Қыркүйек айында аралас жекпе-жектен Мәскеуде үш бірдей аса ірі халықаралық жарыстың жалауы желбірейді. Солардың барлығында Қазақстанның спортшылары өнер көрсетеді, - деп хабарлайды Egemen.kz.
5 қыркүйекте Мәскеуде АСА турнирінде Нұрсұлтан Қасымханов чешенстандық Әлихан Сүлеймановпен сайысқа түседі. Дәл осы спортшы биыл көктемде біздің Ермек Тлауовқа тізе бүктірген болатын. Енді Ермек жіберген есені Нұрсұлтан қайтаруға тиіс.
19 қыркүйекте дәл сол АСА додасында төрт бірдей жерлесіміз жарыс жолына шығады. "Алаш Прайд" клубының мүшелері – Асылжан Бақытжанұлы мен Артем Резников тым мықты қарсыластарға тап болып отыр. «Сақ» деген лақап атпен танымал қандасымыз Алексей Буторинмен айқасады. Санкт-Петербург қаласының тумасы 19 рет октагонға шығып, 15 бәсекеде басымдық танытты. Сол кездесулерінің барлығында ол қарсыласын есінен тандырды. Отандасымыз Юсуф Райсовпен күш сынасады. Грозныйдағы «Ахмад» клубында жаттығатын сақа спортшы 17 бәсекенің тек біреуінде ғана ұтылды. Қалғандарын өз пайдасына шешті. 10 кездесуді ол мерзімінен бұрын аяқтады. Сондай-ақ, сол кеште Нұрберген Шәріпов пен Георгий Кичигин де жекпе-жекке шығады.
Ал 9 қыркүйекте Ирина Винер-Усманова атындағы спорт сарайында әйгілі бапкер Абдулманап Нұрмагомедовты еске түсіруге арналған халықаралық турнирдің тұсауы кесіледі. Сол жарыста Дәурен Ермеков Екатеринбургтің өкілі Владимир Минеевпен шеберлік байқасады.