Өңірдегі жер дауына қатысты төрелігін айтып, шешім шығарған Құнанбай қажы «Адам өседі, мал өседі. Жер өспейді» деген екен. Иә, адамы да, малы да көбейген Түркістан облысында жер, оның ішінде жайылым бүгінде әлеуметтік өзекті мәселенің біріне айналып отыр.
Облыста Созақ ауданында ғана төрт түлікке жайылым жетерлік екен. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтеріне қарағанда, Созақтан өзге аудандар төрт түлікті қажетті жайылыммен қамтамасыз ете алмай отыр. Әсіресе уақ малы көп Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш, Арыс, Түркістан, Төлеби, Бәйдібек, Сайрам аудандарында жайылым тапшы. Кей аудан малшылары жайылымның тапшылығынан малын қорада бағуға мәжбүр. Мысалы, Қазығұрт ауданы, Қызылсеңгір ауылының тұрғындары малын соңғы үш жылдан бері қамап бағады. Тұрғындардың айтуынша, ауылға кіреберістегі үлкен жолдың бойындағы жазық жер жекеге беріліп кеткен. Жайылымдық жерлердің жекеге өтуі бүгінде ауылдағылар үшін проблеманың үлкеніне айналып отыр. Тұрғындар «Жайылымдар туралы» заңда жекеге өткен жерді кері қайтарып ортақ пайдалануға мүмкіндіктер де қаралғанын айтып, жергілікті әкімдер осыған күш салуы керек деп есептейді.
Жиі көтерілетін жайылым мәселесінен Nur Otan партиясының жергілікті филиалы да жақсы хабардар. Мысалы, партияның аудандық филиалдары жанынан құрылған партиялық бақылау комиссиясы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер жайылымдық аумақтардың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жұмыстарын жүргізген. Жалпы жер көлемі 227504 гектар Түлкібас ауданында жайылымның аумағы – 57858 гектар. Мониторинг арқылы ауданда мал бағуға арналған жайылым тапшы екені анықталды. Төлеби ауданында да осындай жұмыс атқарылған. Ауданның жалпы жер көлемі 306380 гектар болса, оның 26056 гектары – жайылым. Зерделеу нәтижесінде ауданда мал басына қажетті жайылымдық жер көлемі тапшы екені анықталды. Жайылымдық жерді мақсатты әрі заңға сәйкес пайдалану, тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысуына жағдай жасау мәселелері партияның тұрақты бақылауында болмақ.
Сайрам ауданында да жер мәселесі өте өзекті. Аудан халқы тығыз орналасқан, жер көлемі аз. Былтыр жүргізілген түгендеу жұмыстарының нәтижесінде ауданның жер қоры бойынша жайылымдық жерлер 24549 гектар болған. Аудандағы мал басының статистикалық есебі бойынша ауданға 1777084 гектар, ал бар жайылымды шегергенде 1752535 гектар жайылым жер қажет. Мамандардың есептеуінше, аудандағы шартты мал басына шаққандағы жайылымға деген қажетілік – 2,1 млн гектар. Қазір жайылымдық жерлердің тапшылығына байланысты мал басы негізінен қолда, яғни қорада ұсталады.
Сондай-ақ аудандағы өз заманында жер дауы мен жесір дауын әділ шешіп отырған Қасымбек датқаның есімін иеленген ауылдың 700-ден астам тұрғыны көп жылдан бері жерлерін даулап келеді. Аудан әкімі, облыс басшылығы хабардар ауылдағы жер дауы заң шеңберінде, яғни сот арқылы шешімін табуы тиіс. Алайда ауыл тұрғындары өз құқықтарын қорғау үшін сотқа шағымдануға құлықсыз немесе шығыны мен машақаты көп іс санайды. Кезінде өздері келісім беріп, кейіннен сан соғып қалғандары да жоқ емес. Әзірге әкімдерге айтып әділдік іздеумен әуре. Бұл – Сайрам ауданында кемінде шамамен соңғы он жыл бойы көтеріліп келе жатқан мәселе. Жерге қатысты өзге елді мекен тұрғындарының да айтар арыз-шағымдары бар. Мысалы, Қарабұлақ ауылында 1042 тұрғын үй заңсыз салынған. Аталған тұрғын үйлерді заңдастыру мақсатында заңсыздыққа жол берген жер пайдаланушыларға шара қабылдау үшін облыстық жер инспекциясы басқармасына шағым жолданған. Бүгінде ауылшаруашылық мақсатындағы жерге заңсыз тұрғын үй салынған «Мир Алишер Навои» ӨК-ге шара қолдану мәселесі сотта қаралуда.
Қазір Сайрам ауданында 17625 азамат жеке тұрғын үй құрылысы үшін бөлінетін жер телімін алуға кезекте тұр. Олардың сұранысын қанағаттандыру үшін шамамен 3 мың гектарға жуық жер қажет. «Кезекте тұрған азаматтарға қажетті жер телімдері ауыл шаруашылығы айналымынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін ауыстырылса, бірқатар шаруа қожалықтары мен ауыл тұрғындары күнкөрісіне жарап отырған егіншілігінен ажырап қалады. Сондықтан жерге қатысты мәселелерді шешуге бағытталған кешенді бағдарлама дайындалуда. Бағдарламада ауыл билері, шаруа қожалықтары, өндірістік кооперативтер өкілдерін тарта отырып, елді мекеннің ерекшелігіне, сұранысына қарай нақты жағдайы зерделеніп, жерге қатысты түйткілді мәселелердің тиімді тетігін табу жолдары қаралады», деген болатын аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков есептік кездесуде. Қазіргі таңда кезекті қамту мақсатында елді мекендердің бас жоспарларына сәйкес ауылшаруашылық мақсатындағы жерлер шегі өзгертіліп, бірқатар ауылда егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары дайындалуда. Демографиялық өсімі жоғары, 210 мыңға жуық халық тұратын ауданда жерді тиімді пайлану – аса маңызды. Ауданда мал басы да көбейе түскен. Биыл ауыл шаруашылығы саласында 81,8 млрд теңгенің өнімін өндіру жоспарлануда. Жыл басынан бергі 5 айда 19,76 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 109,1% болыпты. Мал шаруашылығы саласындағы өсім өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,2%-ға жеткен. Ауданда 82 орта шағын мал бордақылау алаңы ашылып, 21 шағын отбасылық сүт фермасы іске қосылған. Жалпы, 997 мал бордақылау алаңында орташа есеппен 45 мың бас мал бордақылануда.
Тұрғындары еңбекқор ауданда бүгінде жер, оның ішінде жайылым өзекті әрі шешімі күрделі мәселе болып тұр. Бұл орайда аудан әкімдігі шаруа қожалықтарының да, малшылар мен жеке тұрғын үйге мұқтаждардың да мүддесін ескере отырып шешудің жолын қарастыруда.
Түркістан облысы