Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы, «Қазақстан спортының құрметті қайраткері», «КСРО спорт шебері» атағын елімізде тұңғыш алған қазақтардың бірі, күрестен Кеңес одағы құрама командасының сапына бірінші болып алынған қазақ, «КСРО-ның Құрметті спорт шебері» Жамбыл Тасеменов ағамыз биылғы тамызда мерейлі жас – 75-ке толып отыр.
«Егемен Қазақстанда» еңбек етіп жүрген алғашқы жылдарымның бірінде астанаға қызылордалық тілшіміз Серік Пірназар келе қалды. Секең жан-жақты журналист, спорт тақырыбын да қатты қаузап жүретін жан. Ол менің солтүстікқазақстандық екенімді білген бойында «Жамбыл Тасеменов ағамыз аман ба? Кезінде біздің мақтанышымыз болып, грек-рим күресінен КСРО құрама командасының қатарына енген жалғыз қазақ еді» деді.
Жәкеңді жақсы білетінмін, бірақ оның 50-жылдардың жасөспірімдері арасында танымал, намыстарды қайраған, жігерлерді жаныған сүйікті спортшы болғанын біле бермейді екенмін, шынымды айтсам, қуанып қалдым... Содан бері ол туралы жазу керектігін жадыма сақтап жүретін едім, міне, соның сәті түсіп отыр.
Жәкең қазір Қызылжардағы қонысында, үлкен отбасының отағасы болып отыр. Онымен әңгіме барысында өмірі мен спорттық жолынан біраз қызықты дүниелерді білдік. Облыстың Жамбыл ауданындағы ақын Б.Ізтөлин атындағы шағын қазақ ауылында туып, КСРО мен халықаралық талай дүбірлі додаға қатысып жүргенде оның бірнеше рет тән азабын да бастан кешкенін естідік.
Әкесі 1944 жылы қырғын соғыста жараланып, сол қолы жансызданып, ІІ топтағы мүгедек болып оралады. Бірақ сыңар қолды екенмін деп ол жұмыстан қалмайды, колхоздың қара жұмысына жегіліп жүре береді. Шөп маялағанда айырды сол қолының білегіне салып алып, бір шөмеленің жартысын биікке бір-ақ лақтыратын қайратты адам болыпты. Жамбылға дейін туған үш ұлы да қызылшадан шетінеген, ал соғыс аяқталған жылы туған кіші ұлы Жамбыл екі жасқа қарағанда құдай қосқан қосағы да аурудан ана дүниеге аттанып кеткен. Жас баласымен екеуі ғана қалған Серғазы ауылдағы күйеуі соғыста қаза болған әйелге үйленеді. Жүрегі жұмсақ адам бала Жамбылға туған анасынан кем қарамай, алақанына салып өсіреді.
Ата-анасының жалғызы болып өскен Жамбыл ерке, оның үстіне бұла күші бойына сыймай, алысып-жұлысып және алысқан балаларын бойының аласалығына қарамай, жеңбей қоймайтын қайсар әрі шымыр болып өсіп келе жатады. Алғашқы мұғалімі, соғыс мүгедегі Қапен Әбдірахманов білім беріп қана қоймай, балаларды спортқа да баулыған. Спорттық снарядтарды қолдан жасап, балалардың оларды білуіне жағдай туғызған. Онымен қоймай, қолының ісмерлігін де ынтасы бар балаларға үйретуден жалықпайды екен. Бала Жамбыл оның барлық өнерін үйреніп, биялай тоқуды, пима табандауды, тіпті іс машинамен тігуді де үйреніп алады. Соның бәрі Жәкеңнің кейінгі өмірінде қажет болып, пайдасын талай рет көрсетеді. Кеңес Одағында не қат болмады десеңізші? Соның ішінде балуандардың кілемге шығарда аяққа киетін былғары «борцовкасы» да керемет қат болған екен. Оның біреуіне қол жеткізсең мәзсің, бірақ күш көп түсетіндіктен былғарысы сөгіліп, жиі жыртылады. Сондайда Жәкең Қапен ағасынан үйренген ісмерлігін пайдаланып, жымпитып жамап ала қояды екен...
