Жалған дүние. Бабаларымыз жалт етіп өте шығар ғұмырдың өлшеулі екенін осы бір-ақ ауыз сөзге сыйғызып кетіпті. «Өмір деген бір жарқ еткен найзағай» дегенде ақиық ақын Мұқағали да фәнидің өткінші екенін меңзепті. Тағдырмен бетпе-бет келгенде осы сөздердің салмағын бұрынғыдан да терең сезіне түседі екенсің.
Сенімді серік
Күні кеше ғана арамызда жүрген жайсаң жан, абзал азамат, іскер әріптес Серікжан Ісләмұлы Бескемпіров туралы осылай естелік жазамын деп ойламап едім... Біз Серікжанмен бір бағыт, бір мақсатқа жұмылған, тілек-ниеті ортақ үзеңгілес, әріптес, жолдас болдық. Ол өмірлік жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, түрлі лауазымдық баспалдақтардан өтті. Облыс әкімінің орынбасарлығына дейін тәжірибені тірнектеп жинады, қиындыққа шыдай жүріп шыңдалды.
Елбасы Жетісу өңірінің бір кездері даңқы өрлеген қант қызылшасын, жүгерісін, алма бақтарын қайта жандандыруды тапсырып, алдымызға үлкен міндеттер жүктегенде, ол менің жанымнан табылды. Маған Елбасының осы артқан жауапты жұмыстарын жетік жүргізе алатын, абыроймен адал орындайтын сенімді көмекші қажет еді. Өзімнің мамандығым – құрылысшы. Сондықтан мен бұл істі мал мен егіннің жайын жақсы білетін, шаруашылықтың жағдайын түсінетін білгір де сенімді қолға тапсыруым керек болды. Сол кезде тәжірибелі маман ретінде Серікжан Ісләмұлына қолқа салып, ауыл шаруашылығы саласына жетекшілік ететін орынбасарым болуын ұсындым. Ол сол сәттен күні кешеге дейін сенімді серік, орнықты басшы, ұтқыр ұйымдастырушы бола білді.
Оның үстіне Алматы облысы – индустрияға бет бұрғанымен, бағзыдан бері ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аймақ. Мұндағы халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған. Бүгінгі күні республикадағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің 17 пайызын біздің өңір беріп отыр. Сондықтан облыстағы аграрлық саланың шаруасы шаш етектен, ал оған жетекшілік ететін адамның жүгі қашанда ауыр және ол жауапты жұмысты кез келген адам алып жүре алмайтын еді. Бұл ретте орынбасарлыққа Серікжан Бескемпіровтей мығым қол, мықты ұйымдастырушыны таңдауымның себебі сол болатын.
Әлі есімде, осыдан бес жыл бұрын күзде ондаған жылдан бері тұралап, тоқтап қалған Ақсу қант зауытына бардық. Жанымда Серікжан бар. Зауыттың ішіне кірсек, кептердің саңғырығынан аяқ алып жүргісіз, тіпті қалыңдығы екі елідей болыпты, құрал-жабдықтар тозығы жетіп тот басқан, бір кездері күнделікті жұмыс кестесі жазылған тақта көне жәдігердей қалқиып тұр. Алғаш көрген адам бұл зауыттың қайта іске қосылатынына бірден сене қоймас еді. Бірақ Серікжан Ақсу, Көксу қант зауыттарының аяғынан қайта тұрып, заман талабына сай жаңарып, жаңғыруына білікті жетекші ретінде бастан-аяқ атсалысты. Қазір бұл зауыттар мемлекет қолдауының арқасында өңірдің алдыңғы қатарлы кәсіпорындары сапына қосылып, елдің қантқа деген сұранысын өтеуге үлес қосуда.
Ұтқыр ұйымдастырушы
Серікжан Ісләмұлының жетекшілігімен қант қызылшасы, жүгері егу, алма бақтарын өсіру ісі алға басты. Ол алқаптардағы, қырман басындағы, шалғайдағы жайлау-қыстаудағы жағдайларды көзімен көріп, көптің ішінде жүрді. Себебі сонда ғана жұмысы жүрдек, ісі нәтижелі болатынын жақсы білетін. Шаруашылықтар үшін техникалар сатып алып, сервистік дайындау орталықтарын құрдық. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деп, арнайы «Алқап күні» шараларын өткізіп, егістік басында тәжірибе алмасулар жасалды. Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіруге кірістік.
