• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 04 Тамыз, 2020

Болашаққа қажет мамандықтар қандай болмақ?

2441 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім саласын реформалаудың негізгі басымдықтарын атап өтіп, жоғары оқу орындарын кезең-кезеңімен салаландыруға, мамандықтарды толықтырып, білім сапасын арттыруға жағдай жасау жөнінде тапсырма жүктеген болатын. Қазір осы тараптағы негізгі бағдар айқын, бөлінетін қаржы көлемі белгілі. Бүгінде жоғары оқу орындарына құжат тапсырып жатқан жас буын өкілдері үшін маңызды дүние – келешекте кәдеге жарайтын мамандықтарды анықтап алу болмақ.

Елімізде соңғы жылдары бі­лім беру саласында жүргізілген өзгерістер халықаралық талап­тарды ескере отырып, жара­тылыстану ғылымдары мен жаңа технологияларға, ағыл­шын тілін оқыту іспетті бағыт­тарға басымдық бергені мә­лім. Жалпы, білім берудің бар­шаға ортақ стандарттары, ха­лық­аралық ұйымдардың PISA секілді білім сапасын ортақ бағалау құралдары әлем­дік на­рыққа әмбебап маман даярлауға бағытталған. Осы орайда елі­мізде де, шет мемлекеттерде де еңбек етуге қабі­­летті маман болу қазіргі өрен­дердің негіз­гі қағидасына айна­лып келеді. Өйткені бізді қоршаған әлем үнемі өзгеріске толы. Сұра­ныс­қа ие болып қалу және өзіңізді кәдеге жарату үшін ең­бек нарығынан екі есе тезірек жүгіру керек. Бұл ретте қазірдің өзінде партадағы көршіңізге қара­ғанда өзекті білімді тез алу, әріптесіңізге қарағанда тәжі­ри­белік дағдыларды жылдам игеру, бәсекелесіңізге қара­ған­да жаңа технологиялық ше­шім­дерді жедел енгізу қажет. Өйткені айналаның бәрі осы жарыста озуға тырысады. Қа­зір жаһандық корпорациялар құрған ақылды адамдардың моти­вациясын оқысаңыз осы сипаттағы ортақ ойға тоқтайды. Иә, кез келген кәсіпте, әсіресе бизнесте басқалардың барлығы дағдыланып, баршаға болмаса да басым бөлігінің ой-санасына жетіп үлгергенше, жаңа үрдіс­тен жақсы табыс табуға болады. Бұл табысқа бастайтын жол – жаңа заманның ілімін, яғ­­ни сұранысын білу және оны орын­­дауға алдыңғылардың бірі бо­лып қол жеткізу болса керек.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде BTS Digital білім беру жобаларының жетекшісі Саясат Нұрбек Қазақстанның жаңа мамандықтар атласы күзде қол­данысқа берілетінін жеткізген-ді. Пре­зидентке «Жаңа мамандықтар атласы» ұлттық жобасының жүзеге асыры­луы жайында айтқан С.Нұрбектің пікірінше, атал­ған жоба жастардың мамандық таң­дауына және алдағы уақытта елімізде сұранысқа ие болатын кәсіптерді мең­геруіне көмектеседі. Шын мәнінде, бұл бағытта қазір Қазақстанда қолданбалы сипаттағы және жаппай қолдануға болатын баламалы өнім жоқ. Мамандық таңдауға келгенде көптеген азаматтар ата-аналарының тілек­терін, ішкі наным-сенімдерін басшы­лық­қа алады және субъективті трендтерге сүйе­неді.

Аталған жобаның менеджері Алмас Кигізбаевтың айтуынша, қазақстандық «Жаңа мамандықтар атласына» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің Ұлттық біліктілік жүйе­сін дамыту және еңбек нарығын жоспарлау департаменті тапсырыс беріп отыр. Болашақ мамандықтар атласы экономиканың 9 басым секторының негі­зінде әзірленуде. Оның ішінде тау-кен металлургия кешені, мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логис­тика, машина жасау, ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар, энергетика, туризм және құрылыс салалары бар. Бұл – ел экономикасының еңбек күші ең көп шоғырланған секторары. Яғни осы сектор­лардағы болжам картасы деуге болады.

