Экология – мекен ететін табиғи орта туралы ғылым. Расында, экология өзіңнің тұрған үйіңнің, қоршаған ортаңның тазалығын сақтау, яғни салауатты өмір салтын қалыптастыру дегенді білдіреді. Сонымен қатар бұл табиғатта болып жатқан барлық өзгерістің себебін анықтау, баға беру және алдын алу мәселелерін қарастырады.
Жастарға экологиялық білім мен тәрбие беру – қашанда өзекті мәселе. Бүгінде ауыл-аймақтарда экологиялық, санитарлық, эпидемиялық жағдайдың нашарлауы салдарынан жұқпалы аурулар көбейіп отыр. Адамдар ядролық жарылыстардың зардабын әлі де тартып жатыр: қатерлі ісік, өкпе, қан аздығы, қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы, жүрек, жүйке ауруымен ауыратындар көп. Радиациялық заттар қоршаған ортаға ядролық отындар, өндіріс құралдарын жасап, сынау кезінде таралады. Радиацияның шамадан артық мөлшері ағзада қатерлі ісіктің, генетикалық өзгерістердің пайда болуына әсер етуде.
Семей аумағында қазір радиациямен зақымданған 700 мыңға жуық жер бар. Оның адам денсаулығына қаупі зор. Бұған қоса табиғи ортаға ғарыштық сәулелер, топырақ, күн сәулесі әсерін тигізеді. Күнделікті өмірде жасанды жолмен флюорография, теледидар, сағаттардың шағылыс циферблаттарынан туатын сәулелер де бар.
Өсімдік – тіршілік тірегі. Ғаламшардағы өсімдіктер жылына ауа қабатына 400 млн тонна оттегі бөлетіні анықталған. Жасыл желек ауаны улы газ бен шаңнан тазартады. Өсімдіктер ауада ауру тудыратын бактерияларды жоятын ерекше зат бөліп шығарады. Оның медицинада алатын орны ұшан-теңіз. Сондықтан өсімдіктің қызметін бірде-бір жетілген механизм атқара алмайды.
Айналамыздың ластанбауына тікелей адамдар жауапты болғандықтан, экологиялық мәдениетті қалыптастыру өте маңызы. Бұл үшін балабақшадан бастап қоршаған ортаның бүтіндігіне бейжай қарамайтын ұрпақ тәрбиелегеніміз дұрыс. Осы ретте ата-аналар балаларының бойына табиғатқа, қоғамға жанашырлық, жауапкершілік әдептерін сіңіруге ерекше мән берген жөн.
Айзада ШАРИПОВА,
№4 орта мектебінің мұғалімі
КӨКШЕТАУ