• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 21 Шілде, 2020

Талантты да тағылымды әулет

724 рет
көрсетілді

(Соңы. Басы 137-нөмірде)

Сонау 50-ші жылдары, театр­да істеп жүргенде бұл идеясын сол кездегі Қазақстан КП Орталық Комитетінің хатшы­сы І.Омаровқа айтады. Ал бұл жобаны жүзеге асыру сәті кейі­ні­рек, 60-шы жылдардың соңы­на қарай туғанда Құлахмет Қо­жықов қоюшы-суретші ретінде алғашқы жұмыстарына кірі­сіп кетеді.

Өкінішке қарай ол фильм­­ге дайындық барысында сце­­на­­­рий авторымен арада туын­­да­ған кейбір көзқарас қай­шы­лық­тарына байланысты бас­та­­­ған жұмысын орта жолдан тас­­­тап кетуге мәжбүр болады. Не­­­гізі, Құлахмет Қожықовтың бас­­ты идеясы Жібек пен Төле­ген­­нің ғашықтық оқиғасын сол замандағы қоғамдық-сая­си ты­ныс-тіршілікпен, ұлт бірлі­гі­не зардабын тигізіп жатқан руа­ра­лық тартыстармен тығыз бай­ланыста қарастыра отырып, хал­қымыздың тұрмыс салты мен дәстүрін, этнографиялық ерек­­шеліктерін көрнекі түрде ке­ңі­нен бейнелеу еді. Фильмді түсі­ру тобынан кетіп қалғанымен, ре­жиссер Сұлтанахмет Қожы­қов­­тың суреткерлік концеп­ция­сы мен шешіміне көп жағ­дайда ағасы Құлахметтің осы тұрғыдағы кеңестері мен жаса­ған иллюстрацияларының әсері болғаны даусыз. Құлахмет сурет­терінің өзегіндегі ой-пайымды, түйін-тұжырымды ол экран ті­лін­де сөйлетті. Бұдан кейін сцена­рийін өзі жазып, 1957 жылы «Қа­­зақ­тардың қолөнері» атты ғы­лы­ми-танымдық фильм түсіруі – Құлахметтің қазақ дәстүрі жа­й­­ын­дағы энциклопедиялық мол білімінің бұлжытпас дәлелі. Ал оның «Алдар көсе» фильміне жа­саған «Түркістан қақпасы» кино­кешені «Қазақфильмнің» бүкіл тарихындағы ең монументті декорация ретінде мойындалғаны мәлім.

Құлахмет Қоңырқожаұлы­ның қазақ ұлттық өнерін сақтау мен дамытудағы қолтаңба ізі әлі де сай­рап жатыр. Мәдениеттің үлкен жанашыры, белсенді жақ­таушысы өзі ұзақ жылдар бойы жинаған халық қолөнер шеберлері туындыларының негізінде 1970 жы­лы Алматыда Республикалық ұлт­тық қолданбалы өнер музейі­нің іргесін қалап, алғашқы ди­ректоры болды. Ол бұл музей­ге Қазақстанның қайта ті­ріл­ген өнерінің тарихи мекені ре­тінде қарады. Музейге қо­йыл­­ған экспонаттарды тарихи айғақ ре­тінде сақтау және оларды қол­дан­балы насихатқа пайдалану, жоғары дамыған эстетикалық тал­ғам үлгілерін қазіргі заманғы тұрмысқа енгізу мәселелеріне ерекше мән берді. Жай ғана кө­шіре салумен шұғылданатын қол­­өнершілердің орнын ғылыми тео­риямен қаруланған, арнайы дайындықтан өткен халық ше­бер­лерімен алмастыруды арман­дады. Қ.Қожықов үлкен сүйіс­пен­шілікпен жинастырған қа­зақ халық өнерінің баға жетпес ескерт­кіштер топтамасы елі­­­міз­дегі ірі музейдің бірі – Ә.Қас­­­­теев атындағы мемлекеттік өнер музейі қорына алынып, бү­­гінде осы рухани орданың бай­­лығы мен мақтанышына айна­лып отыр. Суретші туындылары аталмыш музеймен қатар, Мәс­кеудегі Шы­ғыс халықтары өнері музейі, Қы­зыл­орданың облыстық тарихи-өл­кетану мұра­­жайы қорларына алын­ған, отба­сылық және жеке кол­лекцияларда да сақталып ке­леді.

