• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Руханият 17 Шілде, 2020

Тажалға қарсы тұрғандар

914 рет
көрсетілді

Атырауда қауіпті індетке шалдыққан науқастарды емдеуде жанын берген дәрігердің бірі – Жұмабек Дәулетов. Бала кезінен адам жанының арашасы болуды көздеп, Ақтөбедегі медицина институтына оқуға түсті. Алты жыл бойы жүрегі қалаған мамандығының қыр-сырына қанығып, еңбек жолын 1981 жылы Балықшы аудандық ауруханасында бастаған.

Медицина саласында 40 жыл­ға жуық еңбек етті. Әріп­тес­­­­терінің айтуынша, осы мер­зім­де арына да, ақ халатына да дақ түсірмеді. Үнемі ізденді. Ма­мандығына адалдығынан ай­нымады. Дертіне шипа іздеп келген науқастардың үлкенін туысындай, кішісін баласындай көрді. 1998 жылы №2 облыстық инфекциялық ауруханаға ауыс­ты.

– Жұмабек Бағытұлы бұл ауруханада алғашқыда реанимотолог, кейін өмірден өткенге дейін инфекционист болып еңбек етті. Аймаққа есімі кеңінен тараған дәрігердің уақытпен са­нас­қанын көрмедік. Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қа­рау­шы еді, – дейді №2 облыстық инфек­ция­лық аурухана директорының кеңесшісі Аслан Жеңісұлы.

Онымен әріптес бол­ған­дар­дың бәрі адами болмысы ерекше екенін алға тартады. Өйткені Жұмабек Дәулетов 40 жылға жуық дәрігерлік еңбек жолында оба, холера, сібір жарасы секілді вирусты індетпен ауырған жандарға емімен де, жылы сөзімен де шипа дарытты. Ауруханада жетіспейтін дәрігерлердің міндетін қоса атқарудан ешқашан тартынбады. Тіпті, талай рет қан қысымы көтеріліп отырса да, жұмыс орнын тастап кетпегенінен кәсібіне адалдықтың үлгісі байқалады.

– Ол дәрігерлік антына адал, ақ халаты секілді жүрегі мейі­рім­ге толы, пейілі кең, таза жан, жас буынға ақылын айтып, жөн сілтер тәлімгер болды. Ұдайы ақ халатымыздай ары­мыз да таза болуы керек дегенді айтып отыратын, – деп қимастықпен еске алады әріптестері.

Облыстық медициналық же­дел жәрдем стансасының фель­дшері Алмагүл Деме­сі­но­ва­ның жасы елуге де толмаған екен. Бірақ еңбексүйгіштігімен, ақкөңілдігімен әріптестерінің есінде қалды. Өйткені ол да қауіпті індетке қарсы күрестің алғы шебінде жүрді. Сөйтіп, өз өмірін құрбан етті.

Әріптестерінің пікіріне сүйен­сек, Алмагүл Демесінова 1991 жылы Гурьев медицина училищесіне «фельдшер» біліктілігі бойынша оқуға түсті. Училище қабырғасындағы ал­ғаш­қы күннен зерек­ті­гімен, тап­қырлығымен қатар­лас­та­ры­нан ерекшеленіпті. Оқуын бітірген соң бірден облыстық жедел жәрдем стансасына жұмысқа орналасқан.

– Алмагүл ешқашан тар­тын­шақтамайтын. Жұмыс десе жанып түсетін еді. Біз оны әрқашан мақтан тұтушы едік. Бәрі­міз де әйелміз ғой. Ал ол бәрімізден өзгеше болатын. Уақытпен санасуды білген жоқ. Кейде жедел жәрдемге баратын бригадада фельд­шер жетіспей жатады. Сондайда ауысымы аяқталғанына қарамастан, шақы­ртуға кете беретін. Жастарға өмірлік тәжірибесін үйретуден де жалыққан жоқ, – дейді облыстық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Гүлнафис Рахметова. – Оның атына пациенттерден ұдайы алғыс хат жиі келетін. Бұл да Алмагүлдің өз ісін абыроймен атқарғанына куә боларлық дерек. Наурыздан бері қауіпті індетке қарсы күрес бригадасында еңбек еткен еді.

Бір өкініштісі, тажалға қарсы тұрған ақ халатты жандар көп жылғы еңбегінің еленгенін көре алмады. Дегенмен Президент Жарлығымен Жұмабек Дәу­ле­тов «Құрмет», ал фельдшер Алмагүл Демесінова ІІІ дәре­желі «Барыс» орденімен марапатталды. Әрине, өмірден өткен соң...

 

АТЫРАУ