Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы «Метірке – ата-тегіміз хатталған құжат» жобасы аясында Ішкі (Бөкей) орда аумағындағы мешіттердің 1871 жылғы метірке жазбаларын үш томдық кітап етіп дайындады. Әзірге сүйінші данасы шыққан бұл жинақ өлке тарихына тың дерек қосып, ата-тек, шежіре жүйесімен айналысушылар үшін де ерекше құнды жаңалық болды.
1801 жылы Бөкей сұлтан Нұралыханұлының бастауымен Кіші жүздегі қазақ руларының бір тобы Жайық өзенінің оң жағына өтіп, Еділге дейінгі аралықты кең жайлай бастаған еді. Әкімшілік жағынан Астрахань губерниясына қараған бұл өңірдің қазақ даласының өзге пұшпағына қарағанда ерекшелігі көп болды. Соның бірі – дін мәселесі. Мәселен, 1868 жылы шыққан Уақытша ереже бойынша қазақтар бүкілресейлік мұсылмандар діни басқармасы (Орынбор муфтияты) құрамынан шығарылса, Ішкі Ордада бұл ереже жүрмеді. Бөкейлік қазақтары мешітін ашып, медреселерінде балаларын оқытып, жыл сайын есебін орталыққа тапсырып отырды. Осының арқасында бүгінде Ресейдің Уфа мен Астрахань қалаларындағы архивтерінде Бөкей Ордасының метірке жазбалары сақталып қалған.
Метірке деген не?
Біз сөз етіп отырған метірке, метрическая книга дегеніміз – мешіттердің тіркеу дәптері. Яғни мешіт имамы өз ауылындағы мешітке қарасты жамағаттың туу деректерін, некелесу, ажырасу ісі және қайтыс болғандарды арнайы дәптерге тіркеп отырған.
Метірке журналы төрт бөлімнен тұрған. Бірінші – жаңа туған сәбилерді тіркеу бөлімі. Мұнда нәрестенің есімі мен жынысы, туған жері, туған күні мен айы, әке-шешесінің аты-жөні, руы мен тайпасы, бұл мәліметтерді тіркеген имамның аты-жөні жазылған.
Екінші бөлімде қайтыс болған адамдарды тіркеп, олардың аты-жөнін, жасын, дүниеден өткен уақытын, қандай аурудан қайтыс болғанын, жерленген жерін және тіркеген имамның аты-жөнін қағазға түсірген.
Үшінші бөлімде неке тіркелген. Мұнда жұбайлардың аты-жөні, руы мен тайпасы, мекенжайы жазылады, қыз бен күйеу тарапынан өкіл болған адамдардың аты-жөні, олардың күйеу мен қызға кім болып келетіні жазылған. Бұған қоса тағы екі адам қыз бен күйеудің өз разылығымен некелескеніне куә болып, қолын қойған немесе таңбасын салған. Осы некеде қыз жағына берілген қалыңмал мөлшері нақты көрсетіліп, неке құтпасын оқыған имамның деректері жазылған.
Метіркедегі тағы бір бөлім – талақ (ажырасу) мәліметтері. Мұнда да ажырасу себептері, неке бұзу шарттары, екі тараптың міндеті анық жазылады.
Үлкен істің бастауы
Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының «Метірке – ата-тегіміз хатталған құжат» жобасы 2018 жылы басталған екен. Сол жылы Ресей Федерациясындағы Башқұртстан Республикасының ұлттық архивінен орталық мамандары 10 мың беттей метіркелік журналдардың электронды көшірмесін әкелген екен. Соның ішінде біз сөз етіп отырған 1871 жылғы жазбалар Уфа архивінің 295-қор, 9-тізбек, №30 іс ретінде тіркелген, бас-аяғы 1340 беттен тұратын дүние. Бұл Бөкейліктегі Тарғын, Таловкі, Қамыс-Самар, Нарын қисымдары мен Теңіз округіндегі 80 старшындықтың құжаты. Яғни 80 мешіттің 80 молдасы өз ауылындағы туу, өлу, неке және ажырасу мәліметтерін 1871 жылдың басынан мұқият жазып, жыл соңында жоғарыға тапсырған.
