Жастар жылының жалғасы іспетті биылғы 2020 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Волонтер жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы ретте Түркістан облысында Волонтерлер қозғалысы қалай өріс алып жатқанын облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Амалбек Өміртайдан сұрап білдік.
– Облыс волонтерлерінің жұмысы Жастар орталықтары арқылы үйлестіріледі. Облыста ЖОО мен колледждерде құрылған кіші топтардағы еріктілерді қосқанда 5 мыңнан аса жас волонтер ретінде тіркелген. Волонтерлік қызметтің бағыттары да, түрлері де көп. Мемлекеттік деңгейде белгіленген 7 бағыт бар.
Жыл басында облыста Волонтер жылын өткізу бойынша тұжырымдама әзірленіп, барлық бағытты қамтитын іс-шаралар жоспары бекітілді. Алайда наурыз айынан бастап індетке байланысты көп іс-шарамыз тоқтады. Десек те карантин кезінде волонтерлік бастамаларды індетке қарсы күреске бағыттап, жастарды жұмылдырдық. Саулық бағытында «Жүз жасаңыз», «Мен донормын!» атты саламатты өмір салтына үндейтін шаралар карантинге дейін өтті. «Асыл мұра» бағытындағы шараларды да атап өтер едім. Бұл бағытта жалпыұлттық деңгейдегі Түркістан облыстық фронт-кеңсесін аштық. Ең әуелі Түркістан облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің тізімін алып, оларды насихаттауда, абаттандыруда волонтерлердің күшімен қандай жұмыс жүргізуге болатынына мониторинг жасап, жоспар құрдық. Жібек жолы бойындағы ежелгі қалалар – Отырар, Сауран, Түркістан қаласындағы ежелгі қорымда тазалық жұмыстарын жүргіздік. Бәйдібек ауданындағы Аппақ ишан мешітін ақтап-сырлауға, Сауран қаласындағы реставрациялық жұмыстарға волонтерлер тартылды. Ежелгі қамалдардың құлаған немесе осал тұстарына еріктілер реставраторлармен бірге кірпіш тасып, кесек қалауға қолұшын берді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында (Күлтөбе) археологиялық қазба жұмыстарына еріктілер қатысуда. Жаңа облыс орталығын үлкен туризм орталығына айналдыру бағытында «Әлемге құшақ ашқан Түркістан» деген тақырыпта жүйелі волонтерлік қозғалыстарды ұйымдастырдық.
Болашақта Түркістан үлкен туристік орталыққа айналады. Сол себепті қаламыздың қызмет көрсету орталықтары – асхана, дәмхана, мейрамханалар мен қонақүйлер туристерді қабылдауға дайын болуы керек. Жергілікті халықтың туристерді, шетелдіктерді қабылдауы, оларға қызмет көрсету мәдениеті, қонақжайлылық пейіл жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. «Қызмет көрсетудің 10 алтын қағидасы» деген тұжырымды жасап, сол қағида бойынша буклеттер, жапсырмалар басып шығарып, қызмет көрсету орындарына тараттық.
– Әлемді шарпыған індет Түркістан өңірін де айналып өтпегені анық. Осындай сын сағатта еріктілер қай деңгейде қызмет көрсетті? Карантин кезінде жұмыс қалай жүрді?
– Төтенше жағдай жарияланған кезде волонтерлік жұмыстарды қашықтан жүзеге асыруға тура келді. «Жастар online» атты үздіксіз даму формуласы аясында «Наурыз» тақырыбында көркемсөз оқу бейнебайқауы, қашықтан оқытатын «Қолжетімді ағылшын» жобасын қолға алдық. ҚазҰУ, Назарбаев Университетінің студенттерін волонтерлікке тартып, 500 бала ағылшын тілі курсын тегін оқыды. ҰБТ-ға дайындық онлайн курстарын да тегін өткіздік. Карантин кезінде жалпы 1700 акция өткізіліп, оған 6 мыңға жуық волонтер жұмылдырылды. 200 мың дана бетперде мен антисептикалық құралдар және Nur Otan партиясымен бірлесіп 17 мың әлеуметтік аз қамтылған отбасына азық-түлік себеттерін тараттық. Халық көп шоғырланған орындарда 30 мыңнан аса ақпараттандыру парақшасы таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Орталығымыздың қызметкер ер-азаматтары төтенше жағдайға байланысты дезинфекциялау тағылымдамасынан өтіп, қаладағы стратегиялық нысандарда зарарсыздандыру жұмыстарына қатысты. Біздің орталықтың жанынан құрылған Jas Turkistan еріктілер қозғалысы Nur Otan партиясы облыстық филиалымен бірге «ӨМІР» және «ШИПА» атты 2 жобаны жүзеге асырды. Облыстық мәслихат депутаттары, партияның мұрындық болуымен жүзеге асқан жоба аясында шетелден 50 тыныс алу аппаратын алдырып, өңірдегі емханаларға тараттық. Облыстағы тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға 500-ден аса дәрі-дәрмек қобдишасы таратылды. Бұл игі іс әлі күнге дейін жалғасуда.
– Амалбек, жалпы, волонтер дегеніміз кімдер және кез келген жас волонтер бола ала ма? Ол үшін адамның бойында қандай қасиеттер болу керек?
– Бұл – бір кәсіп түрі немесе мамандық емес. Волонтерліктің басты қағидасы – жақыныңа жанашыр болу, қоршаған ортаға, айналаңа, қоғамға бейжай қарамау. Тұжырып айтсақ: білгеніңді бөлісу, жолаушыға жол көрсету, үлкенге ізет, кішіге құрмет, қамқорлық таныту. Еріктіліктің негізі халқымыздың ежелден келе жатқан Асар мәдениетінде жатыр. Бес адам бірігіп 10 адамға, 10 адам бірігіп 100 адамға жақсылық жасауға болады. Көп адам топтасып мыңдаған адамға көмек қолын соза алады. Волонтерлер біріге отырып қоғамға, қоғамдық игілікке бағытталған қызметтерді жүзеге асырады. Хакім Абай айтқан бес асыл іс адамның бойынан табылса, «бес дұшпаның» деп белгілеген қасиеттерден аулақ болса, ерікті ғана емес, ол адам елге жанашыр азамат болып қалыптасады.
– Волонтерлерді ынталандыру жағы қалай? Олар расында бұл іске ықыласпен келе ме?
– Олар істеген қызметіне ақы алмайды. Себебі волонтерлік қызмет – адамның ниетімен өлшенетін дүние. Қызметінің өтемі – алғыс. Ол алғыс алудан, жақсылық жасаудан ләззат алуы тиіс. Біз олардың ниетін жүзеге асыру үшін мотивациалық жұмыстар жүргіземіз. Көп алдында көтермелеп, марапаттаймыз. Ол түрліше формада жүзеге асады. Ынталандырудың басты жолы – оларды қоғамдық игілікке бағытталған жобаны жүзеге асыратынын, волонтерлік қозғалысы арқылы өмірімізді, айналамызды нұрландыруға болатындығын ұғындыру. Олар волонтерлік қызметті игеру арқылы жаңа бір саланы игереді, жаңа достар табады. Сондықтан жастар үшін қызықты да пайдалы қызмет.
Әңгімелескен
Әтіргүл ТӘШІМ,
журналист