Есіл ауданында іссапарда болғанымызда жинақталған іс-тәжірибесін, кәсіби біліктілігін агроөнеркәсіп саласына арнап, маңдай терін тамшылата төгіп жүрген еңбеккерлер туралы көп естідік. Біздің ойымызды тап басқандай солардың бірі «Прометей» ЖШС-нің директоры Юрий Щоль екенін аудан әкімі Алтынбек Абдоллаев алдымен атады.
Уақытпен санасуды білмейтін абзал азаматтың ойлайтыны – тек тұрғындар қамы. 46 адам тұрақты жұмыс істейтін серіктестікте орташа жалақы 172 мың теңгені құрайды. Заградовка елді мекені кірсе, шыққысыз. Мәдени, әлеуметтік нысандар істеп тұр. Осы елді мекенде орналасқан «Заградовское» ЖШС-нің жетекшісі Иван Фисенконың атына да жылы сөздер айтылды. Ол жиырма жылға жуық мал шаруашылығымен айналысып келеді. Аустриядан әкелінген 400 бас симменталь асыл тұқымды сиырлар күніне 16-20 литр сүт береді. Ферма озық технологиялармен жабдықталған. Сөзге жүйрік, іске мығым әкім «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» ғибратын осылайша нақты мысалдармен тарата келіп, бір кезде әңгіме ауаны «жаманның жамандығын айт, құты қашсын» тақырыбына ойысты.
Хакім Абай «қалың елі қазағын, қайран жұртын» «талап, еңбек, терең ойға, қанағатшылдық пен рақымды іске» үнемі үндеп отырған. «Өсек, өтірік, мақтаншақтықты, еріншектік пен босқа дарақыланып мал шашқанды» бес дұшпанға теңеген. «Орынды іске жүріп, ой таппаған не болмаса жұмыс қып, мал бақпаған, әншейін құр бекерге бұлғақтаған» жандарға адал еңбекті үлгі еткен. «Терін сатпай, телміріп көзін сатқандарды» мінеген. Ақынның көпшілікке қарата айтқан ғақлия сөздері өміршеңдігін әсте жоймақ емес. Бүгінгінің шындығындай шырқырап естіледі. Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» танымдық мақаласында «еңбек – әлемнің әміршісі» деген баға берілген. Шынында да, қазіргідей жаһандық бәсекелестік жағдайында, әлем мазасыз күй кешіп отырған сәтте шынайы өндірістік еңбек шешуші ұлттық факторға айналғанын, масылдықтың ақыры керенау жалқаулыққа ұрындыратынын көріп-біліп жүрміз, деген Алтынбек Тағайбекұлы көкейінде жүрген кей ойларымен бөлісті. Бесқұдық ауылдық округінде егістік жерлерді тиімді пайдалануға қатысты орын алған шетін жайттарды тағы бір зерделеп, талдау жасапты. Аудан бойынша орташа айлық еңбекақы 128 мың теңгеден айналса, бұл округте 85 мың теңге ғана. Басқа шаруашылықтармен салыстырғанда өнімділік екі еседей төмен. Осынша алшақтыққа, кереғарлыққа жол берілуін былайша түйіндепті. 16 мың гектар жерге бақандай 34 шаруа қожалығы иелік етеді. Әрқайсысына есептегенде 500 гектардан ғана тиесілі. Осынша егістік танаптарды талапқа сай күтіп-баптап, тынымсыз еңбектің жемісін көруі керек емес пе?!. Жоқ, қолдағыны ұқсатып, табыс көзін молайтуға ұмтылудың орнына «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүрудің оңай жолына түскен секілді. Атап айтқанда, егістік жерлерді өзгелерге жалға беріп, саптыаяқтың сабынан қарауыл қарап отырған жайлары бар. Мұнда кемінде 120 адам жұмыс істеуі керек болса, олар қағаз жүзінде ғана тіркелген. Жұмысшылармен ешқандай келісімшарт жасалмаған. Мәселен, төрт фермер жерлерін петропавлдық бір кәсіпкерге «аманаттап», «балапанды күзде санар» шақта