– Бұл метірке мәліметтеріне назар аударсақ, 1871 жылы Бөкейлікте 2224 сәби дүниеге келгенін көреміз, оның 1212-ісі – ұл, 1012-сі – қыз бала болған. Бұл жылы 689 жұп некелесіп, 107 жұп ажырасқан. Жыл ішінде 715 адам қайтыс болған, оның 375-і – ер азаматтар, 340-ы – әйелдер. Жалпы метіркеде 10 347 адамның аты-жөні айтылады. Бұл мәліметтер түрлі бағыттағы талай ғылыми зерттеулерге негіз болады деп ойлаймыз. Мысалы, осы метірке жазбалары бойынша тек қайтыс болғандар жөнінде сараптама жасап көріп, қазаққа қарсы жасалған қастандықтың бұрын-соңды белгісіз болған дәлелдері анық көрінді, – дейді тарих және археология орталығының басшысы Жантас Сафуллин.
Тұлғалар төңірегіндегі ақтаңдақ
Араб жазуындағы метірке жазбаларын қазіргі әліпбиге қотарып шыққан тарих магистрі, «Бөкей Ордасы» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері Гүлмәру Самиғоллақызы осы бір жылғы деректердің өзінде талай-талай тың мәліметтер табылғанын айтады.
– Бөкей Ордасының тарихында ерекше орын алатын тұлғалар өте көп. Соның бірі – қазақтың тұңғыш этнограф ғалымдарының бірі Мұхамед-Салық Бабажанов. Бүгінге дейін тарих ғылымында Мұхамед-Салықтың қай жылы неше жасында қайтыс болғандығы туралы нақты дерек жоқ еді. Метірке кітабында оның саратан айының 22-сі күні іш ауруынан 37 жасында опат болғанын, Торғай көлінің темірқазық тарапында жерленгенін білдік. Бұған дейін ғалымның туған жылы 1832, 1833, 1834 жыл деген нұсқалар ұсынылып, нақты байлам жасалмаған. Енді міне, 1871 жылы 37 жасында қайтыс болғанын көріп отырмыз. Оның ажалы «атының үзеңгісіне у жағып, ол у етігі арқылы денеге тарағаннан болды» немесе «атының айылын бос тартып, аттан құлап мертікті» деп айтылатын, – дейді Гүлмәру Мырзағалиева.
Метіркеде Бөкей Ордасын Жәңгір ханнан кейін 1845-1854 жылдары басқарған Әділ Бөкейхановтың Сәлімгерей деген баласы 1871 жылы дәлудің екінші күні дүниеге келгені, әкесі – төре руы Нұралы хан тайпасы Ғаділ Бөкейханұлы екендігі, олардың бұл кезде Шоңай көлі жағын мекендегені жазылған.
Сондай-ақ белгілі күйші домбырашы Дәулеткерей Шығайұлының ұлы Азаматкерейдің баласы Сейіткерей 1871 жылы саратанның 25-і күні дүниеге келген екен. Туған жері Торғай көлінің шығыс тарапы дейді. Бұл – ел аузында «Дәулеткерей жерленді» делінетін Қарамола аймағы.
Тағы бір қызықты дерек – орыс географиялық қоғамының мүшесі Мұхамбет-Салық Бабажановтың ұлы Сахыпкерей 1871 жылы 18 жедіде дүниеге келген екен. Яғни әкесі өлген кезде іште қалған бала болып тұр. «Біз бұл деректі бұған дейін білмедік. Шамасы жас кезінде қайтыс болған шығар» дейді Гүлмәру.
Сондай-ақ Бөкей ханның бәйбішеден туған үлкен ұлы Тәукенің дәлудің 2-сінде 71 жасында іш ауруынан дүниеден өтіп, Шоңай көлінің шығыс тарапында жерленгені де метіркеде жазулы тұр. Бөкей Ордасын Жәңгірден кейін басқарған Әділ сұлтанның ұлы Хангерей де осы жылы 17 жасында көкірек ауруынан қайтыс болған екен. Бұлардың бәрі Бөкей Ордасы тарихында өзіндік орны, ізі бар тұлғалар.
– Біз бұған дейін Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мамандарымен бірлесіп бөкейліктің араб жазулы құлпытастарын зерттеген болатынбыз. Сол кезде мәлім болған деректер бүгінгі метірке ақпаратымен сәйкес түсіп, бірін-бірі толықтырып отыр. Мәселен, Мұхамед-Салық Бабажанов пен Дәулеткерей Шығаевтың тұрған Торғай, Сарбасты, Қарамола елді мекендеріндегі көне құлпытас мәтіндері мешіттердің тіркеу кітабындағы жазбалармен үндеседі, – дейді Гүлмәру Самиғоллақызы.
