Жақында белгілі қаламгер Уәлихан Қалижан әлеуметтік желіде Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы естеліктер сериясын жариялады. Соның бірі «Соғыстан қалған бір де бір медалім жоқ» деп аталады екен.
«Сұрапыл соғысты көрдім. Бірақ майдан шебінде болғаным жоқ. Фашистерді де қырып-жойдым деп айта алмаймын. Көбіне штабта жұмыс істедім...
– Әбе, мен білетін дерек өзгеше. Сіз ұзақтан ататын артиллерияның құрамында болдыңыз. Оның оғы ондаған шақырымға дейін жетпей ме?
– Жетсе жетер, бірақ қанша фашистің жойылғанын қайдан білейін. Көргенім жоқ. Сондықтан да түрлі майданнан берілген медальдарды жинап алдым да көзін жойып жібердім. Жасамаған ерлікті қалай жасадым деп кеудеме қаптатып тағып жүрейін.
Түсінікті, түсініксіз Әбдіжәміл Нұрпейісов осындай Адам!»
Белгілі жазушының қандай наградаларды жойып жібергенін көрейін деп Ресейдің «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы халық ерлігі» электрондық құжаттар банкін ақтардық. Сөйтсек, болашақ әйгілі жазушы майданға 1942 жылы шілде айында Қызылорда облысы Арал ауданынан шақырылып, Оңтүстік, Прибалтика, Ленинград майдандарынан өткендігі анық жазылып тұр екен. Лейтенант Нұршайықов 1945 жылы 10 мамыр күні 137 зеңбіректік артиллериялық полк командирі, подполковник Комраковтың баянаты бойынша мемлекеттік наградаға ұсынылған. Арада 5 күн өткенде, яғни осыдан дәл 75 жыл бұрын, 1945 жылдың 15 мамырында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталыпты. Ал жауынгерге «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалі осыдан 5 күн бұрын, 9 мамырда берілген болатын.
«Қызыл Жұлдыз» ордені берілерде ұсынылған марапат қағазында: «Бөлімде артиллериялық қару-жарақтың есебін жүргізгенде ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті, құралдардың жарамдылығын тікелей өзі қадағалады, тіпті ауыр ұрыс кезінде ату бекетіне үздіксіз оқ-дәрі жеткізіп, батареялар әрдайым қамтамасыз етіліп отырды» деп жазылған екен.
Міне, ерлік ұмытылмайды деген осы да.
Батыс Қазақстан облысы