Батыс Қазақстан облысының ең шалғай екі өңірі – Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарын Орал қаласымен жалғайтын асфальт жол жоқ. Баспасөзде талай мәрте қозғалған бұл мәселені 2018 жылы мамыр айында Ақжайық өңіріне келген Елбасы қозғап, «2021 жылдың соңына дейін жол салынып, пайдалануға берілуі тиіс» деген нақты тапсырма берген болатын.
Ес білгелі салынып келеді
Одан бері екі жылдан аса уақыт өтті. Қазталовтан әрі қарай салынуы тиіс 300 шақырымдай жол құрылысы әлі басталған жоқ деуге болады. Жыл он екі ай жол азабын тартып жүрген жергілікті халық уағдалы уақытта тегіс жолдың тұсаукесері болмай ма деп уайымдап отыр.
Чапаевтан Қазталовқа дейін 213 шақырым жол салынып бітуге таяу. Биылға қажетті 2,4 млрд теңге қаржы толық бөлінген, жыл соңына дейін аяқталады. Бұл жолдың құрылысын бірнеше жылдан бері «Юнисерв» ЖШС жүргізіп келеді. Бұл аралықта мәселе жоқ, жол құрылысы баяу болса да тұрақты жүзеге асуда.
Мәселенің бәрі Қазталовтан әрі қарай асқанда басталады. Елді мекені аз, құлан жортпас құла дүздегі бұл жол Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандарына тартады. Орал қаласынан 600 шақырымға дейін созылатын бұл аралықтың «жыры» күз бен көктемде ғана емес, жаздың жаңбырлы күндері де бір бітпейді.
– Маусым айының соңғы күндері іссапармен Жәнібек ауданына барып едік, қайтарда жаңбыр жауып, далада қала жаздадық. Әсіресе Қазталовқа дейінгі жолда митыңдап, көлігіміз қайта-қайта жолдың екі жиегіне лақтырып, ит-азапқа түстік. Жолдың жағдайын айтуға ауыз бармайды. Жәнібектен түс қайта сағат 4-те шығып, Оралға түнгі 3-те жеттік. Жолдың екі жағын үлкен жыра қылып қазып тастаған, егер жазатайым жолдың жиегіне тайғанап түсіп кететін болса, не болары қорқынышты. Біз ғана емес, жолда батпан балшықтан дөңгелегі айналмай, моторы қызып, дөңгелегінің желі жіберіп, шарасыз шоңқиып тұрған машина көп, – дейді біздің әріптесіміз, «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов.
Бұл – Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандары тұрғындарының күнде көріп жүрген құқайы.
– Жәнібектің жолы – мен ес білгелі салынып бітпей келе жатқан жол. Оқушы күнімізде жарысқа барамыз деп шығып, үлгермей қалатын кездер болушы еді. Сонда үлкендер: «Бұл да бір күні бітеді», дейтін... «2021 жыл» деген нақты мерзім Елбасы келген соң айтыла бастады. Бізде бәрі жоғарыдан тапсырма күтіп тұратыны жаман-ақ. Қанша жылдан бері салынбаған осы жолға қарап Батыс Қазақстан облысының басшыларына әлгі қос ауданның халқының қажеті шамалы болғаны ғой деп ойлайсың, – дейді Жайнагүл Хамидолла.
Жұмыс баяу, көңіл қаяу...
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы 15 мамырда Орал қаласына жұмыс сапарымен келгенде облыстың оңтүстік аудандарына қатысты жол мәселесін көтерді.
– Бөкейордаға біз жол салуымыз керек. Мен Үкіметке тапсырма бердім, қаражат шығарып, екі жолақты, жақсы жол салынуы керек. Біз Бөкей Ордасына туристерді апарғымыз келеді. Жол болмаса қалай апарамыз? Сондықтан осы мәселені қолға алып, бірге шешеміз, – деген еді Елбасы.
Осы тапсырмадан кейін сол кездегі өңір басшысы Алтай Көлгінов жауапты мамандарымен бірге астанаға арнайы барып, Премьер-Министрдің сол кездегі бірінші орынбасары Асқар Маминнің қабылдауында болды. Мәселеге жан бітті, сең қозғалды. 2019 жылы жол құрылысының жобалық-құжаттамалық сметасы жасақталды. 138 шақырымдық «Қазталов–Жәнібек–РФ шекарасы» және 103 шақырымдық «Өнеге–Бисен–Сайқын» бағытындағы жол құрылысының жобасын «Аис Проект» және «Қостанайдорпроект» ЖШС сызып шықты. Батысқазақстандықтар үшін «ғасыр жолы» сынды бұл құрылыстың құны 52 млрд теңгеге бағаланды.