Қоңырқожаның тағы бір пер­зенті Нұрахмет Қожықов (1919–1993) – алғашқы суретші-мону­менталист, мүсіншілердің бірі. Түркістан, Қызылорда, Жам­был (қазіргі Тараз) және т.б. қала­лар­дағы безендіру жобалары мен монументті ескерткіштер авторы. Екінші дүниежүзілік соғы­сынан 1-топтағы мүгедек болып орал­ған ол басынан алған жа­ра­қа­тынан жиырма жылға жуық зардап ше­гіп, төсекке таңылып жатады. Әт­тең, халқымыздың талантты ұлда­рының бірі Нұрахмет осындай ауыр науқасының салдарынан бойындағы барын бере алмай кетті.

Өнерлі де өнегелі әулеттің кен­же ұлы Сұлтанахмет Қожықов (1923–1988) – қазақ кино өнерінің көрнекті өкілі, белгілі кинорежиссер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері (1972), Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты (1972).

С.Қожықов мектеп бітірген­нен кейін өз еркімен майданға атта­нып, И.Панфиловтың 8-гвар­дия­лық дивизиясы құрамын­да шайқаса­ды. Соғыстан аман-сау елге оралған соң әскери ма­­ман­дықты таңдап, артиллерия учи­лищесіне оқуға түседі. Алай­да оны әскери мансап аса тарт­пай­ды. Ағалары сияқты Сұл­тан да бала күнінен сурет салу­ға икем­ді болатын. Оның карика­ту­ра­лық суреттері «Известия» га­зе­ті, республикалық «Ара» жур­на­лы­ның беттерінде жарық көріп жү­реді. Алматы киностудиясында істейтін ағасы Құлахметтің ақыл-кеңесі бойынша, ол өз өмірін қа­зақ мәдениетіндегі жаңа жанр – кино өнеріне арнауды ұйғарады. Сөйтіп 1947 жылы Бүкілодақтық кинематография институтының режиссерлік факультетіне түсіп, белгілі режиссерлер Л.Кулешов пен А.Довженконың шеберханасында дәріс алады. Оны 1952 жылы ойдағыдай аяқтағаннан кейін Алматыдағы көркем және деректі фильмдер киностудия­сында еңбек етеді. Кинодағы алғаш­қы қадамын «Шабандоз қыз» фильмінің екінші режиссері боп бастайды. Бұдан соң жеке шы­ғармашылық жолына бет бұ­рып, қазақ кино өнерінен өзін­дік орын алған «Ана мен бала» (1953), «Біз Жетісуданбыз» (1958), «Егер біздің әрқайсымыз» (1961), «Шыңдағы шынар» (1965), «Қыз Жібек» (1970), «Біз­ді танып қойыңдар» (1985) кино­фильмдерін түсірді. Режиссер туындыларының ішіндегі шоқ­тығы биігі – отандық кинемато­графияның інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек» фильмі. Қа­зақтың тамаша лиро-эпостық жы­рының негізінде дүниеге кел­­ген, халқымыздың болмыс-біті­мін, салт-дәстүрін, тұрмыс ерек­шелігін көрсететін, ұлттық коло­риті қанық бұл фильмі арқылы талантты режиссер қазақ кино өнерін бұрын-соңды қол жетпеген үлкен бір белеске көтерді.

Режиссердің өмірінің соңғы кезеңінде түсірген қазақтың жауырыны жерге тимеген атақты палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов туралы фильмі дәстүрлі спорт түрін насихаттап, ұлтымыздың бойындағы тағы бір қасиетті ұлық­­тауымен құнды. Оның ке­лесі бір туындысы – Екінші дүниежүзілік соғысы қаһармандарының ерлігін дәріптейтін «Панфиловшылар» деректі фильмі. Отаны үшін жа­­нын пида еткен майдангер дос­тары туралы фильм түсіру Сұл­тан­ахметтің оқ пен от кешіп, қан­­ды қырғынның ортасында жүр­ген кезінде-ақ ойына келіп, өз өзіне серт берген екен. Ержүрек жа­уынгерлердің өшпес рухына бас июдің үлгісі іспетті фильм осылайша дүниеге келеді.

Алматыдағы №39 мектеп-лицейге режиссер есімі бе­ріл­ген және онда өмірі мен шы­ғармашылығына арналған мұра­­жайы жұмыс істейді. Туға­нына тоқсан жыл толуына орай «Сұлтан Қожықовтың соғыс пен бейбітшілігі» деректі фильмі (ре­жиссері Б. Нүсімбеков) түсірілді. Талантты режиссердің аты қазақ өнерінің тарихында мәңгі қалары сөзсіз.

Қожықовтар әулеті тура­лы сөз еткенде, Құлахмет Қоңыр­қожаұлының жұбайы Гүлжауһар Айыпқызы Шомбалова (1919–1958) жайлы айтпай кету әс­те мүмкін емес. Ол – кәсіби музыка­лық білім алған алғашқы қазақ қызы, тұңғыш пианист әрі музыкатанушы ғалым. 1930 жылдары Қазақстандағы алғашқы орта музыкалық оқу орны – Алматы музыка техникумы ашылғанда, Гүлжауһар осы білім ордасының табалдырығын аттады. Техникум қабырғасында білім алған тұңғыш әрі жалғыз қазақ қызы болды. Ол 1936 жылы, аталған оқу орнында 2-курста оқып жүргенде-ақ Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігіне қатысып, сол кездегі Кеңес Ода­ғы астанасында әйгілі сахна шеберлерімен бірге өнер көр­сету құрметіне ие болады. 1940 жылы, училищені үздік аяқ­тағаннан кейін, болашағынан үлкен үміт күттіретін талапты ма­ман өзі түлеп ұшқан білім оша­ғында оқытушылық жұмысқа қалдырылады, ал 1942–1945 жылдары Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында хор капелласының пианист-концертмейстері болып істейді.

1944 жылы Алматы консерва­ториясы (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) шаңырақ кө­тер­генде, Гүлжауһар осы жаңа жо­ғары музыкалық оқу орнының тарих-теория факультетіне түсе­ді. Оқи жүріп, консерватория қабырғасында міндетті форте­пиано класында сабақ береді. 1950 жылы консерваторияны ой­да­ғыдай аяқтап, жоғары білімді музыкатанушы маман болып шы­ғады. Жас ұстаз теориялық білімді кәсіби машықпен және педагогтік ізденістерімен шебер ұштастыра білді. Осы тұста Гүлжауһар ғы­лыми-зерттеушілік қабілет-қа­рымымен де таныла бастайды. Ол студенттік жыл­дарынан бастап ғылыми-зерт­теулер жүргізу және опера шы­ғар­маларына му­зыкалық-дра­малық сараптама ма­қалалар жа­зу­мен шұғылданған еді. Гүл­жау­­һардың опералық қойы­лым­­дар мен симфониялық оркес­­трдің концерттері, одақ­тас республикалардың түр­лі му­зыкалық ұжымдары мен орын­дау­шыларының гас­троль­дік са­пар­лары тәрізді, рес­пуб­ли­ка­мыз­дың мәдени өмірін­де болып жатқан шаралар жа­йын­да­ғы мақалалары, рецензиялары мен пікірлері мерзімді басылым беттерінде жиі жарияланып тұ­­рады. Г.Шомбалова Екінші дү­ниежүзілік со­ғысы жылдары қа­зақстандық жауынгерлерге дем беру, оларды жеңіске рухтан­дыру мақсатында түсірілген «Дом­быра үнімен» фильм-кон­­цер­тіне қатысады, бел­­­гілі тар­лан­дармен бірге Қиыр Шы­­ғыс­тағы жауынгерлер арасында өнер көрсетеді. Орындаушы-пиа­нист ретінде фортепианолық концерттер беріп, Қазақстанның музыкалық өміріндегі мәнді де маңызды оқиғалар мен құбы­лыстардың бел ортасында жү­реді. Белгілі композитор Е.Бру­силовский «Фортепианоға арнал­ған экспромт» атты туындысын Шомбалованың концерттік репертуарына арнап шығарған. Алматы консерваториясында бі­лім алып жүрген жылдары Г.Шом­­балова профессор П.Ара­вин­нің жетекшілігімен қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбаевтың музыкалық шы­ғар­­машылығын зерттеуге ден қо­йып, ақын-композитордың ән мұрасын дипломдық жұмысының тақырыбы етіп алады. Кейіннен бұл тақырып музыкатанушы ға­лым­ның басқа да еңбектерінде көрініс тапты. «Абай әндері» атты көлемді мақаласы 1957 жылы жа­рық көрген «Қазақ музыка мә­дениеті» атты топтама жинаққа енді. Идеялық және әдістемелік тың ойлармен толықтырылған бұл зерттеуі кейіннен кандидаттық диссертациясының бір тарауын құрайды.

