• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 16 Шілде, 2020

Азияда үздік үштіктеміз

663 рет
көрсетілді

Дзюдодан Азия чемпионаты 1966 жылдан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Қазақстан бұл дүбірге тоқсаныншы жылдардың басында, яғни тәуел­сіздік алғаннан кейін қосылды. Сол себепті де біз бүгінгі мақаламызда 1993-2019 жылдар аралығында өткен жарыстарға тоқталып, әр елдің ерлер құра­масының сол кезеңде қол жеткізген жетістіктері мен отандық дзюдо­шыларымыздың бағындырған белестері жайында баяндауды құп көріп отырмыз.

Көш басында – корейлер мен жапондар

Аталған аралықта дзюдодан Азия чемпионатының жалауы 20 мәр­те желбіреді. Осы жарыстардың жал­пыкомандалық есебінде бас жүлде үшін тартыс көбіне-көп Жапония мен Оңтүстік Корея құрамалары арасында өрбиді. Иә, Сары құрлықтың сайыпқырандары жиналған додасының ерлер сайысында ең көп жүлдені жа­пондардың олжалаған рас. Олар 127 мәрте жеңіс тұғырына көтерілді. Корей­лер 119 рет үздіктер санатынан көрінді. Әрине оған таңдануға болмайды. Өйт­кені Жапония  – дзюдоның отаны. Осы күрес түрін ойлап тауып, оны өр­кендетіп жатқан да – солар. Ал егер тек алтын медальдардың санын есепке алсақ, онда корейлердің көші ілгері еке­­­нін аңғарамыз. Нақты деректерге сүйенсек, жоғарыда көрсетілген мерзім аралығында ұйымдастырылған Азия чемпионаттарында Оңтүстік Кореяның әнұраны 52 мәрте шырқалса, жапондар 48 рет дәл сондай құрметке бөленді. Яғни медальдардың сапасы жағынан корейлер озып тұр. 

Алып Азияның үздік үшінші командасы атану үшін тартыс Қазақстан мен Өзбекстан дзюдошылары арасында өтеді. Осы күнге дейін қос команда да 14 алтыннан олжалады. Ал жүлделердің жалпы саны жағынан көршілерімізге қарағанда біздің мысымыз басым. Отан­дастарымыздың қоржынында тағы 18 күміс пен 49 қола медаль бар. «Ала шапанды» ағайындарымыз 16 күміс пен 41 қоланы иемденді.

Дәл қазір «Дзюдо күресінен Азия құрлығының алдыңғы легіндеміз» деп қазақтар мен өзбектерге арқаны кең­ге салып, еш босаңсуға болмайды. Өйткені Моңғолия мен Иран құра­ма­лары өкшелеп келеді. Әзірге олар 12 алтыннан олжалады. Аталған мемлекеттерде дзюдоның даму жүйесі дұрыс жолға қойылып, қазіргі кезде ол керемет қарқынмен дамып келе жатқанын естен шығармаған жөн. Сондықтан да алдағы уақытта моңғолдар мен Пар­сылардың қоржыны әжеп­тәуір то­лығатыны анық.

Бір айта кетерлігі, 1966 жылы тұсауы кесілген Азия чемпионатының ерлер сайысында небәрі тоғыз мемлекеттің әнұраны шырқалған екен. Бастапқы кезеңде жапондардың тегеурініне шыдау мүмкін емес еді. Көп кешікпей корейлер қатты өсті. Тоқсаныншы жылдары қазақ пен өзбек, моңғол мен ирандықтар еңсе тіктеді. Ара-тұра Қытай (1996, 1999 жылдары), Солтүстік Корея (1999, 2007) және Тәжікстанның да (2016, 2017) татами шеберлерінің теңдессіз деп танылғаны есімізде. Олардың да өрендері қос алтынды иемденді. Ал Сары құрлықтағы өзге көптеген мемлекеттің балуандарына Азия чемпионатының алтын тұғырына көтерілу бақыты әзірге бұйырған жоқ. 

 

Қазақстандықтардың қарқыны қалай?