Бала Жамбылдың алғашқы тән жарасы балқұрақтай құлдыраңдап жүрген шағында болады. Хрущевтің тұсында жылқы деген асыл жануардың санын құртты емес пе? Сондықтан жұрт жүкті пар өгізбен таситын. Ал өгіз бір қисайса оңайлықпен тоқтамайтын, бас білмейтін жануар. Жылқы сияқты «тыр-р» десең тұра қалмайды...
Бірде, үлкен жүк арбаға жегілген пар өгізбен шөп әкеле жатқан әкесінің алдынан 5-6 жастағы Жамбыл жүгіріп шығады. Алдында құрбыларымен «ат ойнап», арқасында тізгіні салбыраған жүген жүрген екен. Әкесі өгізді тоқтатып баланы қолынан тартып алғалы жатқанда өгіз жүріп кетіп, жүгеннің салбыраған тізгіні алдыңғы дөңгелекке оралып, баланы астына бір-ақ тартып алады. Жанұшырған әке екі өгіздің ортасындағы жетекке қарғып мінген бойында өгіздің басынан шығып, арбаны тоқтатып үлгереді. Әйтпесе, артқы дөңгелек баланы тіпті езіп тастағандай екен...
Содан... ес-түссіз жатқан баланы ауылдың дәрігері тақтайға таңып тастайды. Тек үш күннен кейін ғана бала есін жинайды. Қай жері сынғаны да белгісіз, тек әйтеуір әлі сүйек болып қатпаған шеміршек өздігінен бітіп кетеді. Бала ыңқылдап, ауырсынып көп жүреді де артынан алысып-жұлысып, арбаның астында қалғанын да ұмытады. Дәрігер де спортпен айналыс, көп жүгір, секір деген соң сыныққа сылтау табылып, өзі де қолды-аяққа тұрмайтын бала жаз болса күресіп, доп ойнап, қыста шаңғы мен конькиден түспей, дене бітімі шымыр болып қалыптасады.
Жәкең өзінің омыртқасының қос қанаты қисық біткенін көп жылдардан соң институтта оқып жүріп, айнаға түскенде ғана бір-ақ біледі. Қисық біткен қанатты көрген дәрігер шошып кетіп, қалай жүресің, қалай дем аласың деп таң қалған екен...
Бастауышты ауылдан бітірген соң Жамбыл Тасеменов өзге құрбыларымен бірге сол төңіректегі атақты Баян мектебіне оқуға барады. Бұл өзі қазақ, татар, неміс, орыс тұрғындар аралас қоныстанған, бірақ бәрі де қазақша сайрап тұратын ерекше ауыл еді. Мектебі де атақты болды, оның талай түлектері алтын, күміс медальдар алып, Алматы, Мәскеудің жоғары оқу орындарына түсіп жататын. Жәкең де осы мектепті күміс медальға бітірген. Алысқа кетуге қартаң әке-шешесін қимай, 1962 жылы Петропавл пединститутының химия-биология факультетіне түседі.
Жәкең осы оқу орнына түскен сәттен бастап қана нағыз спортпен айналысуға мүмкіндік алады. Аумағы атшаптырым, қалың мат төселген күрес залын көргеннен-ақ делебесі қозып, күрескісі келіп кетеді. Бірге оқитын курстастары Игембеков Қуаныш пен Молдабаев Рашидті үгіттеп, үшеуі Виктор Вик деген еркін күрестің жаттықтырушысына барып, күреске жазылады. Осы жерде тұңғыш рет күрестің талай тәсілдерін үйренеді. Жамбылдың қара күші ғана емес денесінің де ебі балуандыққа икемді екенін бірден байқаған жаттықтырушы оның әдіс-тәсілдерді меңгеруін қатты қадағалап отырады. Сол жылдары, облыста қазақтың үлесі аз болғанымен спортта қадау-қадау жігіттер көзге түсіп жүретін. Соның бірі қазіргі Жәлел Қизатов атындағы ауылшаруашылығы техникумында жаттықтырушы болған Амангелді Хамитов деген жігіт екен. Бірде ол өзінің шәкірттерін пединституттың балуандарымен күрестіруге әкеледі. Сол жолдастық жарыста Жәкеңнің жаттықтырушысы В.Викке ол грек-рим күресінің еркін күреске қарағанда артықшылығын дәлелдеп, дәмелі шәкірттерін күрестің осы түріне ауыстыруға кеңес береді. Сөйтіп, Жамбыл Тасеменовтің грек-рим күресіндегі үлкен жолы ашылады.
