• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Тамыз, 2020

Мұқановтануға қосылған сүбелі еңбек

671 рет
көрсетілді

Бүгін Қызылжар қаласындағы Солтүстік Қазақстан облыстық әмбебап кітапханасында жазушы, сыншы-ғалым, публицист Құлбек Ергөбектің «Келбет» атты Сәбит Мұқановтың тағдырына арналған кітабының тұсаукесері болды.

Автордың өзі шараға онлайн-режімінде қатысып отырды. Ал шараны облыстық мәдениет және тілдер басқармасының бастығы Құралбек Атамұратов пен ақын, Жазушылар одағының астанадағы филиалының басшысы Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды. Кітап жазушының тұлғалық қырларын еш боямасыз ашуымен мұқановтануға жаңа олжа салып отыр. Бар өмірін, өнері мен қайратын туған халқының өркендеуіне арнаған жазушының өзі:

​​​Жан сырым, халқым, маған сенсең егер,

​​​ Борышым шашымнан көп саған берер.

​​​ Желкеме шор түсер деп аямай сал,

​​​ Мен сенің өгізіңмін өрге жегер, -деп, қазақ мәдениетінің барлық салаларының дамуына барлық күш-жігерін салып, еңбек еткені мәлім. Өзінің сөзінде Құлбек Ергөбек оның жазушылар одағын да алғашқы құрушылардың бірі ғана емес он бес жылдай басқарып, аяғынан тұрғызып кеткенін де атап өтті. Қазақ әдебиетінің барлық жанрында еңбек етіп, оны шын мәнінде өгіздей өрге сүйреді. Қазақ жастарының көркемдік мәдениетінің қалыптасуына оның барлық шығармалары әсер етті.

Рас, жазушы «жеткіземіз, гүлдендіреміз» деп желпілдеткен коммунистік партияның жалған ұрандарына әбден сеніп, өзі де соған қызмет етті. Алайда ол бір сарынмен кеткен жоқ, қазақ мүддесінің тапталмауы үшін түрлі шовинистерге қарсы бұғып қалмай, ашық күресті.  Қазір кейбір алаштанушы жастар Сәбеңнің «Өмір мектептеріндегі» Алаш арыстарын сынағанын жалаулатып, одан «халық жауын» шығаруға тырысып жүргені де бар. Бірақ ондайлар Сәбең алаштықтарды сынай отырып, істеген еңбектерін айтып кеткеніне бойлай бермейді. Қалай десек те «Сәбең – ойы бар, қыры бар қазақтың кең даласы» (Ғ.Жайлыбай), ал даланы ешкім де тарихтан сыза алмайды. Шығып сөйлеген жергілікті ғалым Зарқын Тайшыбай, жазушы Жарасбай Сүлейменов, астанадан арнайы келген Л.Гумилев атындағы ЕурАзия Ұлттық университетінің профессоры Сағымбай Жұмағұлов, жыр арнаған ақын Аманжол Зағыпар және басқалардың сөздерінен де осы сарындас ойлар төгілді.

Алты жүз беттік «Келбет» кітабы Нұр-Сұлтан қаласындағы «Фолиант» баспасынан Қазақстан Жазушылар одағының астанадағы филиалының басшысы, ақын Дәулеткерей Кәпұлының бастамасымен бір мың дана болып жарық көргенекен. Кітаптың техникалық тұрғыдағы сапасы өте жоғары, жұтынып тұр. Ішіндегі оқырманға береролжасы да зор екені сезілуде, өйткені ол басқа емес жазушының жанында болған, ғылыми атақ-дәрежесін де соған арнаған қазақтың бүгінгі әдебиетінің көшбасшы ғалымдарының бірі – Құлбек Ергөбектің қаламынан туған. Осындай бағалы, аса құнды кітапты шығаруға демеушілік жасаған жергілікті кәсіпкер, терістіктің бүгінгі Атымтай-Жомарты Жомарт Омаров.

Сөйтіп, жалғыз терістік тұрғындары емес, жалпы қазақ әдебиетіне бір олжалы туынды келді.