Қазақстан дзюдошыларының Азия чемпионаттарындағы табысы жайында біз жоғарыда қысқаша баяндадық. Енді кейбір қызықты деректерге тоқталайық. Алып құрлықтың апайтөстері бас қосқан байрақты бәсекеде 81 жүлде алу, әрине аз олжа емес. Жалпы 1993-2019 жылдар аралығында 20 мәрте жалауы желбірген жарыста барлығы 14 мәрте Әнұранымыз шырқалды. Кейбір додадаларда бас жүлде бұйырмағанымен, күміс пен қолаға қарық болдық.

Жерлестеріміз өзінің ең зор табысына 2004 жылы қол жеткізді. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен жарыста 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды еншілеп, жал­пы­­командалық есепте екінші орынға көте­рілдік. Әзірге ең үздік нәтижеміз – осы. Ал 1993, 1995 және 1997 жылдары үздік үштіктің қатарынан көріндік. 2011-2017 жылдар аралығында ұлттық құрамалар арасында командалық сайыстардың ұйымдастырылғаны ес­теріңізде шығар. Сол алты жарыстың бе­сеуінде Қазақ­станның дзюдошылары үшін­ші орынды иеленді.

Жекелеген балуандарға тоқталатын болсақ, отандастарымыздың арасынан Сергей Шәкімов (1995, 1996, 1997) пен Асхат Житкеев (2003, 2004, 2008) үш реттен Азия чемпионы атанды. Иван Каразелиди (1993), Базарбек Донбай (2004), Мұратбек Қыпшақбаев (2004), Максим Раков (2009), Сергей Лим (2012), Елдос Сметов (2016), Максим Раков (2017) және Ерлан Серікжанов (2019) сын­ды саңлақтардың да Сары құрлықтың теңдес­сізі атануға қарым-қабілеттері жетті.

Игорь Пешков (1993), Сергей Әлімжанов (1995), Ақат Әшіров (1996), Асхат Шаһаров (2000), Руслан Сейілханов (2000), Вячеслав Бердута (2000), Еркін Тұяқов (2001), Сағдат Садықов (2004), Елдос Ықсанғалиев (2004), Айдар Қабимоллаев (2005), Асхат Житкеев (2005), Ринат Ибрагимов (2008), Ислам Бозбаев (2011, 2017), Максим Раков (2015), Дидар Хамза (2016), Елдос Жұмаханов (2017, 2019) шешуші тұста ғана ұтылып, күміс медальды мойындарына ілді.

Ал Серік Әдіғанов (1993), Сергей Әлімжанов (1993), Сергей Шәкімов (1993), Ахат Әшіров (1995), Ержан Омарбаев (1996), Руслан Сейілханов (1996, 1997), Мұса Зайпуллаев (1997), Вячеслав Бердута (1997 – екі салмақта, 1999), Алексей Аляпин (1999), Елдос Ықсанғалиев (2000, 2001, 2003 – екі салмақта, 2004, 2005), Рауан Инатуллаев (2001), Дастан Пірімқұлов (2001), Ерлан Сләмбаев (2003), Саламат Отарбаев (2005, 2008), Базарбек Донбай (2007), Максим Раков (2007, 2016), Тимур Болат (2009, 2011), Ұлан Рысқұл (2009), Еркебұлан Қосаев (2011), Ержан Шынкеев (2011, 2013, 2015, 2016), Виктор Демьяненко (2012), Елдос Сметов (2013), Азамат Мұқанов (2013), Ислам Бозбаев (2013, 2019), Елдос Жұмаханов (2015, 2016), Әзиз Қалқаманұлы (2016), Жансай Смағұлов (2017) және Ғұсман Қырғызбаев (2019) қола медальды мо­йындарында жарқыратты. Сонымен қатар Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының командалық сайысында бес рет үшінші орынға табан тіреді.

Қазіргі кезде Қазақстанда дзюдоның даму барысы көңіл көншітерлік. Еліміздің бірқатар өңірінде күрестің бұл түрі қа­рыштап дамып келеді. Соның арқасында жасөспірімдер мен жастар буыны және ересектер арасындағы дүбірлі додаларда жерлестеріміз жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Олай болса, Айдын Смағұлов баптаған біздің балуандар алдағы жарыстарда да жанкүйерлерін жерге қаратпайды деп үміттенеміз.