Жәкеңнің осы күрестегі алғашқы үлкен табысы – Тың өлкесінің чемпионы болуы. Оған республиканың ғана емес, Ресейдің көршілес облыстарынан да балуандар қатысқан, Тасеменов солардың бәрін қақыратып жеңеді. Осыдан әрі ол облыстың, институттың атынан барлық жарыстарға қатыса бастайды. Алдымен республикалық «Ауыл жастарының ойындарына» қатысады. Бұл жарыста екі адамды жеңген соң үшінші, жартылай финалда Владимир Бакулинмен кездеседі. Ал Бакулин ол кезде Еуропа чемпионы болған, кейін Олимпиадаға КСРО құрама командасының сапында қатысып, күміс жүлдеге ие болған балуан. Жәкең одан ұпаймен ұтылады, бірақ «келесіде мұны бәрібір жеңемін» деп жаттықтырушысына уәде береді.
1964 жылы Жамбыл Тасеменовті әскерге әкетеді. Ол кездегі тәртіп бойынша институттан әскерге ала беретін. Жәкеңнің спортшы екені белгілі болған соң оны Түркістан әскери округының спорт ротасына жібереді. Осында жүріп Жәкең әскери округтың үш жыл бойғы, Өзбекстан мен Қырғызстан республикаларының 1966 және 1967 жылдардағы чемпионы болып, «КСРО спорт шебері» нормативін орындайды.
1967 жылы Мәскеуде КСРО Халықтарының 4-ші спартакиадасы болып, Ж.Тасеменов оған Қырғыз республикасы құрама командасының сапында қатысып, жүлдегер болады. Осы жарыста қазақстандық Бакулинмен де кездесіп, оны жеңеді. Спартакиаданың қорытындысы бойынша «Советский спорт» газетіне сұхбат берген КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Алексей Катулин Жамбыл туралы былай деген екен: «Отличился молодой борец из Киргизии. Он кандидат в мастера спорта СССР, выиграл поединки у двух заслуженных мастеров спорта и мастеров спорта международного класса, после чего был включен кандидатом в Олимпийскую сборную СССР».
Содан Жәкең құрама команданың сапына қабылданып, енді КСРО-ның курортты аймақтарында болатын дайындықтарға шақырылып жүреді. Бірақ әскери міндетінің мерзімі бітпегендіктен негізгі тұрағы әлі Қырғыз республикасының астанасындағы спорт ротада еді. 1967 жылы ол әскерден демалыс алып елге келгенде Қызылжардағы Ы.Ыбыраев атындағы бүкілодақтық турнирге қатысып, бірінші орын алады.
Әскери міндетін толық өтемек болып қайтадан Фрунзеге (қазіргі Бішкек) оралса, мұндағылар Жәкеңді өздеріне алып қалмақтың қамына кірісіп, үш бөлмелі пәтер ұсынады. Бірақ бұл ата-анасының мұнда келмейтінін айтып, олардың үгітінен зорға құтылып, әскери міндетін өтеген соң елге келеді.
Осынша жарыстарға қатысып жүріп Жәкең қабырғасын да сындырған, аяғының сіңірін де создырған, тізесі де ойнамалы болып қалған. Бірақ жаны сірі Жәкең көп болса 1-2 ай ғана емделіп, қатарға қосылып кете береді.