«Бүгінде форсайттық зерттеулер жүр­гізудеміз. Осы сессиялар барысында кәсіп­тік стандарттарды әзірлеушілер ретінде ірі компаниялар, өнеркәсіптік кор­порациялар, холдингтер және білім саласы өкілдері мен сарапшылар өз салалары бойынша алдағы 5-10 жыл көлемінде пайда болатын болашақ мамандықтарды түсіндіруге, қандай еңбек ресурсы қажет болатынын, олардың құзыреттерін бол­жауға тырысады. Атлас 3 санатты, атап айт­қанда, қазір елімізде кездеспейтін, кездессе де бірді-екілі ең озық кәсіпорындарда ғана бар жаңа мамандықтарды, сондай-ақ транс­формацияланған мамандықтарды, яғни Ұлттық біліктілік шеңберінде бар, арнайы грант бөлініп, оқытылатын, бі­рақ жаңа трендтерге байланысты авто­маттандырылған, цифрландырылған маман­дықтарды, сондай-ақ жоғалып бара жатқан «зейнеткер мамандықтарды» жік­тейді. Сондықтан мемлекеттік білім беру мен жұмыспен қамту жүйесінде осы мәселеге көңіл бөлу, яғни қосымша гранттар бөлу, мамандар даярлау ісін сараптауға көмектеседі. Атластың мін­деті – мамандыққа бағдарлау, яғни ең­бек және білім министрліктерімен жасал­ған үш жақты келісім негізінде жоба­ның келесі кезеңі мектептердің жоғары сынып оқушыларына бағытталады. Бұл сервисте оқушылар тестілеуден өту арқылы өздерінің құзыреттерге бейі­мін анықтай алады. Қазір мектеп бітіру­шілердің көбі қоғамдағы орнын дұрыс таба алмай жүр. Олардың көпшілігі оқы­ған мамандықтарына білім-білігі, дағды­лары бойынша сәйкес келе бермейді. Яғни атластың міндеті сұранысқа ие маман­дықтарды болжай білу, оларды дұрыс даярлауға көмектесу», дейді жоба менеджері Алмас Кигізбаев.

Ал Bilim Media Group компаниясының директоры Рауан Кенжеханұлы бір маман­дықты ескірді, тағы бірі оның орнына ке­леді деген сәуегейлікке қарсы екенін жеткізді.

«Өйткені мұны дөп басып айту мүмкін емес. Бірақ шын мәнінде өзгерістер өте қауырт, тез жүріп жатқаны және бұл өз­ге­­рістер біздің күнделікті өмірімізді, кәсі­бімізді өзгертіп жатқаны анық. Білім беру жүйесі болашаққа маман даярлауға тез бейімделуі керек. Біздің білетін мектеп жүйесі түрлі-түрлі сөреде жатқан мә­лі­метті берумен ғана айналысқан, соған маманданған жүйе еді. Қазір бұл маңыз­ды болмай қалды. Өйткені жекелеген ақпаратты тауып алу оңайлады. Әрқайсымыздың қалтамызда оны тауып алуға көмектесетін құралдар бар. Сон­дықтан білім беру жүйесі осы ақпаратты дұрыс тауып, оны өзара байланыстырып, қажетінше іске қоса білуге талпынуы тиіс. Бұл үшін адамның бойында қандай қасиет­тер, қандай дағдылар болуы керек? Осыған білім беру жүйесінің теоретиктері бас қатыруда. Отандық білім беру жүйесі де осыған мән беріп, осы бағытта ойлануы қажет. Шын мәнінде адамды өмірде табысты тұлға болуға дайындайтын қандай дүниелер, қандай қасиеттер? Бұл – адамдармен қарым-қатынас, сезімталдық, яғни басқа адамдардың ойын айтқызбай білу болар. Оның әдістемелері, тәсілдемелері бар, оны елімізге алып келуге міндеттіміз. Алатын білімді шынайы өмірмен байланыстыра білуге, физика, биология, химия және басқа бағыттардағы біліміміз күнделікті тіршілігімізге, үйдегі, түздегі өмірімізге байланысты құрастырылған оқулықтар қажет. Осы бағытта электронды оқу құрал­дарын жасауға тырысып жатырмыз, оның түсіндірмелері, жаттығулары, білімді баға­лау жүйелері де нақты білімнің өмірдегі қол­данысына негізделгенін қалаймыз. Бұл ретте дүние жүзінде бар тәжірибені зерттеп, оны аударып, білім беру жүйесіне енгізуге барымызды салсақ дейміз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Жалпы, Қазақстанда елдің болашағына алаңдаған топтар мен ұжымдар осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуі қажет деп ойлаймын, – деді Р.Кенжеханұлы.

