Жамбыл облысында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту ең өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде өңірде жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 44 мың адам қамтылған болса, оның ішінде 37,2 мың адам жұмысқа орналасқан. Еңбек нарығына тартылған тұрғындардың 45 пайызы жұмыссыздар болса, 55 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып есептеледі. Бұл ретте Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ағымдағы жылы аймақта 20,1 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланғанын атап өтті. Есепті кезеңде жоспар 130 пайызға орындалып, 26,1 мың жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарының үлесі 63 пайызды құрайды.
Сонымен қатар, 30,6 мың адам "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы атанған. Бағдарлама шеңберінде 634 жамбылдық 2,5 миллиард теңге көлемінде шағын несие алған болса, оның ішінде 590 тұрғын берілген қаражатты асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға жұмсаған. Бүгінгі таңда олармен 2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, бюджетке 55,4 миллион теңгенің салығы төленген. Гранттарға 1,8 миллиард теңге бөлініп, ол толығымен игерілген. Аталған гранттарға барлығы 3 253 адам қол жеткізген. Сол сияқты, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында жалпы көлемі 61,2 миллиард теңгеге 831 жоба жүзеге асырылуда екен. Бүгінде барлық жобалар бойынша конкурстық рәсімдер аяқталып, 826 жоба бойынша жұмыс басталған. Бүгінгі таңда бөлінген қаражаттың 85 пайызы игерілген.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 87 білім беру нысаны, 54 денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, 179 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, 208 инженерлік және көлік инфрақұрылым нысандары жөнделетін болады. Қордай ауданында 17 елдімекенге көгілдір отын тартылып, 70,1 мың тұрғын газбен қамтамасыз етіледі. Облыс халқын орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету үлесі 72 пайыздан 75,4 пайызға дейін артады деп күтілуде. Айта кету керек, жұмыстардың басым бөлігі ауылдық елдімекендерде жүргізілуде", деді Бердібек Сапарбаев. Сонымен қатар, бүгінде Жамбыл облысындағы жұмыссыздық үлесі 4,8 пайыз деңгейінде сақталған.
Жамбыл облысы