Республика даңғылында орналасқан, қазіргі әскери музейге айналып кеткен көк күмбезді әсем ғимарат ол кезде Президенттік мәдениет орталығы деп аталатын. Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде жаңа елорданың әдеби-мәдени ортасын қалыптастыруда осы үйдің көп ықпалы болды. Оны басқарған мемлекет қайраткері, атақты ғалым Мырзатай Жолдасбеков апта аралатып түрлі кештер өткізуді үрдіске айналдырғаны есімізде.
Біз елордалық зиялы қауым өкілдерінің көпшілігін ең алғаш осы орталықтан көрдік. Мұнда мемлекеттік дәрежедегі ірі жиындардан бастап ақын-жазушылардың, ғалымдардың, әншілер мен жыршылардың кештері, суретшілердің көрмелері ұйымдастырылатын. Бірақ, бір қызығы, сол кештердің көбінде қаламгерлер қауымының қаймағы бұзылмай, бір қатарға кеп жайғасар еді. Алдымен кеш иесінің ерекшелігін бір айтып өтіп, соңынан елдік мүддеге ауысатын, сөйтіп құлағыңның құрышын қандыратын телегей теңіз әңгімелердің соңы елорданы көркейтуге келіп тіреліп жататын. Мәдениет орталығының сахнасына көтерілген шешеннің арасында осалы жоқ-тын. Оларды тыңдап отыратын көрермендердің де рухани әлемге деген қызығушылығы мен сұранысы басым түсіп жататын. Солайша қаламгер мен оқырманның арасында онлайн емес, «жанды байланыс» орнағанына талай рет куә болғанбыз.
Әбіш Кекілбайұлы, Ақселеу Сейдімбек, Фариза Оңғарсын, Рымғали Нұрғали, Кәкімбек Салықов, Төлен Әбдік, Әлібек Асқар, Қойшығара Салғара, Дүкенбай Досжан, Нұрғожа Ораз... Бұл тізімді тағы да жалғай беруге болады. Бір өкініштісі, алғашқылардың қатарында елордаға қоныс аударып, осында шығармашылықтарын шыңдаған, әдеби-мәдени орталардың негізін қалаған, соңдарынан ерген ізбасарларына қамқорлық көрсеткен аға буын қаламгерлердің көпшілігі қазір арамызда жоқ. Аяулы бейнелері сағынышқа айналып, алыстап кетті. Олар енді сахнаға шығып елдік мұрат, ұлттық мүдде, отаншылдық туралы ойларын ортаға салмайды, «ел ордасын мәдени астанаға айналдыру керек» деп ақыл айтпайды, ешкімнің шығармашылығын талқыламайды, өлең оқымайды. Өлең демекші, бірде нағыз қара сөздің қаймағын қалқыған шешен Ақселеу Сейдімбек өлең оқыды. Талай жерде, талайлардың өзінің болсын, өзгенің болсын өлеңін оқығанын көріп жүрміз ғой, бірақ сол кісінің дәл сол жолы сахнада: «Әлі талай көктемдерге қонғым бар. Әлі талай келеді әнді тыңдағым. Неге маған сонша қатал болдыңдар. Жылдарым», деп тіп-тік қалпында мұңайып тұрған бейнесі, қоңыр даусы көкейімізде қалды.
* * *
Елорда жайлы осы уақытқа дейін жазылған шығармаларды жинақтаса, кем дегенде бес том болатын шығар. Оның ішінде өлең-жырлардың үлес салмағы көбірек екеніне бәс тігеміз. Ақынжанды халықпыз ғой, қара сөзден гөрі өлең сөзді ішіміз қалап тұрады. Жыл сайын елорданың құрметіне арнайы ұйымдастырылып келген мүшәйраларда да өлеңдердің салмағы басым түсіп жатты. Жалпы, білуімше, астанаға өлең арнамаған ақын кемде-кем. Бір өлеңмен шектелгендері бар, сондай-ақ поэма, баллада, өлеңдер циклін арнаған ақындар да бар. Олар солайша ел ордасының көркем әдебиеттегі образын қалыптастырды. Өз басымыз жаңа астананы жырлауда ерекше көзге түскен ақындар деп Кәкімбек Салықов пен Несіпбек Айтұлын атар едік.
Ақмола маңын, осындағы тарихи тұлғаларды, көзі тірі атақты адамдарды, жаңа астананы жырлауда, меніңше, марқұм Кәкімбек ақынның алдына ешкім шыққан жоқ сияқты. Ол тіпті қалада жаңадан бой көтерген «Қазақ елі» монументіне, Бейбітшілік пен келісім сарайына, «Әзірет сұлтан» мешітіне, «Хан шатырға», «Мәңгілік ел» қақпасына, «Астана опера» сарайына, Ақордаға жеке-жеке жыр арнап, оларды елдің жеті кереметіне теңегені есімізде. Сондай-ақ оның көзі тірісінде тек қана Астана туралы өлеңдері топтастырылған «Астана – елдің ажары» атты кітабы да жарық көрді. Сол кітаптағы бір өлеңінде ақын астананы Азияның ару қызына теңейді.
«Ай қабақ, жайма шуақ
жүзі қандай.
Ақ гүлдей сүйгің келер
үзіп алмай.
Астана – Азияның
жас қаласы,
Ажарын көрген адам
қызығардай»,
– деп басталатын өлең жолдарында «Есілдің жағалауын жарқыратқан, Аққудың ұясындай әсем қала», «Бой жазған Сарыарқаның самалында. Астана – Азияның ару қызы» дейтін сәтті теңеулер баршылық. Негізі Кәкімбек ақынның жаңа астана жайлы жырларын оқитын болсаңыз, қалай болғанда да олардың шын тебіреністен туған өлеңдер екенін түсінер едіңіз.
Ақын Несіпбек Айтұлының елордаға тікелей қатысты үш поэмасы бар. Олар – «Ақмола шайқасы», «Жер – жаннан қымбат» және «Бәйтерек» поэмалары. Соның ішінде көпшілік жаңа астананың дәулеті мен сәулетін кескіндеген «Бәйтерек» поэмасынан көбірек хабардар. «Бәйтерек» ақынның жырлауында тек астананың емес, тәуелсіздігіміздің символы. Жаңа астанамен жаңа дәуірге қадам басқан қазақ елінің еркіндігін, тәуелсіздігін, осы жолда тер төккен тұлғаларды айшықтаған поэманың тілі шұрайлы, мазмұны терең. Бұл тек шаттық жыры емес, ақынның ел ертеңіне деген алаң көңілін де тануға болатындай. «Тіршілік түзегенде көркін жаңа. Сұрапыл соқпаса екен толқын жара. Армысың, азаттықтың Астанасы – Талпынған арманына еркін қала!», деп жырлаған ақын оқырмандарын «Туыңдай қанат керген желді күнгі, Танытты кең әлемге теңдігіңді. Тұрғанда Бәйтерегің көкке шырқап, Ұстай біл асқақтатып Елдігіңді», деген жолдармен жігерлендіреді.
Жалпы, біздің мақсатымыз – бұл поэманы талдау емес. Тек елорданы жырға қосуда ақындардың кемдігі болмағанын айту. Соның ішінде жарқырай көзге түскен қос ақын жайлы аз болса да жазба арнауды жөн санадық.