Сол жылдары республикада әр салада ұлттық мамандар даярлау, ғылыми кадрлар қалыптастыру мәселесі кеңінен қолға алынғаны белгілі. Осы мақсатпен республика үкіметі болашағынан үлкен үміт күттіретін Гүлжауһарды білі­мін тереңдету үшін П.И.Чай­ковский атындағы Мәскеу консер­ваториясының аспирантурасына оқуға жібереді. Аспирантурады оқып жүргенінде ол Қазақстан музыкатану ғылымын дамытуға аса қажетті зерттеулер жүргізумен айналысып, «Совет дәуіріне дейінгі қазақ музыкасын нотаға түсіру және оны зерттеу тарихының очерктері» тақырыбында канди­даттық диссертация жазуды қолға алады. Ғалымның бұл жұмысы тақырыбы мен зерттеу нысаны, ғылыми түйін-тұжырымы тұр­ғысынан жаңашылдығы мол еңбек еді. Ол ХIХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында хатқа түс­кен қазақ музыкасының сол кезге дейінгі беймәлім құнды жазбаларын ғылыми айналымға енгізуге қатысты материалдарға аса бай болатын. Г.Шомбалова диссертациялық жұмысында сонымен қатар шығыстанушы ғалым Шоқан Уәлиханов пен ақын-ағартушы Абай Құнанбаевтың қазақ халқының рухани өміріндегі зор рөлін нақты дәлелдермен ашып көрсетеді. Сөйтіп 1958 жыл­ғы мамыр айында Мәскеу консер­ваториясының ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған Гүлжауһар, республикамыздағы алғашқы музыкатанушы ғалым қыздардың бірі ретінде, осы са­ла­­ның көшбасшысына айналады. Әлемдік және Кеңес музыка мектебінің үздік дәстүрлерін на­сихаттай және практикаға ен­гізе білген Гүлжауһар Айып­қы­­­зы бұдан кейін Алматы кон­­­сер­ваториясында «КСРО ха­лық­­­­тары музыкасының тарихы. Қазақтардың 1917 жылға де­йінгі музыка мәдениеті» курсы­нан дәріс оқып, мамандар тәр­биелеумен бірге, тарих-теория факультетінде ашылған фольклор және халық шығармашылығы кабинетінің меңгеруші қызметін атқарады. Оның осы жылдары жазған «Мұқан Төлебаевтың шығармашылық жолы», «Біржан – Сара» және «Абай» опералары туралы музыкалық-драмалық талдау негізіндегі зерттеулері – рес­публика музыкатану ғылымының дамуына сүбелі үлес болып қо­сылған ғылыми еңбектер. Алайда бергенінен берері көп талантты ғалым, шебер орындаушы-пиа­нистің өмірі қысқа болды. Ол дис­сертация қорғағаннан кейін көп ұзамай, 39 жасқа толар-толмаста ауыр науқастан дүние салады. Гүлжауһар жарқын да қысқа ғұмырында бай шығармашылық және ғылыми қызметі арқылы қазақ музыка ғылымы мен білімі саласына өлшеусіз үлес қосып, ұлттық музыка мәдениетінде айрық­ша із қалдырды.