Осылайша, негізгі құрылыс жұмысы 2020 жылы қызу басталып кетуі тиіс болатын. Өйткені 300 шақырымға жуық жолды екі жыл ішінде салып бітіру оңай емес. Орал қаласынан, өндірісті орталықтан шалғай, жол-көлік құрылымы дамымаған өңірде жолға қажетті құрылыс материалдарын жеткізудің өзі үлкен күш әрі шығын. Әрине мұның бәрі жобалау құжаттарында есептелген. Тек айтылған мерзімде жол құрылысы аяқталуы үшін жеделдік керек. Ал әлі күнге дейін Қазталовтан әрі қарай нақты іс басталмағанын ескерсек, «мына қарқынмен 2021 жылы Орданың жолы бітпейді-ау» деген халықтың күмәні орынды секілді.
Басты себеп – қаржы...
Жәнібек пен Бөкей Ордаға баратын жол құны 52 млрд теңгеге бағаланды дедік. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының директоры Еркебұлан Жұмановтың айтуынша, сол қаржының 2,4 млрд теңгесі былтыр игерілген. Ал биыл небәрі 4,8 млрд теңге бөлініпті. Мұның тең жартысын Қазталов ауылына дейінгі жол құрылысын тәмамдау үшін «Юнисерв» компаниясы алған. Ал қалған 2,4 млрд теңге Бөкей Ордасы мен Жәнібек бағытындағы 300 шақырымдай жол үшін өте аз.
– Біз биыл жұмысты барынша ширатып, барлық жолдың кемінде 35-40 пайызын жасап тастасақ, келер жылдың соңына дейін қалған бөлігін бітіруге толық сенімді болар едік. Алайда биыл бөлінетін қаржы көлемін көбейту туралы ұсынысымыз Ұлттық экономика министрлігінен қолдау таппай отыр. Келер жылы қаржының қалған қомақты бөлігі түгел бөлінген күнде де жұмыс ауқымы өте үлкен болғандықтан, жыл соңына дейін жол құрылысы бітпей қалуы әбден мүмкін, – дейді Еркебұлан Бақытжанұлы.
Жол құрылысының баяу жүруі қаржы тапшылығынан екенін «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов те айтады. «Биыл Қаржы министрлiгiнен 20 млрд теңге сұраған едiк, берілген жоқ» деп мәлімдеді ол әлеуметтік желіде оқырман сауалына.
Айта кетейік, Қазталовтан Жәнібекке, одан әрі Бөкей Ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылына дейінгі жол құрылысы 4 бөлікке бөлініп, 4 мердігерге берілген. Бұл мердігерлер жұмысын жандандыруға асығар емес. Олардың уәжі – биылға берілген қаржы мен жұмыс көлемі өте аз, оны жыл соңына дейін орындап тастау түк емес. Ал «ҚазАвтоЖол» мекемесі Үкіметтен биыл бөлуді сұраған 20 млрд теңге қаржы берілген жағдайда игерілмей қала ма деп алаңдайды.
Биылғы мамыр айының соңында «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Талғат Смағұлов Бөкей Ордасына арнайы келіп, жол құрылысына жауапты мекемелердің жұмысын ширату үшін бір ай мерзім беріп кеткен болатын. Бірақ биылғы карантин, әрі мардымсыз бөлінген қаржы жұмысты ширатуға мүмкіндік бермей тұр.
Айтпақшы, Батыс Қазақстандағы жол құрылысына көбірек қаржы бөлу мәселесін «Egemen Qazaqstan» бұдан бұрын да көтерген болатын. Өйткені Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті жолдардың 28,7 пайызы ғана жақсы және қанағаттанарлық күйде. Сондықтан елімізде 2018 жылдан бастап енгізілген облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарға қатысты жобаларды қаржыландырудың 50/50 қағидасы бюджеті шағын, дотациялық өңір саналатын облыс үшін көтере алмайтын салмақ болып тұр. Өңір басшылығы қалыптасқан ахуалды түзеп алуы үшін республикадан бөлінетін қаржының арасалмағын 80/20 көлемінде бөлуді ұсынған. Ол тілек те әзірге қолдау таппады.
...бөрі етектен
Елбасының арнайы тапсырмасынан кейін екі жылдан аса уақыт өтсе де Бөкей Ордасы мен Жәнібекке салынатын жолдың мәселесінде түйткілдің көптігі «жалпы осы жоба асығыс, шала-пұла жасалған жоқ па?» деген күмәнді ойға жетелейтіні рас. Мәселен, неліктен жол құрылысына қаралған қаржы әу баста екі жылға тең бөлінбеген? Бұл жерде тапсырыс беруші мекеменің, жергілікті атқарушы орындардың кінәсі, жайбасарлығы, оралымсыздығы байқалмай ма?