Петропавлдың пединституты Тасеменовті жылы қабақпен қарсы алмайды, ол кездегі В.Цатурян деген ректорға облыстың, оқу орнының намысын қорғайтын спортшылар бес тиынға керегі жоқ екен. Оқу орнына амалсыз қабылдағанымен Жамбылға стипендия да алмайсың, жатақхана да бермеймін деп кірпідей жиырылады. Басқа жердің бәрінде алақанға салынған КСРО құрама командасының белді мүшесі сөйтіп туған жерінде келімсектердің кесірінен ешкімге керегі болмай шығады. Бірақ Жәкең де оңай шағылатын жаңғақ емес, жаттықтырушысының көмегімен облспорт арқылы «Петропавлсельстрой» тресінің жатақханасынан бір бөлмені жеке өзіне алады.
Бұл кезде Жамбыл Тасеменов спорттық зар шағында болатын, жаттығуларын да жіті жалғастырып кетеді. 1968 жылы Омбы және Қарағанды қаласындағы, 1969 жылы Польшаның астанасы Варшавадағы халықаралық турнирлерге қатысып, жеңімпаз болады. Ташкентте болған командалар арасындағы КСРО біріншілігінде Қазақстан құрамасының сапында күресіп, өз салмақ категориясында барлық қарсыластарын жеңіп, командаға ең көп ұпай әперген балуан болады. Осыдан кейін Жәкең КСРО Кәсіподақтарының спартакиадасы мен «Ауыл спортшылары» ойындарының қола жүлдегері болады. Сонымен қатар Қазақстанның 1968, 1969 және 1970-жылдардағы чемпионаттарында «Қайрат» ерікті спорт қоғамының атынан күресіп, жеңімпаз болады.
Бұл кезде Жәкеңнің жасы 25-ке жетіп қалған, анасының үйлену керектігі туралы құлаққағысын ескерген ол пединститутты бітіргелі жатқан ақылына көркі сай Сара деген қызға сөз салады. «Жігітті жұрт мақтаған қыз жақтаған» емес пе, ақылды қыз да қарсы болмай, екі жастың арасында махаббат оты тұтанып, үйленуге бет алады. Бірақ тұратын үй жоқ. Ол кезде «Қайрат» ЕСҚ-ны Ахметжан Қазымбетов деген азамат басқаратын. Жәкең сол кісіге қайрылып, көмек беруін сұрайды. Екі сөзге келмеген Ахаң оны республикалық спорттың сол кездегі бастығы, атақты Кәркен Ахметовке алып барады. Бұл кісі де бірден жанашырлық көрсетіп, КСРО құрама командасының классикалық күрес бойынша бас бапкері А.Колесовқа хабарласып, сіздің командаңыздың мүшесіне үй керек болып жатыр, обкомның бірінші хатшысы В.Демиденкоға хат жіберуіңізді өтінемін дейді. Екеуі бірін-бірі жақсы танитын болса керек, ол кісі де сөз айтпай хат жібереді. Мәскеуден келген хаттың салмағы ол кезде жер қайыстырады, Жәкеңе үш ай толмай жатып, үш бөлмелі үйдің кілті тиеді.
1971 жылы Жамбыл Тасеменов үлкен спортпен қоштасып, осы саладағы екінші өмірін бастайды. Алдымен обком комсомолдың спорт бөлімін басқарып, облыстағы спорттың жандануына үлесін қосады. Сол жылдардағы Петропавлдың «Золотая шайба» командасының республикада бірінші орын алуында Жәкеңнің де үлесі бар. Осы жерде төрт жыл істеген соң облыстың кәсіптік білім беру басқармасы бастығының орынбасары қызметіне жіберіледі. Бұл жерде Ж.Тасеменов 18 жыл табан аудармастан отырып, басқарманың қысқарып, облыстық білім бөлімімен біріккенінше қызмет істеген.
Облыстық білім басқармасында Ж.Тасеменов білім беру жүйесіндегі дене тәрбиесі мен спортты дамыту басқармасының бастығы болып тағайындалады. Осы саладан Камиль Сафин, Федор Баумбах сияқты КСРО чемпиондарының шығуында Жәкеңнің де үлкен үлесі бар.