Адам өмірі елі мен халқы үшін тындырған еңбегімен қо­са, артына лайықты, саналы ұр­пақ қалдыра білуімен мәнді де ма­ңызды. Қожықовтар әулетінің шы­­ғармашылық қабілеттен кенде болмаған үшінші буын өкілдерінің өмір жолы да үлгі-өнеге етуге тұрарлықтай. Нұрахметтің ұлы Арыстан (1940–2012) Ленинград киноинженерлер институтының дыбыс режиссерлерін дайындайтын факультетін бітіріп, өмірінің соңына дейін «Қазақфильмде» өз мамандығы бойынша жұ­мыс істеді. Қызы Жанна осы кино­­сту­дияда монтаж цехының ше­­бері болды. Құлахмет пен Гүл­­жау­һардан қалған тұяқ – қыз­­дары Сәуле мен Гүлнәр еді. Сәуле Құлахметқызының ма­ман­­дығы – педагог, Қазақ мем­ле­кеттік университеті филология факультетінің роман-герман бөлімін бітіргеннен кейін көп жылдар бойы жоғары оқу орындарында ағылшын тілі пәнінен сабақ берді. Сонымен қатар Сәуле – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ­тан шыққан тұңғыш импре­сарио. Халқымыз үшін тосын кәсіп – импресариолықты ол еліміз егемендікке қол жеткізген алғашқы күндерден бастап қолға алып, нарық заманының талабына бірден икемділік танытты. Қазақ өнерін шетелдерде насихаттау, мәдениет ұжымдарын экономикалық жағынан қолдау мақсатында жеке фирма ашып, Қазақ циркі, Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Ұйғыр музыкалық комедия театры, «Салтанат» мем­лекеттік би ансамблі, Мемле­кеттік қуыршақ және иллюзия театры сияқты жетекші өнер ұжымдарының Қытай Халық Респуб­ликасына ұзақ мерзімді коммерциялық гастрольдік сапарларын ұйымдастырды. Айта кетерлігі, бұл қиыншылық кезе­ңін­де аталмыш ұжымдардың ма­териалдық жағдайларын айтар­лықтай жақсартуға үлкен сеп бол­ды. Бүгінде бүтін бір әулеттің шы­рақшысына айналған Сәуле Құлахметқызы Қожықовтардың өмірі мен шығармашылығын көп­­шілікке танытуда бір өзі-ақ біршама іс тындырып жүр. Алма­тыдағы «Өжет» шағын ауда­нын­да және Қызылорда қала­сын­да бір көшенің «Ағайынды Қо­жықовтар» атымен аталуы, Қызылорда қаласының бір кө­шесіне Қоңырқожа Қожы­қовтың есімі берілуі, сондай-ақ Ләтипа Қо­жықованың туғанына 125 жыл толуына, Құлахмет Қожықовтың 100 жылдық мерейтойына орай екі пошта маркасының айналымға шығарылуы – Сәуле Қожықова еңбегінің нәтижесі. Оның ұсы­нысы және бастамасымен үлкен суреткерлер отбасы ретінде Қо­жы­қовтар қазақтардың рекордтар кітабы – КИНЕС-ке енгізілді. Әулетіне тән ізгілікті жолды абыроймен жалғастырып келе жатқан ол, Қожықтармен қатар саяси қуғын-сүргінге ұшыраған басқа да Алаш арыстарының есімін қайта тірілту, олардың өмірі мен қызметін насихаттау ісіне ұйт­қы болып, еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласуда. Қазір республикалық «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының атқарушы директоры, Қазақстан Суретшілер және Кинематографистер одақ­тарының мүшесі. Гүлнәр болса анасының ізін жалғастырып, өнер жолына түсті. Күләш Бай­­сейітова атындағы музыка мек­­тебін, Алматы консерватория­сын тәмамдаған талантты жас Қа­зақстандағы альтші орын­дау­­шы­лардың көшін бас­­тады. Қа­зақ радиосы мен теле­­ви­де­ние­сінің мемлекеттік каме­ра­лық оркестрі альтшілер то­бы­ның концертмейстері қыз­ме­тін атқарып, Алматы консер­ва­ториясында сабақ берді. 1980 жылы отбасы жағдайына бай­­ланысты Израильге, одан кейін 1983 жылы Кипрге қоныс ауда­рады. Кипрде симфония ор­кестрі альтшілер тобының кон­церт­мейстері, жасөспірімдер сим­фониялық оркестрінің альт кла­сының оқытушысы және «Panthea» ішекті аспаптар квар­тетінің белсенді мүшесі болады. Гүлнәр 2012 жылы дүние салды. Сұлтанахметтің үлкен ұлы Рүстем (1953–2012) Бүкілодақтық кинематография институтының сценарлық факультетін бітірген. Әкесімен бірге кең форматты 2 сериялы «Бізді біліп қойыңдар» көркем фильмі мен «Түркістан әскери округі» деректі фильмінің сценарийлерін жазған. Екінші ұлы Валерий (1957 ж.т.) – Мәскеу сәулет институтының түлегі. Алматы қаласындағы бірқатар құрылыс пен ғимарат жобасында оның сәулетшілік қолтаңбасы бар.

