Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға келісті. Ресми Вашингтон ұйытқы болған бұл мәміле Таяу Шығыстағы үлкен өзгеріске әкелуі әбден мүмкін. Өйткені БАӘ – Израильмен дипломатиялық келісім жасасқан үшінші мемлекет.
Тарихи келісім туралы ең алғаш АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде өткен баспасөз жиынында мәлімдеді. Америка Құрама Штаттарының президенті екі елдің басшыларымен телефон арқылы байланысып, арағайындық танытқан.
«Елдің бәрі мұның мүмкін емесін айтқан. Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері 49 жылдан кейін дипломатиялық байланысты жандандырмақ. Олар елшіліктер ашып, елшілер жіберіп, туризм, білім, денсаулық, сауда және қауіпсіздік салаларында қатынас орнатады», деді Д.Трамп.
Келіссөздерге сәйкес, Израиль тарапы Палестина аумағын басып алу жөніндегі жоспарынан бас тартуы тиіс. Алайда Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху көп ұзамай өз бастамасында өзгеріс жоқ деп мәлімдеді. Бұған қарамастан, БАӘ тарапы аннексия жасауды тез тоқтатудың қажетін айтады.
Екіжақты мәмілеге сәйкес, алдағы уақытта Израиль мен БАӘ өкілдері келісімді одан әрі пысықтауы тиіс. Атап айтқанда, қауіпсіздік, экономикалық инвестиция, елшілік ашу, Әбу-Даби мен Тель-Авив арасында тікелей рейсті іске қосу, сондай-ақ коронавирус вакцинасын жасау мәселелерін талқылайды. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке сүйенсек, келісімге қол қою рәсімі күзде Вашингтонда АҚШ-тағы президент сайлауы алдында өтпек.
Б.Нетаньяхудың айтуынша, аталған келісім – тарихи оқиға. Себебі осы қадам Израиль мен Араб әлемі қарым-қатынасының жаңа дәуіріне жол ашты. Сондай-ақ ол екі елдің де әлемдік деңгейге шыққанына екпін беріп, шөл далада таңғажайып мемлекеттің іргетасын қалады деп әспеттеді.
Бір қызығы, Б.Нетаньяху иврит тілінде жасаған халыққа жолдауында аннексия туралы жоспары өзгермейтінін, АҚШ-тың бастамасымен уақытша тоқтағанын мәлімдеген.
Ал Біріккен Араб Әмірліктерінің тақ мұрагері Мұхаммед бин Зайед бұл жаңалықты туиттердегі парақшасында бөлісті. «Израильдің Палестина аймағын басып алмайтындығы жөнінде келісімге қол жеткіздік. Сондай-ақ БАӘ және Израиль әріптестікті дамытып, екіжақты қатынасты орнатуға келісті», деп жазды ол.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Вашингтондағы елшісі Юсуф әл-Отайба да оқиғаға қатысты пікір білдірді. «Келісім аннексияны бірден тоқтатып, оқиғаның күрт күрделенуіне жол бермейді. Бұл қадам Араб лигасы мен халықаралық қоғамдастық мақұлдаған «екі мемлекет» шешімін жүзеге асыруға көмектеседі», делінген әл-Отайбаның мәлімдемесінде.
Жалпы, Әмірліктер тарапы ресми түрде Израильмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатпаса да, екіжақты байланыс кейінгі бірнеше жылда жақсарған. Мәселен, екі ел де Иранға қарсы. Оның үстіне, Әбу-Даби билігі Израильдің қауіпсіздік және барлау технологияларына қызығушылық танытады.
Израиль дипломаттары Әбу-Дабиде орналасқан Халықаралық баламалы энергия агенттігінің бас штабында орналасқан. Жыл сайын бұл мемлекеттің министрлері БАӘ-ға іс-сапармен келіп тұрады. Сондай-ақ Израиль Дубайда өтетін Экспо іс-шарасына қатыспақ.
Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінің мәмілеге келуі Палестина тарапына мүлдем ұнаған жоқ. Осы елдің президенті Махмуд Аббас келісімді мойындамайтынын жеткізді. Сондай-ақ бұл қадамды Иерусалимді, әл-Ақса мешітін және Палестина халқын сатып кету деп бағалады.
Елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Палестина Әмірліктердегі елшісін қайтарып алған. Палестинаны азат ету ұйымының мүшесі Ханан Ашрави БАӘ мәлімдемесін достың сатып кетуіне теңеді.
«Еліңді ұрлап кеткеніне ызаланбауды, басқыншының бұйрығымен өмір сүру қиындығын, үйлерің мен сүйікті адамдарыңның жоғалып кетпеуін, «достарыңның» сатып кетпеуін тілеймін», деп жазды ол туиттердегі парақшасында.
Хамас ұйымы да Израиль мен БАӘ келісімін қолдамайтынын, бұл қадам Палестина халқының мүддесіне сай емесін жеткізді.
«Бұл келісім Палестина мәселесін мүлдем шешпейді, керісінше сионистерге қолайлы. Бұл келісім Израильдің басып алуын жалғастыра беруін және Палестина халқының құқығын мойындамауын, тіпті біздің елімізге қастандық жасай беруін жалғастыруға әсер етеді», деді Хамастың өкілі.
Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінің арасындағы мәмілені БҰҰ тарапы жоғары бағалады. Сондай-ақ Ұлыбритания, Франция және Египет те келісімнің берері мол деп есептейді. Бұдан бөлек, Бахрейн мен Оман елдері Әмірліктердің соңын ала Израильмен дипломатиялық қатынас орнатуға мүдделі.
Бұл келісім Ақ үйдің басшысы Дональд Трампқа да қолайлы болмақ. Себебі биыл АҚШ-та президенттік сайлау. Кейінгі кезде халық арасында Д.Трамптың беделі түсіп бара жатыр. Сондықтан ол бүкіл мүмкіндікті қарастырмақ. Еврейлер мен арабтарды татуластыру арқылы Д.Трамп өзін мәмілегер ретінде көрсетеді. Бұған дейін Ақ үй басшысының Солтүстік Кореямен келісімі сәтсіз аяқталып, Иранмен одан әрі араздаса түскені белгілі. Ендеше, Израиль мен Парсы шығанағы елдерін татуластыру арқылы Д.Трамп «екі жеп биге шығуды» көздейді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, келісім Израильдің премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға да қолайлы. Премьердің бұл келісімге ерекше мән беруінің өз себебі бар. Кейінгі кезде Израильде Б.Нетаньяхуға қарсылардың қарасы көбейіп келеді. Оған қоса, жемқорлыққа қатысы бар деген күдік те ұзақ уақыт премьер-министр атанған оның абыройына айтарлықтай нұқсан келтіргені анық. Ал БАӘ-мен мәміле оның беделін бір серпілтіп тастайтыны айтпаса да түсінікті. Тіпті, Израильдегі оппозиция өкілі Иаир Лапид те премьер-министрді құттықтады.
Оның үстіне, Б.Нетаньяхуға өзін еврейлерді Араб әлемімен татуластырушы ретінде де көрсетуіне зор мүмкіндік туады. Израиль 1994 жылы Иорданиямен бейбіт келісім жасасқанда да ел тізгіні Б.Нетаньяхудың қолында еді.
The Guardian газетінің жазуынша, Б.Нетаньяху – «қалтаңды үптеп кетіп, басыңнан ұрмағаны үшін марапат сұрайтын адам». Басылымның бұлай сипаттауының себебі мынада. Израиль Иордан өзенінің батыс жағалауын 1967 жылғы «Алты күндік соғыста» басып алған болатын. Содан бері мұнда еврейлердің қонысын қалыптастыру әрекеті белсенді жүргізіліп келеді. Қазір аймақтағы 140 елді мекенде 400 мыңға жуық еврей өмір сүреді. Ал мұнда нәпақасын айырып жүрген арабтардың саны 2 миллионнан асады.
БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі де, БҰҰ да еврейлердің қонысын заңсыз деп санайды. Сондықтан «Батыс жағалау» мәселесі әлі күнге дейін түбегейлі шешілген жоқ. Таяуда Израиль «Батыс жағалауды» аннексия жасау жөніндегі жоспарын жариялаған. Аннексия ел тізгінін биылғы сайлауда әрең қолына ұстаған Беньямин Нетаньяхудың басты «көзірі».
Бірақ сарапшылар Б.Нетаньяхудың аннексия жоспарының мәні жоқ деп есептейді. Себебі Иордан өзенінің батыс жағалауы бұрыннан басып алынған аймақ. Әрі палестиналықтардың құқығы шектеліп келгелі де ұзақ уақыт өтті. Израиль жоспарын жүзеге асырса да, асырмаса да ештеңе өзгермейді.
Екіжақты келісімге Түркия да наразылық білдірді. Ел президенті Режеп Тайип Ердоған журналистерге берген сұхбатында сыртқы істер министрлігіне Біріккен Араб Әмірліктерімен байланысты үзу, елшіні шақырып алуды қарастыру туралы тапсырма бергенін мәлімдеді.
Осыған байланысты сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасап, Израиль – БАӘ қатынастарын толық қалпына келтіру туралы бірлескен декларацияға қатысты Палестина халқы мен әкімшілігі көрсеткен наразылықтың заңды екенін атап көрсетті.
«Негізсіз дүниеге келген, ықпалы жоқ, АҚШ жоспарына сай құпия әрекет ететін БАӘ осылайша Палестина билігін «жоқ» деп санайды. Біріккен Араб Әмірлігінің билігі Палестина халқы мен билігінің разылығынсыз Израильмен келіссөз жүргізуге және Палестинаға қатысты маңызды мәселелерде келісім жасауға құқығы жоқ», делінген Түркия сыртқы істер министрлігі таратқан мәлімдемеде.
Қорыта айтқанда, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бейбіт келісімге келуі Таяу Шығыстағы ахуалды жақсартудың орнына, күрделендіре түсетін түрі бар. Бұл келісім оған қатысқан тараптар үшін тиімді болғанымен, ең басты мәселе – Палестина халқына оңайға соқпайтыны анық.