Еуропадағы ең беделді промоушен – АСА (Absolute Championship Akhmat) 5 қыркүйекте Мәскеуде аралас жекпе-жектен аса ірі халықаралық турнир ұйымдастыруды көздеп отыр. Сол жарыста қазақтың қайсар ұлы, «Алаш Прайд» клубының мүшесі Нұрсұлтан Қасымханов өнер көрсетеді. Ол ресейлік Әлихан Сүлеймановпен күш сынасады. Айтулы қос спортшы жартылай жеңіл, яғни 65,9 кило салмақ дәрежесінде сайысқа түседі.
Алматы облысы Алакөл ауданының тумасы Нұрсұлтан Қасымханов кезінде қазақ күресімен шұғылданған. Ұлттық спорт түрінен өткен жарыстарда біраз табысқа жеткеннен соң аралас жекпе-жекке ауысады. Елімізде жауынгерлік өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубында шеберлігін шындаған ол өзінің тұсаукесер кездесуін 2014 жылдың сәуір айында Руслан Серіпқұловқа қарсы өткізіп, басым түседі. Сол кезден бері барлығы 12 рет айқас алаңына шыққан Қасымханов 10 бәсекені өз пайдасына шешті. Атап айтсақ, қандасымыз ауғанстандық Әмір Ибохум, өз жерлестері Салат Бишханов, Қанат Досмағамбетов, Қанат Рақымов, Райымбек Орынбай, қырғызстандық Жәмшітбек Әзірет, ресейлік Дмитрий Ермолаев пен Александр Педусон және беларусьтық Иван Жвирблияны жеңеді. Сол жекпе-жектердің тең жартысын мерзімінен бұрын аяқтады.
Тағы екі кездесуде Нұрсұлтан жеңілістің кермек дәмін татты. Ол 2014 жылы қазақстандық Виктор Кичигинге және 2018 жылы румыниялық Богдан Барбуге есе жіберді. Екеуінде де бәсеке тағдырын төрешілер шешіп, жеңісті қарсыластарына берді.
Мәскеуде Нұрсұлтан Қасымханов Әлихан Сүлеймановпен жекпе-жекке шығады. Чешенстанның тумасы өте тәжірибелі спортшы. Ол да осы спорт түрін 2014 жылдан бері серік етуде. Сол аралықта 13 мәрте октагонға шығып, 11 рет жеңіс тойын тойлады. Жеті қарсыласын есінен тандырды. Биыл наурыз айында Алматыда өткен турнирде Әлихан біздің Ермек Тлауовті тізе бүктірген болатын. Бұл жолы біз Нұрсұлтан өз командалас әріптесінің жіберген есесін қайтарады деп үміттенеміз.
– Бұл өте тартысты жекпе-жек болатыны сөзсіз. Әлихан – талай дүрмекте өзінің мықтылығын сан мәрте мойындатқан саңлақ. Бірақ біздің Нұрсұлтан да осал емес. Ол – ешкімнен қаймықпайтын, алдында қандай дүлей күш иесі тұрса да еш аянбай айқасатын ержүрек жігіт. Сондықтан осы айқасты тамашалаған көрермендердің айызы әбден қанатынына еш күмәнім жоқ, – дейді «Алаш Прайд» клубының президенті Данияр Қасқарауов.
5 қыркүйек күні Ресей астанасында жалауы желбірейтін жарыстың басты жекпе-жегі жартылай орта салмақ дәрежесіндегі (77,2 кило) Кабардино-Балкарияның өкілі Әли Багов пен дағыстандық Мұрат Абдуллаев арасында өтеді. Тағы бір негізгі тартыста Эдуард Вартанян (70,4 кило) мен Мұхамед Коков күш сынасады.