Тәуелсіздік жылдарына дейінгі қазақ прозасында қала мәдениетінің фрагменттері бар болғанымен, бүкіл болмысымен, сана-сезімімен, түйсігімен қалаға байланған кейіпкер жоқтың қасы. Қалалық кейіпкерлердің көбеюі соңғы отыз жылдың үлесінде десек, онша қателесе қоймаймыз. Әйтсе де қала мен кейіпкердің тұтастануы, қаланы тірі ағза деңгейінде әспеттеу, өшпестей естеліктер, терең әсерлер негізінен отырықшы халықтардың әдебиетіне тән.
«Ыстанбұл. Естеліктер қаласын» оқып шыққан соң бірден ойымызға «қала адамы» тіркесі орнықты. Жалғыздықты тым ерте сезіну, оқшаулану һәм материалдық дүниемен байланысты мол естеліктер қала адамының ерекшелігі сияқты.
Нобель сыйлығының иегері, жазушы Орхан Памуктың шығармасындағы Ыстанбұл бейнесі мен бас кейіпкер (автордың өзі) бір-бірімен ажырамастай болып тұтасқан. Шығармада поэтиканың басымдығы, бейнелеп айтқанда, жазушының қаланы өз жүрегіне көшіріп алуы «Ыстанбұл. Естеліктер қаласының» мазмұнын арттырып тұрғандай.
Ыстанбұл адамзат мәдениетінде айрықша ізі бар ірі қалалардың бірі. Ежелгі Византия мәдениетінің куәгері – Константинопольды, яғни Ыстанбұлды жаулап алған Осман империясы оған түрік рухын сіңірген. Қазіргі Ыстанбұлды ұстап тұрған да сол рух. Кітаптың «Мұң» дейтін тарауында сол рухтың әлсірегені, ыстанбұлдықтардың мұңға бейімдігі баяндалады. Ыстанбұлдың соңғы жүз жылдықта терең мұңға батқанын исламдық таныммен түсіндіре алмайтынын мойындаған жазушы заманауи түрік музыкасында, әдебиетінде мұңның терең тамыр жайып, сәтсіздіктер мен оқшауланудың, терең қайғының синонимінің өмір жайлы негізгі түсінікке айналғанын айтады. Мұң дегеніміз – орта статистикалық ыстанбұлдықтың жан дүниесінің негізгі көрсеткіші. Мұң басқан көшелер, мұңмен қапталған ғимараттар, мұң ішкен адамдар – міне, бұл Ыстанбұл. Ыстанбұлдықтар бір кезде ең ірі империялар есептескен, маңайындағы ұсақ халықтарды мысы басқан Осман империясының келмеске кеткенін, яғни дүр империяны жоғалтудың өкінішін осы мұң арқылы бейнелейтін сияқты. Олар сол империядан қалған, аяқасты болған жәдігерлерді көріп жан дүниелері астан-кестен болады, Ыстанбұлдың бір кездегі ертегідей байлығын саналарынан өшіре алмай, материалдық игіліктің адам өміріндегі орасан рөлін мойындап, мұңға батады. Бір қызығы, олар сол игіліктердің рухты көтеріп тұратынын да жақсы біледі.
Памук Ыстанбұлының түсі ақ пен қарадан, сол екі ортадағы реңктерден ғана тұратын сияқты. Жазушы осы екі түстің ыстанбұлдықтардың сана-сезіміне сонша орныққанына таңғалады. Жазушының байқауынша, қалалықтар өздеріне назар аудартпайтын киімдер киіп жүреді. Олар сол үшін ақ не қара, болмаса сұр түстерді таңдайды. Ғимараттардың көбі екібастан сұр. Жазушы санасында шегеленген бұл екі түс негізінен кедейліктің символы. Оның бала кезіндегі Ыстанбұл (1955-1960 жылдар) кедейлігін қалай жасырарын білмей, табиғатқа қарап алаңдайды. Бала кейіпкер қар жауғанын жанымен жақсы көреді. Неге десеңіз, аппақ қар Ыстанбұлдың жоқшылығын жасырады. Аппақ қар өз мұңымен оқшау қалған адамдарды қоғамға біріктіреді. Олар тым құрығанда қар тазалау үшін бірігеді. Сондай-ақ бала кейіпкер Ыстанбұлдың жұпынылығын жасырып тұратын қою түндерді де жақсы көреді. Оның санасына осылайша ақ пен қара түстердің мекеніне айналған Ыстанбұл қоныс тебеді.
