• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Тамыз, 2020

Қоқысты қайта өңдеу Батыс Қазақстанда қашан жолға қойылады?

1796 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында жиналып қалған тұрмыстық қалдықтардың көлемі 6,3 млн тоннаға жеткен. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірде жылына 108 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық пайда болады.

 

Оралдағы оралымсыздық

Тұрмыстық қалдық, қоқыс мәселесі – соңғы ға­сырда күллі адамзаттың басын ауыртқан күрделі тақырып болды. Бірақ ілім-ғылымы және саяси санасы алға кеткен біраз мемлекет бұл мәселені оңымен ше­шіп, қал­­дықты кәдеге жара­туда адам қызы­ғарлық нәти­желерге жетуде. Сол дайын үлгіні қолданып-ақ елі­міз экологиясын дұрыс­тап, эко­номикасын дамы­тар еді. Алай­да бұған сол баяғы жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлық, эко­ло­гиялық мәдениетіміздің тө­мен­дігі, жұмысты дұрыс ұйым­дас­тыра алмау кедергі болуда...  

Орал қаласының тұр­мыс­тық қатты қалдықтарды жинауға арналған полигоны 1975 жылы ашы­лыпты. Әу бас­та 25 жылға жос­парланған полигон бүгінде әбден толған. Құжат бойынша пай­да­ланылуы тағы да 25 жылға ұзар­тылғанымен, бұл полигон бар­лық мүмкіндігін тауысқаны анық. 

«Қала аумағы жедел үл­кейіп, тұрғын­дар саны тез көбей­ген­діктен, тұр­мыс­тық қалдық көлемі де еселеп артты. Сондықтан қа­зіргі полигон бұл қоқысты қабылдап, заманауи талапқа сай залалсыздандыра алмай отыр. Осының салдарынан қоқыс жиі өртеніп, экологиялық ахуалға да теріс әсер етуде» делінген 2019 жылдың қорытынды есебінде.

Бұл рас. Былтыр жыл бойы поли­гонға іргелес жат­қан Кең дала, Сарытау, Көк­тем шағын ­аудандары, жал­пы тұр­ғындар саны 50 мыңнан асатын Зача­­ганск кенті жаз бойы көк тү­тінге тұн­шығып шықты. На­разы болған тұр­ғындар көшеге шығып, әкімді жауап­қа шақырған кезі де болды. Әрине өрттің шы­ғуына ондаған жылдар бойы жиналған қоқыстың өздігінен қызып, жануы себеп делінеді. Бірақ полигон қожайындары мен сол қоқыс полигондарынан металл қалдығын т.б. іздейтін қаңғыбастар үшін бұл өрттің пайдасы да аз емес: қоқыс азаяды, орын босайды...

Орал қалалық қоқыс полигоны 2017 жылдан бері «ICM Recycling» ком­паниясының құзырында. Поли­гонды 10 жылға сенімді басқаруға алған компания әу баста қалдықты қайта өңдеп, тіпті полигонда жиналған қоқысты биогазға айналдырып, электр қуатын алатын супер жобаны жүзеге асыруға тиіс еді. Осы тақырыпқа 18 ай бұрын жазған мақаламызда қат­ты қалдық өңделе бастағанын да сүйіншілегенбіз. Алайда «қоқыстан алынған қуатты» пайдаланатын күн әлі алыс сияқты. Жақында ғана «Creen Service Company» компаниясы қо­қысты сұрыптаумен айналысатын 75 адамды қызметке алатынын айтып, облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев әлеуметтік желіде хабарландыру жариялады. Ал қалдықты қайта өңдеу ісінде әлем бойынша алдыңғы қатарлы фин технологиясын Қазақстанға шақырып, 2016 жылдан бері финляндиялық «ICM Recycling Creen Service Company» компаниясымен келіссөз жасап жүрген «Finnish Business Hub» орталығының директоры Мұхтар Мәнкеев бүгінде облыс әкімінің бірінші орынбасары. Осындай жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп отырғанымен, өңірде неге қоқыс мәселесі күн тәртібінен түспей келеді? 

 

Жарылуын күтіп жатқандай...

Орал қаласындағы қоқыс мәсе­лесін зерттеп жүріп көп жұрт біле бермейтін, бірақ салдары болжап болмайтын экологиялық апатқа апаруы мүмкін тағы бір жайтке куә болдық. Бұл – бұрынғы Орал қалалық улы қалдықтар полигоны.