Еліміз өзінің тәуелсіздігін алған жылдары Елбасы Н.Назарбаев өмірдің бір саласына икемі жоғары, дарынды балаларға арналған арнаулы мектептер ашу жөніндегі бастама көтерген. Осы бастама Жәкеңнің көңіліне қона кетеді. Апырым-ай, бізде де арнаулы спорт мектебін ашса ғой, сол мектепті өзім қолға алсам ба екен деген ой басына келеді. Ол кезде облыстық оқу бөлімінің бастығы В.Крайнов деген жақсы азамат болатын, өзінің ойын соған айтса, жоғары қызметте отырып, азабы көп директорлық қызметке барып қайтесің деп бұл идеядан бас тартуға шақырады. Бірақ алған бетінен қайтпаған Жәкең орысша білім беретін №1 мектеп-интернатқа ақыры директор болып ауысады. Бұл кез елімізде экономикалық дағдарыс басталған 1994 жыл еді. Сондықтан барған беттен алға қойған мақсатты іске асыру қаржылық қиындықтарға ұшырап, интернатты спорт мектебіне айналдыру оңай болмайды. Бірақ Қазақстан ғана емес Ресейдің көрші облыстарындағы спорттық интернаттың тәжірибелерін зерттеп, 1997 жылы жалпы білім беретін интернатты ақыры спорттық мектеп-интернатқа айналдырады. Министрлікке барып, екінші күні ғана қабылдауға кіре алып, әйтеуір апарған ұсынысына қол қойғызып әкеледі. Оны сол кездегі облыс әкімі Владимир Гартманға енгізіп, оның да рұқсатын алады. Бірақ... арнайы қаржы бөлінбейді, тек келісім ғана бар. Жәкең өзінің жеке таныстығын, беделін салып жүріп, спорттық залдар, снарядтар дайындайды. Алдымен биология және еңбек кабинеттерін қосып, бір спортзал жасайды. Күрес залын дайындағандары тіпті қызық. Ұзындығы 21, көлденеңі 7 метрлік, биіктігі 4 метрдей қолданылмайтын үлкен шатыр бар екен, оған интернаттың ішіндегі 3-ші қабаттан ғана кіре аласың. Міне, осы шатырға алдымен есік тесіп, баспалдақ орнатып, одан кәсіпорын басшылары болып істейтін тамыр-таныстан қалдық материалдарды жинап, жылу енгізіп, төбесін шынылы мақтамен тығындап, әйтеуір тамаша зал тұрғызады. Осындай әдіспен бокс, гимнастика залдарын да өз күштерімен тұрғызып алады.
1997 жылы облыс әкімі В.Гартман өңірге жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты осында әкеледі. Әдетте, әкімдер Президент келгенде өзінің мақтаныш ете алатын нысанын ғана көрсететіні белгілі. Демек, сол жылдардағы облыстың бір мақтанышы осы интернат болған. «Біздің түлектеріміз Нұрсұлтан Әбішұлына күрес тәсілдерін көрсетті. Мен команда беріп тұрдым, жас балуандар «жамбас», «диірмен», «айналма», «кеудеден асыра лақтыру» сияқты тәсілдерді бірінен соң бірі әдемі жасап жатты. Бір кезде қарасам, Президенттің өзінің де делебесі қозып, кәстөмін Гартманға ұстатып қойып, қызыға қарап қалыпты. Ұстаса кетуге балалардың ұсақтығынан ғана іркіліп қалған сияқты. Мен оның өзі де балуан екенін білмей қалдым, егер білген болсам бір спорттық киімді артығымен ұстап, онымен «күресетін» спарринг-қарсыласты да дайындап қойған болар едім. Соған өкініп қалдым», дейді Жәкең. Президент 20 минутқа ғана кіретін бағдарламаның орнына интернатта бір сағаттай болып, директордан көп нәрсені сұрап, біршама әңгімелесіпті. Осының өзі үлкен абырой болып, облыс басшылығы артынан бұл интернатқа бөлінетін қаражатты ұлғайта түскен...
