Тараз қаласында сервис әкімдігінің жаңа кеңсесі ашылды. Аталған нысанда облыс орталығының тұрғындарына ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй, құрылыс және спорт саласындағы қызметтер ұсынылатын болады. "Open space" форматындағы сервистік әкімдік жобасын Тараз қаласының әкімдігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп, "Жамбыл – адалдық алаңы" жобасы аясында жүзеге асырған, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Мұнда қала тұрғындары нақты уақыт режімінде өз өтініштері бойынша ұсыныстар мен жауаптар ала алады. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімділігін арттыру және кедергісіз кеңістікті қалыптастыру", дейді Тараз қаласы әкімі аппараты мемлекеттік қызметтерді дамыту бөлімшесінің басшысы Меруерт Молдағалиева.
Ал, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаевтің айтуынша, барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі Президент айтқан "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасына толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, ол тұжырымдаманы жүзеге асыру тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоюға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жалпы, Тараз қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімдері базасында "Open spac" форматында жұмыс істейтін алғашқы сервистік әкімдіктің тиімділігі жоғары. Мұнда тиісті бөлімдер тікелей байланыс арқылы тұрғындарға 17 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді.
Жаңа сервистік әкімдік тұрғындарға 20-дан астам мемлекеттік қызметтерді қолжетімді түрде ұсынатын болады. Қазір бұл тәжірибе Тараз қаласында жүзеге асырылуда. Бүгінде сервистік әкімдіктер Меркі, Талас, Сарысу аудандары мен Шу қаласында жұмыс істеп тұр. Жақын арада Байзақ, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында фронт-кеңселер ашу жоспарлануда.
Азаматтарды қабылдау ашық кеңседе өтеді. Егер азаматтардың бөлім басшысы немесе оның орынбасарларымен кездесу қажет болса, ол оған арнайы сол кеңседе қол жеткізе алады. Кеңсе шыны қабырғалармен, бейне және аудио жазбалармен жабдықталған.
Жамбыл облысы