Жоғарыда сөз болған қалалық қо­қыс полигонымен жапсарлас жат­қан бұл аумақ «қауіптілігі І, ІІ, ІІІ сыныпты өндірістік улы қалдықтарды сақтауға арналған полигон» ретінде 2002 жылы жобаланған екен. Жалпы аумағы 19,5 гектарлық бұл полигонда мұнай қалдықтарын, бұрғылау кезінде пайдаланған улы заттар қо­сын­дысын, сынап лампаларын т.б. улы қалдықтарды уақытша сақтайтын, залалсыздандыратын, жоятын арнайы орындар, әкімшілік-шаруашылық құрылыстар, автогараж, өртсөндіргіш резервуарлар, т.б. құрылымдары бар үлкен кешен тұруы тиіс екен.

Бұл полигон 2009-2011 жылдар аралығында «West Ecology project» ЖШС-ның басқаруында болған. Құжаттарға қарағанда осы кезеңде бұл полигонға 2 мың тоннадай мұнай қалдықтары әкелінген. Арнайы беті ашық резервуарларға құйылған осы қалдық әлі күнге дейін жатыр.

2011-2014 жылдары бұл нысан қараусыз қалып, әбден тоналған. 2014-2018 жылдар аралығында «БатысЭкоОрталығы» ЖШС-ның сенім­ді басқаруында болған.

– Кезінде мемлекеттің 260 млн теңге қаражатына салынған бұл полигонды 2014 жылы біз басқаруға алған кездегі ахуал өте қиын еді. Аз уақытта тәртіпке келтіріп, күзет қойып, бақы­лау орнаттық. Өйткені мұнда жатқан 2 мың тоннаға жуық мұнай қалдығы – өте қауіпті. Құдай бетін ары қылсын, бұған от тиіп, өртенетін болса, бізде мұны сөндіретін технология жоқ, – дейді оралдық кәсіпкер Дәуренбек Сахым.

Ол өзі де көп жылдан бері тұр­мыстық қатты қалдықтарды жинау, өңдеу ісімен айналысып жүрген маман екен. «Қалдықтарды қайта өңдеу кешені» болып атауы өзгерген полигон 2018 жылы қайтадан иесіз қалды. «БатысЭкоОрталығы» ЖШС-мен арадағы келісімшартты үзген Орал қалалық әкімдігі полигонның одан арғы тағдырын бір Құдайға тапсырғандай.

Арнайы барып, аралап көрдік, иесіз, ашық-шашық, ақырзаманның алдындағы аласапыранды көз алдыңа елестететін көрініс. Ғимараттардың бәрі тоналған, есік-терезесі жоқ. Тонаушылар, әсіресе сатып пайдаға асыратын металл іздеген сияқты, автокөлік гараждарының алып те­мір қақпаларынан бастап, жердегі құдық қақпағы мен темір ернеуін де қалдырмаған. Кезінде мемлекеттің қыруар қаржысына салынған, тиісті мақсатына пайдаланылмағандықтан талан-таражға түскен нысанға тиісті тексеруші органдар назар аударса дейміз.

 

Жаңа полигон керек

1975 жылы салынған Орал тұр­мыс­тық қатты қалдықтар полигоны өз ресурсын толық жұмсады дедік. Енді бұл мә­се­ленің шешімі – қалдықтарды өңдеу жү­йесі жолға қойылған жаңа полигон ашу.

Айта кетейік, мұндай полигон орны даяр. Қазіргі полигон аумағынан 7 ша­қырым жерден көлемі 70 гектарлық алқап дәл осы мақсатқа бөлініп, жос­пар­ланған. Бүгінде техникалық-эконо­микалық негіздемесі жасалып, мемле­кеттік сараптамаға жіберілген. Са­рап­таманың оң бағасын алған жағдайда жаңа полигон құрылысы шамамен 2,8 млрд теңге болады деп күтілуде.

 

P.S. Қоқыс мәселесін қадағалап қарағанда, Орал қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, өңдеу ісімен айналысатын компаниялар жиі өзгеретіні байқалады. Және бұл қала мен облыс басшыларының ауысуымен де сәйкес келіп отыратындай. Кәсіпкердің «Бізде қазір қалдықты өңдеу жүйесін дамыту, пайда келтіретін деңгейге жеткізу қауіпті болып тұр. Кәсібіңнен айрылып қалуың оп-оңай» деген сөзі ойландырып тастады...

 

Батыс Қазақстан облысы