Бұлай деуімізге себеп те бар. Жоғарыда айтылғандай, жол құрылысына қажетті материалдарды жеткізу әжептәуір мәселе болған. Ақырында Ресей темір жолы арқылы Сайқын стансасына жеткізу жөнінде келісім жасалып, бұл мәселе шешілген еді. Өткенде бөкейордалық әріптестер Сайқын ауылындағы темір жол тұйығына түсірілген құрылыс материалдары – қиыршық тас пен құм ұрланып, талан-таражға түсіп жатқанын жазды. Мұның өзі ертеңгі жол сапасына әсер етуі мүмкін деген пікірге келіспеу қиын.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы биыл қаңтар-ақпан айларында жасаған тексеріс кезінде Қазталов–Жәнібек, Өнеге–Бисен-Сайқын–РФ жолдарының кей тұсында мердігерлер жол құрылыс материалдары сапасын бақыламайтыны, оның сынақ зертханасы мен ілеспе құжаттары (сертификаттар, сапа төлқұжаты, сынақ қаулысы, сынамаларды алу актісі және т.б) жоқ екенін ескерткен болатын. Осы орталықтың жол құрылысы инженері Нұрсұлтан Нұрмұхаметов аталған кемшіліктер жойылғанын айтады. Дегенмен жол құрылысын жүргізетін мердігерлер жолаушылар үшін айналма жол дайындап, үздіксіз қарым-қатынасты қамтамасыз етуі тиіс. Бұл мәселе де жолға қойылмаған.
«Бөкей Ордаға жол салынады» деген әңгіме басталысымен-ақ шығынды азайту мақсатында жергілікті құрылыс материалдарын пайдалану туралы мәселе көтерілді. Яғни Бөкей Ордасы ауданы аумағында жатқан Кіші Боғда – Жамантаудың тасты жынысын жол құрылысына пайдалану керек деген ұйғарым жасалды. Ұлттық сапа орталығы «Жамантаудан алынатын материал жолдың тек ең төменгі қабатына және айналма жолға төсеуге ғана жарамды» деген қорытынды шығарған. Соған қарамастан бүгінде «ATVS TECHNIC» ЖШС Жамантау кен орнын игеруге кірісіп кетті. Бірақ Жамантау жынысы, яғни қиыршық тасы өңдемей пайдалануға, бірден жолға төсеуге жарамсыз болып шықты. Ал бұл тасты електен өткізіп, біркелкі ететін сүзгі де, үлкен кесектерді уататын құрылғы да аталған мекемеде әзірге жоқ. «Ол қондырғы шетелден Ресей портына жеткізіліп, одан темір жол арқылы Жәнібек стансасына әкелінеді. Жамантау мен Сайқынның арасындағы 52 шақырымдық жолсыз жер де өнім құнына әсер етуі мүмкін», деді бізге «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының директоры Еркебұлан Жұманов.
Осы орайда Жамантау қонысы – белгілі күйші, биыл 200 жылдығы аталып өтіп жатқан Дәулеткерей Шығайұлының, ұлтымыздың тұңғыш этнограф ғалымдарының бірі Мұхамед-Салық Бабажановтың атажұрты екенін айта кетейік. Жақында ғана Жамантауға арнайы экспедициямен барып қайтқан археолог, тарих ғылымдарының кандидаты Мұрат Қалменов Жамантаудың тас-кесек жынысын жол құрылысына пайдалану арқылы табиғи-тарихи мүйіске орны толмайтын зиян келетінін айтып отыр. Оның үстіне 50 жылдан аса Капустин Яр зымыран полигонының аумағында болып, әскери сынақ алаңына айналған Жамантаудың жынысы радиация көзі болуы мүмкін деген де жорамал бар. Жалпы, Кіші Боғда тауының тағдырына арнайы тоқталуды ойлап отырмыз.
Міне, құрметті оқырман, Батыс Қазақстан облысының қиыр шетінде жатқан Бөкей Ордасы мен Жәнібек аудандарын «үлкен жермен» жалғайтын автожол құрылысы басталмай жатып түрлі кедергіге кездесіп жатыр. Құрылысы үш жылға жоспарланып, 2021 жылдың соңында пайдалануға берілуі тиіс болған жол уақытында біте ме? Және оның сапасы көңілдегідей бола ма? Міне, батысқазақстандықтарды алаңдатқан сауалдың бірі осындай.
Батыс Қазақстан облысы