Әбу Насыр әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр» деген. Бүгінде әлемнің алдыңғы қатарлы елдері ғылымсыз, озық білім мен инновациялық технологияларсыз мемлекеттің экономикасы мен азаматтардың әлеуметтік жағдайын түзеу мүмкін еместігін жақсы түсініп, өздерінде ғылым саласының дамуына басымдықтар беріп, ғалымдарын бағалап, олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызуда.
Елдің бәсекеге қабілетті болуы көп жағдайда оның ғылыми әлеуеті мен ғалымдарына байланысты екенін жақсы түсінген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, осы жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысын еліміздегі адами капиталдың дамуына арнап, отандық білім және ғылым саласының дамуына қатысты тың бастамалар көтеріп, нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, кез келген саланы дамыту үшін оған білікті мамандар қажет екені белгілі. Сол себептен, ғылыми кадрлардың әлеуеттерін артыру үшін биылдан бастап мемлекет тарапынан жыл сайын 100 ғалымның әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханаларында тағлымдамадан өтіп, тәжірибе алмасуларына жағдай жасалып отыр. Докторанттардың алаңсыз ғылыммен айналысуы үшін оларды әлеуметтік тұрғыда қолдауды күшейтіп, стипендияның мөлшерін арттырып, зерттеу жұмыстарын толық аяқтау үшін постдокторантураға мемлекеттік тапсырыс берілмек. Негізінде, ғылыми ізденістердің нәтижелерін рейтингі жоғары ғылыми басылымдарға жариялау әлемде қалыптасқан үрдіс. Соңғы он жылда «Scopus» деректер базасында қазақстандық ғалымдардың жарияланымдарының жалпы саны 34,5 есеге, «Web of Science» деректер базасында 59 есеге өскен. Сондай-ақ 2015 жылдан бері біздің ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемнің ғылыми журналдарының топ-25%-ына енген. Ал соңғы жылдары ғылыми жарияланымдар авторларының саны 3 есеге өскен. Сапалы мақалалардың санын арттыру мақсатында, Білім және ғылым министрлігі ізденушінің бір мақаласы рейтингісі (квартилі) жоғары басылымға жарияланған жағдайда, оның диссертациясын қорғауға жіберу мүмкіндіктерін қарастырып отыр.
Ғылым саласын қаржыландыруды арттырумен қатар, қатаң тәртіп пен талап, сондай-ақ әрбір ғылыми зерттеудің нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы керек. Мемлекет басшысы ғылымдағы біз үшін аса маңызды басым бағыттарды да бағамдап беріп, негізгі күш пен қаржы медициналық-биологиялық зерттеулерге, ауыл шаруашылығы ғылымына, «жасыл» технологиялар мен жасанды интеллектті дамытуға және қуат көздерін үнемдеуге бағытталуы тиіс деп есептейді. Бұлар біздің ғылым саласын дамытудағы алдағы мерзімдегі басты бағыттарымыз бен басымдықтарымыз. Оларды іс жүзіне асырып, нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін, саланының функционалдық мүмкіндіктерін жетілдіріп, заңдарды бейімдеп, нормативті-құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету шарт.
Соңғы уақытта Білім және ғылым министрлігі ғалымдар мен ғылыми зерттеулердің әлеуеттерін арттырып, олардың нақты нәтижелерге қол жеткізулері үшін «Ғылым туралы» заңды жетілдіріп, заң жобасын парламенттің қарауына енгізді. Қазір ғылымды басқарудың ортақ жүйесін қалыптастыруда. Өткен жылдың соңында Білім және ғылым саласын 2025 жылға дейін дамытуға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Ғылыми-зерттеу салаларының басымдықтары нақтыланып, олардың саны 10-ға жеткізіліп, қайта бекітілді. Базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жүйесі жетілдіріліп, енді базалық қаржыландырудың көлемі артып, ғылыми-зерттеу мекемелері мен қызметкерлерін қаржылай қолдау, оларды зертханалық және ғылыми-техникалық құралжабдықтармен қамтамасыз ету күшейтілуде. Бүгінгі таңда қаржы бөлініп, ғылыми-зерттеу мекемелері қажетті зертханалық құрал-жабдықтарды сатып алуға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоғары оқу орындарындағы ғылымның дамуына да ерекше көңіл бөлінбек. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурстар үш жылда бір рет емес, жыл сайын өткізілетін болады. Ұлттық ғылыми кеңес пен Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығының қызметтері жетілдіріліп, жаңа нормативті-құқықтық актілер қабылданды.
Осылайша, елімізде соңғы кезде ғылым саласын дамытуға қатысты нақты іс-шаралар қолға алынды. Оларды тиімді жүзеге асыратын болсақ, отандық ғылымның жаңа сатыға көтерілуіне ықпал етіп, күрделі мәселелерді шешетін боламыз.