Бүгіннен, яғни 17 тамыздан бастап Жамбыл облысында карантин талаптары кезең-кезеңмен жеңілдей бастады. Өңірдегі карантин шаралары туралы қаулыға облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қол қойды. Құжатқа сәйкес, кафе, мейрамхана және басқа да қоғамдық тамақтану орындары сияқты нысандарға жұмыс істеуге күндізгі сағат 11.00-ден кешкі 22.00-ге дейін рұқсат етілген.
Сонымен қатар, 30 орыннан аспайтын жазғы алаңдарда және залдар бойынша да жұмыс істеуге рұқсат бар. Алайда, әзірге ұжымдық іс-шараларды өткізуге жол берілмейді. Ал, сауда және ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, сауда желілері, жабық базарлардың толымдылығы 30 пайыздан аспау керек. Осы және халыққа қызмет көрсету орталықтары, бұған дейін бақылау топтарының дайындық актілерін алған нарықтар, азық-түлік емес дүкендер, азық-түлік супермаркеттері мен дүкендер, автосалондар, автомобильдердің қосалқы бөлшектерін сататын дүкендер, дәріханалар, ветеринарлық дәріханалар мен клиникалар, ауылшаруашылық жануарларына арналған жем сату пункттері, тұрмыстық техника дүкендері, теміржол вокзалдары, автостанциялар, автовокзалдар қалыпты режімде жұмыс атқарады. Алдын ала жазылу бойынша өңірдегі сұлулық салондары, шаштараздар және косметологиялық нысандар қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ, ойын-сауық, спорттық, отбасылық, еске алу, салтанатты және басқа да бұқаралық іс-шараларды үйде өткізу қарастырылған. Ал, барлардың, түнгі және ойын клубтарының, караоке, фуд-корттардың, кинотеатрлардың және басқа да ойын-сауық мекемелерінің жұмысына, мәдени нысандардың, мұражайлардың қызметінің, бассейндердің, қалалық және қоғамдық жағажайлар қызметінің, мешіт, шіркеу сияқты діни ұйымдардың жұмысына шектеулер сақталады. Айта кету керек, күшейтілген шектеу шаралары демалыс күндері күшіне еніп отырады. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жедел штаб отырысында өңірде карантин шаралары жеңілдегенмен, босаңсуға болмайтынын айтты. Қазіргі кезде коронавируспен ауыру көрсеткіші Тараз қаласында және Қордай ауданында өсіп отыр екен. «Сондай-ақ Жуалы, Т.Рысқұлов, Сарысу, Мойынқұм аудандары мен Тараз қаласындағы мобильдік топтардың жұмысы өте нашар. Бірнеше тексеру жүргізгенмен, ешқандай заңбұзушылық анықталмады деп есеп береді. Ал, науқастардың тіркеліп жатқаны бар», деді Бердібек Сапарбаев.
Жамбыл облысы