Осыдан үш жыл бұрын Елбасының Жарлығымен жаңа аудан құрылып, Нарынқол өңірінің тамырына қан жүгірді. Жаңа аудан болған соң жол, құрылыс, әлеуметтік сала – барлығын түгелдей жаңадан бастау керек болды. Ұрыста тұрыс жоқ демекші, істі іркіліссіз бастап кеттік. Соның ішінде орынбасарым ретінде ауыл шаруашылығын жолға қоюдың тізгінін Серікжан Ісләмұлы қолына алды. Бұрын Нарынқолдың картоп өсірумен даңқы шыққаны белгілі. Сол істі қайта жаңғырту керек деп шештік. Райымбек ауданында картоп өсіруге арнап СДО-лар құрып, барлық қажетті техникаларды алып бердік. Элиталық жоғары сұрыпты тұқымдар сатып алып, шаруашылықтарды қамтамасыз еттік. Өткен жылы осы элиталық тұқымның өнімі әр гектарына 300 центнерден айналып, жақсы нәтиже берді. Биыл ауданда 3 мың гектарға картоп себілді. Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылды. Жұмыс іздеп сыртқа кеткен жастар туған жерлеріне оралды. Осы аз ғана уақыт аралығында сол өңірге шамамен 2 мыңдай адам қайтып келді.
Алматы облысының жері сулы, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін. Мұндай жер – мал өсіруге нағыз қолайлы жер, сондықтан көптеген шаруашылық атакәсіптен қол үзбей, мал шаруашылығымен айналысып келеді. Мал дегенде оның негізгі өнімі еті мен сүті ғой. Сол шикізаттың өзі сапалы болу үшін мал тұқымын асылдандыруға ден қойып, бордақылау алаңдары мен тауарлы сүт фермаларын құрдық. Мәселен, қазір облыс бойынша қуаттылығы 70 мыңға жуық бас, 105 мал бордақылау алаңы, қуаты 25 мыңға жуық бас болатын 80 ТСФ жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі оп-оңай құрыла салған жоқ. Шаруашылықтарға оның тиімділігін түсіндіріп, істі ұйымдастырып, жан-жақты қолдау көрсетіп, қыруар шаруа атқарудың нәтижесінде қол жеткізілді. Соның арқасында жетісулық шаруалардың қадамы ұзарды, құлашы жайылды, ісі оңалды.
Осы істердің бәрінің басы-қасында Серікжан Ісләмұлы жүрді. Алматы облысының аграрлық саласы соңғы жылдарда жаңа бір межеге көтерілсе, онда білікті ұйымдастырушы ретінде Серікжан Ісләмұлының да қолтаңбасы бар екенін айтуға тиіспін.
Абзал азамат
Әлемді әбігерге салған тосын індет елге тарала бастаған алғашқы кезеңде өңірдегі көктемгі дала жұмыстарын ақсатпай, өз ретімен тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етуде алғы шепте жүрді. Сырқаты сыр бергенше бел шешпей еңбек етті. Алайда Алланың ісіне шара жоқ екен, ақыры індет алып тынды...
Бірлесе жұмыс істеген жылдарда ол менен үйренді, мен одан үйрендім. Құрылыспен қатар ауыл шаруашылығын да бір кісідей ұғынып, ішкі бағыт-бағдарларына бойлап үлгерсем, ол да жанымда Серікжандай іскер азаматтардың қанаттаса жұмыс істегенінің жемісі болар.
Ол қандай істі қолға алса да, азаматқа жарасатын абыроймен атқара білді. Екі айтқызбайтын елгезек, тапсырылған істі тап-тұйнақтай ететін тындырымды, сыртқа сабырлы, байсалды көрінгенімен, іске келгенде тынымсыз әрі ширақ болатын. Дабырасыз, ұрансыз, үндемей жүріп үлкен істерді атқаратын абзал жан еді.
Қазақта «еңбекторы» дейтін жақсы ұғым бар. Істің ыстығына күйіп, суығына тоңған, қиындығын көтеріп, ауырлығын арқалаған азаматтарға қарата айтылатын бұл қадірлі сипаттама – Серікжан Бескемпіровтің де болмысын ашатын, табиғатын танытатын лайықты сөз.
«Жақсы болсаң, жарықты кім көрмейді» дейді хакім Абай. Жақсы адам айналасындағыларға көлеңкесін емес, сәулесін түсіреді. Серікжан да жанының жарығы мол, көңілі кіршіксіз, маңайына қамқор, азаматтығы ерек жан еді. Үлгілі әке, мейірімі мол отағасы болды. Ұрпағының қызық-қуанышына марқаятын, еңбегінің жемісін көретін жасқа енді жеткенде арамыздан мезгілсіз кетті. Бірге еңбек еткен, замандас болған, жақын араласқан, танып-білген жандардың көңіл төрінде, жүрек түкпірінде Серікжан Ісләмұлының жарқын бейнесі ұзақ сақталады. Ол басшылық еткен іргелі істердің жемісі мен жеңісін көрген сайын абзал азаматтың есімін еске алып отырарымыз хақ.
Амандық БАТАЛОВ,
Алматы облысының әкімі