бергеніне «дән риза». Анау болса, барлығын сыпырып-жиып әкетеді. Ортақ жауапкершілік, әріптестік қарым-қатынас қағидаты орнамаған жерде қоғамдық еңбекке деген белсенділікті, ынта-жігерді былай қояйық, пайшылардың тұрмысына шынайы өзгерістер енгізетін қарапайым қадамдар күтудің өзі қиын. Заң нормаларының бұрмалануы өз алдына, жұмысшылардың еңбек ету жағдайларына орай тапқан нәпақасы мүлдем мардымсыз, бала-шағадан артылмайды. Көсегені көгертпейтін мұндай берекесіз тірлік округте өткен жиында талқыланып, жаңа біліктілікті меңгеру, адамдарды нақты еңбекке жұмылдыру, жатыпішер тоғышарлық әрекеттен арылу жолдары, шағын және орта бизнесті дамытудың мол мүмкіндіктері атап көрсетілді. Үйде жатып алып, «ауадан ақша жасайтындар» не егін екпесе, не тыңайтқыш сіңірмесе, не мал өсірмесе, не салық төлемесе, дөрекі тоғышарлықтың нағыз «классикалық үлгісі» демеске лаж жоқ, дейді аудан әкімі әңгімені тереңнен қозғап.
Біз Бесқұдық ауылдық округінде болып, тұрғындарға жолыққанымызда тиесілі пай үлестерін ала алмай жүргендерін, жалақының мардымсыздығын жасырмады. Мал, бау-бақша өсіріп, күнімізді көріп отырмыз. Фермерлерге жалданайын десең, жолатпайды. Не техникасы, не білікті маманы жоқтығынан егістік жерлерін субарендаға беріп қойған. Жерге қожа деген құр аты ғана. Бірігуге, қосылуға құлық танытпайды. «Бас-басына би болған өңкей қиқым» деген осы», дейді ауыл тұрғындары Жібек Исабаева, Рашид Хайруллин, Бибігүл Оразымбетова, тағы басқалары ашынған үнмен. Бір фермердің 500 гектар жерінің «қызығын» жергілікті кәсіпкер көріп отыр. Көктемде егіп, күзде жинап әкетеді. Жерді баптап-күтуге, тыңайтуға, ауыспалы егіс жүйесін қолдануға ешқайсысының басы ауырмайтын тәрізді. Мұндай мысалдар аз емес. Бесқұдық мектебінде оқушылардың саны бар-жоғы – 32. Черуновкада 85 үй болса, 12 оқушы ғана қалған. Жүгін жиып, көшуге қамданғандардың айтатыны – жол қатынасының қиындығы мен жұмыссыздық жайы. 34 шаруашылық – әжептәуір күш. Тізе қосып, қоян-қолтық әрекет етсе, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етері, басқа да әлеуметтік шараларды жүзеге асырары күмәнсіз. Қиындықтардан қашқақтауларына қарағанда әлі барға қанағат, жоққа салауат айтып үйренген ескі әдет жетегінде жүрген секілді. Тағы Абайға жүгініп көрейікші: «Адамзат тірілікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек?».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттен жерді тегін жалға алу құқығына ие болғандардың жерді игермей босқа ұстап отырғанын, елімізде «шөп қорыған иттің» кебін киген «латифундистердің» көбейіп кеткенін сынағаны мәлім. Бұл орайда шыбық шаншыса жайқала өсетін ну орманға айналатын теріскейдің құнарлы жерін орынды пайдалану өте өзекті мәселелердің бірі екенін жергілікті фермерлердің ескере бермейтіні өкінішті. Жер – ортақ байлығымыз, олай болса, бірінші кезекте, ауыл адамдары тұрмысының жақсаруына қызмет етуі тиіс. Жер иелері мен қожаларына жеке бастың жаңашылдық, ізденгіш қимыл-әрекеттері мен белсенді ұйымдастырушылық қарым-қабілет қана тығырықтан алып шығып, замана көшіне ілестіре алатынын сезінетін мезгіл жетті.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы