• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 06 Тамыз, 2020

Қанатымен су сепкен қарлығаштай...

2135 рет
көрсетілді

Бұл індеттің қаупіне бастапқыда жұбайым Тиыш Әлтайқызы екеуіміз де мән бере қоймадық. Өйткені ешкіммен араласпай, бетперде тағып, қолымызға қолғап киіп, азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға шығып жүрдік. Осылай сақтанып жүрсек те, бір күнде тамаққа тәбетіміз болмады. Басымыз солқылдап ауырып, жөтеле бастадық. Жөтелмен бірге ентікпе пайда болды. Қызуымыз көтерілді. Зілбатпан жүк басып тұрғандай, орнымыздан тұра алмай қалдық. Сөйтіп, амалсыздан жедел жәрдеммен өте қиын халде ақ желеңді абзал жандардың қарауына келдік. Олар бізді ата-анамыздай мәпеледі. Дәрігерлердің диагнозды дұрыс қоюы, дәрі-дәрмегі мен жылы сөзінің арқасында ғана бетіміз бері қарады. Атыраудағы №2 облыстық аурухананың бас дәрігеріне, орынбасарларына, барлық дәрігерлерге, медбикелерге, меджігіттерге, барша қызметкеріне шын жүрегімізден алғысымызды айтамыз.

Шын мәнінде ауруханадағы дәрі­гер­­лердің, әсіресе, инфекционист-дәрі­гер­лердің қызметі өте ауыр екеніне көз жеткіздік. Жедел жәрдемдегі, ауру­ха­надағы дәрігерлер, медбикелер мен тазалықшылар індеттен қорғану үшін қорғаныш киімін киіп, тұмшаланып жүреді. Мұндай киіммен бірнеше сағат бойына жұмыс істеу оңай ма? Соған қарамастан, науқас жандардың жанынан табылып, екпелерін егіп, дәрілерін дер кезінде беріп, аузымызға сусын тамызып, қамқор болған жандарға мың тағзым! Өйткені олар дерті жанына батқан науқастарға қанатымен су сепкен қарлығаштай тыным таппайды. Бар мейірімі мен жан жылуын төгіп жүр. Жұқпалы індеттің қатерлі екенін біле тұра, қауіптің ортасында жүрген ақ желеңді дәрігерлерге қандай құрмет көрсетілсе де артық етпейді.

Күні-түні аса қауіпті вирустың оша­­ғында, науқастардың жанында болу үшін жүрек керек. Кейде меди­­цина қызметкерлерінің соншама ұм­тыл­­ғанына қарамастан, қайтыс болған адамдарды көргенде жүрегің қарс айырылады. Мен ауруханада дәрі­гер­лердің адам өміріне араша түсіп, жан­таласқан сәттерінің куәсі болдым. Сондықтан дәрігерлерге басымды иемін! Бар жақ­сы­лыққа ие болсын! Алла қол­дасын!

Дертіміз асқынып, өмір мен өлімнің ортасында жатқан кезде кім жылы сөзін айтып, жаныңа келсе, сол адам ұмы­тыл­майды екен. Соның бірі – Атырау облы­сының әкімі Махамбет Дос­мұхам­бетов. Бірнеше рет ауруханаға келіп, ауырып жатқан адамдармен сөй­лесіп, науқастардың жағдайымен та­­нысқан әкімнің адамгершілігіне тәнті болғанымыз рас. Дәрі-дәрмектің дер кезінде жеткізілуін, аурухананың сыр­қат­тарға керекті аппараттармен қам­та­­масыз етілуін үнемі қадағалап отыр­ды. Қа­уіпті індет дендеген кезде бұқара ха­лық­­пен жақын болып, басына қиындық түскен жандармен қайғыны бөлісе білу – па­расаттылық.

Қазір жағдайымыз жақсарып, ден­сау­лығымыз қалыпқа түсті. Отба­сы­мызға аман оралдық. Әлі де үйден дәрі­герлердің белгілеген емін алудамыз. Учаскелік дәрігерлер келіп, қызуымызды өлшеп, күнделікті нұсқауларын бе­ре­ді. Біз секілді мыңдаған адамды қа­уіп­ті індеттен құтқарып қалған №2 ауру­ха­на­ның бас дәрігеріне, орынбасарлары мен дәрігерлерге, орта буын медицина қызметкерлеріне, тазалықшыларға, бәріне разымыз. Бұл ауруханада жұмыс жақсы жолға қойылғанына куә болдық.

Айналайын, ағайын, карантиндік ше­ктеулерді, жеке бас гигиенасын сақ­та­ғанымыз жөн. Деннің саулығы, елдің амандығы үшін дәрігерлер айтқан та­лап­қа бағынайық. Той, садақаны әзірше қоя тұрайық. Өзіміздің де, өзгенің өміріне қауіп төндірмейік. Сонда ғана халқымыз аман болады, еліміз өркендейді. Аман болайық, ағайын!

 

Ілия ЖАҚАНОВ,

Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері,

композитор, өнер зерттеушісі,

«Отан» орденінің иегері

 

Атырау облысы