Ресейдегіден ұзақ өмір
– Мен жинақтағы медико-демографиялық мәліметтерге сүйене отырып, осы кітаптарда тіркелген адамдардың саулық сапасына – ғұмыр ұзақтығы мен өлім себептеріне талдау жүргіздім. Жұмыс барысында метірке кітаптарында ажалға себепші болған дерт не жазатайым оқиғаның санын есептеп шықтым, – дейді мамандығы дәрігер арапшы Нұрлан Сәдір.
Жазбаларда бөкейліктердің ажалы 1871 жылы 63 түрлі дерттен болғаны анықталған. Оның ішінде ең жиі кездесетіні – кезік, яғни іш сүзегі, құрт немесе көкірек (туберкулез), іш, шешек аурулары екен. Соның ішінде 220 адам кезіктен қайтқан. Кезік себебінен қайтыс болғандар ішінде кәрі де, жас та бар. Нұрлан Қуанышұлының айтуынша, қайтыс болған 132 адам – 5 жасқа дейінгі балалар екен. Метірке кітаптарында келтірілген мәліметтерге қарағанда, сол кездегі ерлердің орташа ғұмыр ұзақтығы – 41,6 жас, әйелдердің орташа ғұмыр ұзақтығы – 32,0 жас екендігі анықталған.
Кезік туралы жазған бір мақаласында қазақтың тұңғыш дәрігерлерінің бірі Халел Досмұхамедов «Сары кезіктен ауырған жүз кісіден он кісі өледі» деген екен. Осы есепке салсақ, 1871 жылы бөкейлікте 2200 адам кезік ауруымен ауырған болып шығады. «Бұл – қай заман үшін де тым үлкен трагедияға толы көрсеткіш. Бұдан шығатын тағы бір қорытынды – патшалық Ресей қол астындағы халыққа, соның ішінде қазақ халқының саулығына жеткілікті көңіл бөлмеген, әсіресе жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша пәрменді мемлекеттік саясат жүргізбеген» дейді сарапшы.
1871 жылғы мәліметке қарағанда бөкейлік ерлердің орташа ғұмыр ұзақтығы – 41,6 жас, әйелдердің орташа ғұмыр ұзақтығы – 32,0 жас болғандығын айтқан едік. Қазіргі заман тұрғысынан қарағанда бұл, әрине тым қысқа ғұмыр. Алайда Нұрлан Сәдір сол кезеңде патшалық Ресейдің қалаларында тұратын халықтың орта жасымен салыстырып, қызықты мәліметтер келтірді. Сөйтсек ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресей қалалары тұрғындарының орта жасы – 30-дың айналасы болған екен. Және өлім-жітімнің жиі себебі – алкоголизм, осы алкоголизмнен туындаған қанды қақтығыстар, суицид, жыныстық аурулар болыпты. Мәселен, 1896 жылы Санкт-Петербургте ерлердің орта жасы – 25, әйелдердің орта жасы 31, ал Мәскеуде тиісінше 23 пен 27 жас болған екен.
– Қазақ ауылындағы әр қазаның бесеуінің бірі, ал еуропалық Ресейдегі әр қазаның бесеуінің үшеуі – бес жасқа дейінгі бала екендігі қай қоғамның өміршең екендігінен хабар береді, – дейді Нұрлан Қуанышұлы. – Жыл ішінде Бөкей Ордасында бірде-бір суицид болмаған, жыныс ауруы саналатын мерез – бір рет қана тіркелген.
P.S. Әрине бұл метірке жазбалары ғалымдардың қолына тиіп, сан түрлі сараптама жасалған жоқ. Мысалы, қалыңмал мөлшеріне қарап сол кезеңдегі халықтың әл-ауқатын бағамдауға болады. Ал 1860 жылдардан бастап төңкеріске дейін жүйелі толтырылған бұл метірке құжаттарын Ресей архивтерінен түгел әкеліп, қазіргі әліпбиге аударып, тарихи айналымға қосса, қаншама ақтаңдақтың орны толар еді. Өкінішке қарай, үлкен еңбекпен жасалған дәл осы 1871 жылғы жазбалардың өзін толыққанды кітап етіп шығарып, ғалымдардың қолына тигізу қаржы тапшылығынан мүмкін болмай тұр екен. Жығылғанға жұдырық дегендей, жақында Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы таратылып, облыстық музей құрамына қосылып кетті. Орталықтың соңғы жылдары қолға алған жұмысынан хабардар ғалымдар да, қарапайым халық та «Метірке – ата-тегіміз хатталған құжат» жобасы тоқырап қалмаса екен деп алаңдап отыр.
Батыс Қазақстан облысы