Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен онлайн брифинг барысында Цифрландыру Басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев айтып берді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
2020 жылдың мамыр айынан бастап Алматы қаласының цифрландыру басқармасы Tele2/Altel, Beeline, Казақтелеком мобильді операторларымен бірлесіп пандемия кезінде қаланы талдау жүйесінің жобасын іске қосқан болатын. Жүйе көмегімен қала бойынша адамдар жиналатын орындар мен уақыт бақыланып отырды. Карта короновирустық инфекцияның (КВИ) таралуына қарсы іс-қимыл бойынша жедел шешімдер қабылдауға көмектесе отырып, Алматы қаласының Ведомствоаралық комиссиясының штабында жұмыс істейді.
Бұл жүйедегі мәліметтер 'near real time' режимі арқылы әр сағатта 500х500 метр геоалаңдарда жаңартылып отырады. Бұл адамдардың үй аймағындағы қозғалысын тіркеуге және ең көп жиналу орындарын анықтауға мүмкіндік бермек.
Үй аймағынан тыс немесе шығып кететін абоненттердің санын анықтау үшін, үй аймағынан 1 километрден астам қашықтыққа алып тастау критерийі қолданылады. Бұл ретте агрегатта қандай да бір дербес деректер жоқ. Деректерді ұялы байланыс операторлары иесін анықтамаған күйде, дербес деректерсіз секторлар бойынша статистика форматында ұсынады.
"Қала бойынша Бостандық, Алмалы және Медеу аудандарында адамдардың ең көп шоғырлануы, орын ауыстыруы байқалған. Ал күндізгі уақытта Наурызбай ауданы ең төмен белсенділікті көрсеткен. Ең көп белсенділік күндізгі уақытта жұмыс күндері 12:00-ден 15:00-ге дейін, жекелей алғанда, Арбат және "Көк базар", "Барахолка" базарларына іргелес аумақтар мен Розыбакиев-Райымбек, сонымен бірге, қалалық ауруханалар аумақтарында байқалады. Осы мәліметтер негізінде, ведомствоаралық комиссия неғұрлым белсенді аудандарда дезинфекцияны күшейтті. КВИ таралуына қарсы басқа шаралар қабылдануда", дейді Қоңырбаев.
Жүйе, сондай-ақ, 103, 1308, 1406 нөмірлеріне шалынған қоңырау жиілігін талдаумен айналысады. Қоңыраулардың ең көп саны - күніне екі мыңнан алты мыңға дейін 103 жедел жәрдем нөміріне түседі. Сонымен қатар, 103 қызметіне қоңыраудың жиілігі және 4-8 күннен кейін КВИ ауруы бойынша тіркелген жағдайлардың өсуі байқалады. Бұл КВИ-мен ауыратын науқастар үшін төсектердің бөлінуі мен таратылуын тиянақты жоспарлауға мүмкіндік береді.
Шілде айының ортасынан бастап соңғы талдауларға КВИ жұқтырудың белсенді ошақтары, бейнебақылау камералары арқылы көліктің кіру-шығу, қала маңындағы бағыттардағы жолаушылар ағыны бойынша "Алматы қаласының Көлік холдингінің" деректері қосылды. Жинақталған деректер өткен аптамен салыстырғанда геоаймақтағы белсенділіктің өсу/төмендеу пайызын анықтауға; заңдылықтарды көру және қабылданған карантиндік реттеу шараларын талдауға мүмкіндік береді.
Жоба әлі де даму үстінде. Тамыз айында Алматы облысы тұрғындарының қалаға көшу, келу санын анықтау, яғни қайдан, қандай көлемде, қала бойынша қозғалыс бағыттары және шоғырлану орындары бойынша ұялы байланыс операторларының деректеріне қосымша талдау жүргізу жүзеге асырылады. Уақыт өте келе басқа да мәліметтер интеграцияланады, ал жинақталған сараптау қаланың тәртібін жақсырақ түсінуге мүмкіндік беріп, пандемияны реттеуде қабылданған шаралардан сабақ алып, мәліметтер негізінде жаңа жүйелік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.