Жалпы, жазушы санасында орныққан Ыстанбұл жұпыны болғанымен, оның өзі дәулетті отбасыдан шыққанын әр тарауда қайталап отырады. Осман империясынан қалған, жартылай күйреген ғимараттар мұңға батырса, өз аталарынан қалған әрбір мұра сағынышқа бөлейді. Ол Нишанташы ауданындағы Памук әулетінің үлкен үйіндегі әрбір затты жатқа біледі. Тіпті сарғайған ескі суреттердегі туыстарының жүзіне дейін оның ойынан шыққан емес. Атасы мен әжесі, әке-шешесі, әкесінің бауырлары, қарындастары, ағалары, өзінің туған ағасы, нағашы әжесі, бәрі-бәрі сол кездегі, яғни мұның бала кезіндегі бейнелерімен жүрегіне мәңгі орныққан. «Суреттерге үңіліп қараған сайын өткен өмірдің, тіпті әрбір сәттердің маңыздылығын түсінемін. Адамдардың уақыт ағынынан «суырылып» алынып, жақтаудың ішіне орналастырылған бейнелері тегін емес. Кейде мен адамдардың өміріндегі ең маңызды сәттер ғана фотоға айналатынына сенгім келеді. Олар сол маңызды сәттерді бастан өткізу үшін дүниеге келген сияқты», дейді жазушы. Олардың «маңызды сәттері» Ыстанбұлдан бөлек, оқшау бір әлем емес. Олар Ыстанбұлмен біте қайнасқан адамдар. Олардың маңдайына дәл сол Ыстанбұлда, дәулетті отбасында өмір сүру жазылған. Олар әлдебір кедей-кепшіктердің арасынан емес, жоғары таптан шыққанын мақтаныш етеді, бала Орханның жүрегіне де асқақ қалыптарымен орнайды. Олардың асқақтықтары материалдық игіліктерінің молдығында, сондай-ақ рухани жағынан да ештеңеге тәуелсіздігінде. Жалбарыну, жалыну оларға жат. Мұның дәулетті отбасы ғана емес, сол кездегі түрік қоғамындағы жаңашылдықтың жақтаушылары дінді кертартпалықтың белгісі ретінде қабылдағаны анық. Сол үшін бала Орхан «Құдай – кедейлерге көмектесетін әлдекім» деп ойлайды. Үй күтушісі Эсма ханыммен байланысты оқиғалар бала санасында терең із қалдырады. Сол кездерде «Кедейлер ғана Құдайға жалбарынады, намаз оқиды, өздеріне қажетті нәрселерді сұрайды» – деген түсінікте болады. Ал дәулетті, ақсүйек адамдар Ыстанбұлдың аспанын қара бұлттай жаулап алған қорқыныш, жеңіліс, мұң мен кедейлікке қарсы шығатын, қоғамды алға сүйрейтін негізгі күш.
Ыстанбұлда оның мұң басқан болмысына қарама-қарсы бір әлем – Босфор бұғазы. Жазушының пайымынша, қала содан күш алатын сияқты. Ол қалаға ғана емес, адамдарға да өмірлік энергия сыйлайды. Босфор – ерлік пен жеңістің, қуаныш пен салтанаттың символы. Босфор – Ыстанбұлдың жаны. «Өмір деген тым қораш нәрсе емес, өйткені Босфорда серуендеуге мүмкіндік бар» – деп түйіндейді ол.
«Ыстанбұл. Естеліктер қаласы» – жазушы мен үлкен қаланың арасындағы нәзік байланысты суреттейтін шығарма. Оның жүрегіндегі естеліктердің басым көпшілігі, тіпті түгелге жуығы Ыстанбұлмен байланысты. Памук қала тарихын, қала жайлы жазған қаламгерлерді, әрбір маңызды нысандарды да қаламына іліктіріп, Ыстанбұлдың бейнесін жасап шыққан. Дүниенің кез келген түкпіріндегі оқырман қызығатын әлдебір аңсарлы бейнені.