Былтыр Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау министрлігі Мемлекеттік бағ­дар­ламалар мен кадрлық қажеттілікті бол­­жау негізінде 2025 жылға дейін 100 сұранысқа ие сервистік және индустриялық кәсіптер тізбесін әзірлеген еді. Бұл маман­дықтар тізбесі Елбасының «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленді. Оған жоғары білімді қажет ететін 35 сұранысқа ие мамандық, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімді қажет ететін 65 ма­ман­дық енгізілді, оның ішінде 10 жаңа маман­дық енгізілген. Ең өзектілерін атап айтқанда, IT-мамандар, 3D модельдеу және толықтырылған нақтылық жөніндегі инженерлер, машинааралық оқыту жүйе­лері, жаңғырмалы энергия көздері, өнді­рістің аддитивті технологиялары бойынша ин­женерлер, өндірісті автомат­тан­дыру ке­зеңінде талап етілетін «ақыл­ды» қала құрылысы, ұшқышсыз авиация­лық жүйе­лер инфрақұрылымының сәу­лет­шілері мен жобалаушылары және гра­фикалық, муль­ти­медиялық дизайнер маман­дықтары бар.

Елімізде соңғы жылдары дәстүрге айна­лып келе жатқан еңбек нарығындағы ерекше шеберлерді анықтайтын WordSkills Kazakhstan біріншілігін биыл эпидемиялық жағдайға байланыс­ты көпшілікке үйреншік­ті форматта өткізу қиынға соғып тұр. Был­тыр атал­ған бай­қаудың әлемдік сайысы Қазан қала­сында өтіп, оған 31 құзырет бойын­ша 34 отан­дасымыз қатысқан еді. Олардың бақ сы­наған құзыреттеріне назар аударсақ, мобилді робот техникасы, бизнеске ар­налған ІТ шешімдер, меха­троника, CAD инженерлік графикасы, веб технология­сы сынды қазіргі заман­ғы мамандықтарға жол ашатын кәсіби білік­тілік санаттары бар. WorldSkills қозға­лысының бүкіл тари­хында алғаш рет әлем чемпионаты бағ­дарламасына Future Skills цифр­лы экономикасы мен жоғары технологиялы өндірісі жағдайында сұранысқа ие, келешегі бар мамандықтар бойынша жа­рыс енгізілді. Жарыс технологиялық өзге­рістер контексінде заманауи маман­ның жұмыс функциялары мен кәсіпқойлық дағ­дыларының трансформациясын көр­сет­ті. Яғни болашақтың дағдылары ландшафты бү­гінде барлық салаға дендей енген цифр­лан­дырумен тікелей өрілетінін ұмыт­пау керек.

Жалпы, қазір бұрыннан келе жат­қан құрылыс пен технологиялық маман­дықтардың өзі заманға сай түрленіп, жаңа ғы­лыми жетістіктерге негізделе бастады. Яғни кірпіш қалаудың өзі бұ­рын­ғыдай жалаң қолмен емес, 3D тех­но­логияға негізделіп қаланатынын бай­қаймыз. Сондықтан елімізде де жаңа мамандықтарды саралауға, ақпарат­тан­дыруға, түсіндіруге қатысты жобалардың көбейгені абзал.