тиімді әрі нақты жоспарлауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өндіріс процестерін және қаржы-шаруашылық қызметін автоматтандыруға ерекше көңіл бөлeміз.
Сұхбатымызды түйіндей келе, уран қорлары – Қазатомөнеркәсіпке сеніп тапсырылған елiміздің ұзақ мерзімді активі екенін атап өткім келеді. Біз бұл активті қазақстандықтардың қазіргі және болашақ ұрпақтарының игілігі үшін лайықты басқаруға қызмет етудеміз.
– Ғалымжан Олжаұлы, мазмұнды әңгімеңіз бен бізге бөлген уақытыңыз үшін рахмет.
Әңгімелескен
Думан АНАШ,
«Egemen Qazaqstan»