Еліміздің қоғамдық-саяси жә­не мәдени-рухани өмірінде қайта­ланбас із қалдырған Қожықовтар әулеті феноменінің құпиясы не­де? Бұл, алдымен, бәріне бір­дей табиғи талант дарытқан Жа­ра­тушының құдіреті болса, екін­ші­ден, халқымыздың ғасыр­лар­­дан тамыр тартатын ұлттық ру­­хани әлеуетінің тереңдігі мен мықтылығында, үшіншіден, ту­ма дарынның көзін ашуға ба­ғыт­талған отбасылық тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегенің жемісі және де, ең бастысы, бұл әулет мүшелерін өзара байланыстырушы күшті рух сабақтастығы мен жалғастығы екендігі анық.

Өкінішке қарай қазақ мәде­ниетіне төрт бірдей үлкен суреткер сыйлаған Қожықовтар әулеті жайлы қалың көпшілік егжей-тегжейлі біле бермейді. Атақты режиссер С. Қожықовтан басқасы әлі күнге дейін жұртшылыққа аса мәлім емес. Өйткені ең бір өкі­ніштісі, «халық жауының ба­ласы» деген өшпес ен-таңба олар­дың кеңес өкіметі тұсындағы тағ­дыры мен шығармашылығына салқынын тигізбей қалған жоқ, кезінде аса мойындала да қой­мауының түп себебі сол. Алайда өмір жолдарында кезіккен қи­лы кедергілерге қарамастан, олар бойындағы таланттарын хал­қы­ның игілігіне барынша жара­тып кетті. Өнерлі де өнегелі әулет­ті көпшілікке, әсіресе жас ұр­паққа кеңінен насихаттаудың тағы­лы­мы зор. Ол тек бүгінімен ғана емес, ертеңімен де өмір сү­ретін, мәңгілік ұлт болудың қамын ойлайтын өркениетті, өске­лең халық үшін аса қажет екені хақ.

 

Балжан ХАБДИНА,

журналист-баспагер

 

Алматы