Алматы облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс істеліп жатыр. Нәтижесінде аймақтағы жаңғыртуды қажет ететін құрылыс нысандары мен әлеуметтік маңызы жоғары ғимараттар күрделі жөндеуден өтуде, – деп хабарлайды egemen.kz.
Бағдарлама аясында аймақтағы білім нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуіне де мол қаржы бағытталып, жұмсалуда. Атап айтқанда, бағдарламаға сәйкес жалпы сомасы 23,9 млрд теңге болатын 55 білім ошағына жүргізілген күрделі жөндеу аяқталу үстінде. Бұйырса, 42 мектеп, 2 колледж, 5 балабақша толық дайын. Бұған қоса 5 мектептің ауласы абаттандырылып, спорт және балалар алаңдары ашылмақ. Осы «Жұмыспен қамтудың жол картасын» жүзеге асыру нәтижесінде облыс мектептеріндегі дәретхана мәселесі де шешімін табуда. Жоспарға сәйкес, дәретханасы ғимарат сыртына орналасқан 347 мектептің санитарлық торабы қайта жабдықталудан өтеді. Қазірге дейін 131 мектептегі жөндеу жұмысы аяқталған.
Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аудандардың қалыпты дамуына ерекше серпін бергенін айтуымыз керек. Мысалы, 1963 жылы қолданысқа беріліп, содан бері бір рет күрделі жөндеу жасалмаған Көксу өзені бойындағы су бөгетінде қазір жұмыс қызып тұр. Бұл іске республикалық бюджеттен 515 млн теңге қаржы қарастырылған екен. Ал нысанның гидротехникалық құрылысын жаңғырту «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Жөндеу жұмыстарына барлығы 100 адам жұмылдырылған. Әзірге су деңгейінің қалыптан көтерілуіне байланысты 40 шақты адам еңбекке тартылып, он шақты техника қызмет көрсетуде. Дәл қазіргі сәтте бөгет маңын абаттандырып, күрделі жөндеуге дайындық жүріп жатыр. Нысан құрылысының қызған шағы алдағы қыркүйек айына тұспа-тұс келмек.
– Бұл тоспаның жалпы ұзындығы 60 метр, биіктігі 6,8 метр. Ал су қоймаға 539 текше метр су сияды. Жаңа бөгет алдыңғысынан әлдеқайда берік және сапалы болмақ. Стратегиялық маңызды нысан қайта жөндеуден өтіп, іске қосылса елдің әл-ауқаты жақсарып, жаңа жұмыс орындары да ашылады. Бөгеттің бастауында және төменгі тұсындағы су тарату торабында 4 бөлмелі төрт пәтер салынып жатыр. Бұл су қоймасында жұмыс істейтін мамандар үшін қажет баспана. Жалпы бөгеттің жөндеу жұмыстарын 2020 жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген, – дейді бас инженер Мақсат Садиев.
Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Талғар ауданында аула ішілік алаңдарды абаттандыру үшін 1 млрд 246,5 млн теңге бөлінген екен. Бұл қаржыға барлығы 123 көппәтерлі тұрғын үйдің 39 ауласы көркейтіледі. Осы абаттандыру жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы» арқылы 119 адамның жұмысқа орналастырылғанын да айта кету керек. Ал бағдарлама аясында ауданда 1601 жұмыс орны құрылса, соның 800-ден астамы осы Жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекпен қамтылмақ.
Талғар демекші, Алматы қаласының іргесіндегі ауданда ауыз су мәселесі бары жасырын емес. Жаңадан бой көтерген ауылдарда бұл тіпті күйіп тұрғаны анық. Ал Талғар қаласының өзінде ауыз судан бөлек жылумен қамту жайы жиі сынға алынған еді. Бұйырса, бұл күрделі мәселелер де толық шешімін табатын сәт жақын қалған сияқты. Мәселен, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы Талғар қаласында магистралды су құбырының қайта жаңғыртылуы мен құрылысы жүргізіліп, Бесқайнар ауылының ауыз су жүйесі жасалса, Талдыбұлақ ауылында кәріз жүйесі де қайта жаңғыртылмақ екен. Яғни осы бағдарлама бұдан өзге көлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандарда да құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне ықпал етіп отыр. Сол сияқты Талғар қаласындағы «Бозторғай» мен «Мелиоратор» шағын аудандарындағы көп жылдан бері қолға алынған көпқабатты үйлерді орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу жұмысы да басқа аудандарға үлгі боларлық. Аудан орталығында соңғы екі жылда 21 блокты-модульді қазандық орнатылып, бұл өз кезегінде 129 көпқабатты үйдің немесе 3887 пәтердің орталықтандырылған газбен жылу жүйесіне қосылуына мүмкіндік берді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып, тағы 13 көпқабатты үй автономды жылу жүйесіне қосылмақ.
Алматы облысы
Қазақстандағы және әлемдегі соңғы жаңалықтарды бірінші болып оқу үшін Telegram желісінде бізге жазылыңыз.