Сөйтіп, мектеп-интернатты тікелей өзінің бастамасымен ашу сәтінен бастап Жамбыл Тасеменовтің өміріндегі спортқа сіңірген екінші ерен еңбегі басталады. Ол осы жерде 2009 жылға дейін 12 жыл директор болғанда грек-рим күресінен, бокстан, армрестлингтен, конькимен жүгіруден, жеңіл атлетикадан және т.б. жасөспірімдер мен жастар арасында Қазақстанның чемпионы болған ұлдар мен қыздарды санап шығудың өзі ұзақ уақыт алар еді. Бірақ оның Қазақстан құрама командасының сапында күрестен өнер көрсетіп, жастар арасындағы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері болған А.Құдайбергенов, Азия чемпионатының күміс жүлдегері болған А.Баймағамбетов, Т.Елеуов сияқты түлектері барын айтпай кете алмадық. Мұның үстіне конькимен жүгіруден Азияның чемпионы болған Д.Бабенко, Н.Рыбакова, Р.Креч, велоспорттан әлем чемпионы болған А.Луценко деген шәкіртін қосыңыз. Осы спортшылардың бәрінің бағын ашып, Қазақстанның туын көтерткен Жамбыл Тасеменовтің шағын спорт интернаты. Жәкең түлектерінің бәрінің де жетістіктерімен мақтана алады, соның ішінде кикбоксингтен үлкендер арасында әлемнің екі дүркін чемпионы болған Әмір Тінәлинді, Самат Қыдыбековті, осы спорттан әлемнің күміс жүлдегері Мирас Бірімжановты, қазақша күрестен Еуропа чемпионы Мақсат Нүсіповті, армрестлингтен Азия чемпионы Илья Ильинді, әлемдік универсиаданың чемпионы Маргарита Мацконы (қазір Мұқышева), конькимен жүгіруден Азия чемпионы Дмитрий Бабенконы айрықша атап, аузынан тастамай жүреді. Егер Жамбыл Тасеменов үлкен күш салып, күндіз күлкіні, түнде ұйқыны жиып қойып, спорттық мектеп ашпаса, оның азабын арқаламаса бұлардың әлемдік аренаға шығуы, онда Қазақ елінің атын шығаруы екіталай еді.
Мектеп-интернаттың директорлығынан кейін Ж.Тасеменов өзінің бай тәжірибесі мен спорттық шеберлігін жас балаларға үйретіп, ұлттық спорт түрлерінен жаттықтырушы болып жүрді. Тек бертін, гаражының төбесін жөндеп жатқанда абайсызда құлап, аяғын сындырып, көп азап шекті. Алдымен Қызылжарда емделіп, одан Ресейдегі Қорғанның Илизаров институтына да барған. Ақыры Нұр-Сұлтанда Илизаров аппаратын үшінші рет салдырғанда ғана жарасы емделуге бет алған. Осы аппаратты салуға аяғын Петропавлда, Қорғанда және Нұр-Сұлтанда отыз жерден тескен... Сынған жері жазылғанымен бір аяғы екіншісінен 3 см қысқа болып бітеді. Соншама азап шеккен басқа адам болса барлық әңгімесін осының уайымын айтудан бастар еді, ал Жәкең болса: «Бразилияның атақты футболисі Гарринчаның бір аяғы екіншісінен бес см қысқа болған екен, ол сонымен әлем чемпионы болған ғой, біздікі оған қарағанда ойыншық» деп күледі...
Жәкеңнің Бауыржан, Жанбота деген екі ұлынан төрт немересі бар. Сара апайымыз да қазақ қыздары арасынан Петропавлда ірі қызметтер атқарған білікті жан. Жәкең 9 тамызда 75-ке келсе Сара жеңгеймен үйленгендеріне де осы айда 50 жыл толады. Қазір олар немерелерінің ортасында күліп-ойнап отырады. Біз оларға қарттықтың қызығын көре беріңіздер дейміз.
ПЕТРОПАВЛ