Осыдан дәл 36 жыл бұрын, яғни 1984 жылдың 18 тамызында Мәскеуде «Достық-84» деген атауға ие болған кешенді спорттық жарыстардың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған 50 елдің өкілдері қатысты. Солардың қатарында Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысудан бас тартқан КСРО, Мажарстан, Солтүстік Корея, Моңғолия, Болгария, Куба, ГДР, Эфиопия, Польша, Чехословакия және тағы басқа социалистік бағыттағы мемлекеттердің өрендері болды. Жаз айларының басында басталып, қоңыр күзге дейін созылған бәсекелер аса жоғары деңгейде өтті.
1980 жылы АҚШ бастаған капиталистік бағыттағы бірқатар мемлекет Мәскеу Олимпиадасына қатысудан бас тартқаны белгілі. Соған жауап ретінде социалистік елдердің біразы Лос-Анджелестегі ойындарға бойкот жариялады. Содан Олимпия додасы қызып жатқан тұста КСРО-ның билік басындағы азаматтары аса ірі кешенді спорттық сайыстарды ұйымдастыруды құп көрді. Арнайы қаулы қабылданып, осы бағытта жұмыстар жүргізіле бастағанда оған «Достық-84» деген атау берілді. Жарыстың ашылу салтанаты В.И.Ленин атындағы Орталық стадионда (қазіргі «Лужники») дүркіреп тұрып өтті.
Бәсекелер Олимпиада бағдарламасына енген 30-ға жуық спорт түрі бойынша өтті. Сонымен қатар самбо, теннис және үстел теннисінен сайыстар ұйымдастырылды. Айтулы жарыстың деңгейі жоғары болғаны соншалық, тек ауыр атлетиканың өзінде ғана әлемдік рекорд 28 мәрте жаңарды. Бұрын-соңды болмаған нәтижелер велоспорт (7), жүзу (5), нысана көздеу (4) және жеңіл атлетика (3) сайыстарында да тіркелді. Тағы бірнеше мәрте рекордтық көрсеткіштер қайталанды.
Жалпы, «Достық-84» додасының алауы Мәскеуде тұтанғанымен, жарыстар КСРО-дан бөлек, тағы бірнеше мемлекетте өтті. Мәселен, су добы, волейбол және боксшылардың бәсекесін Куба қабылдаса, үстел теннисшілері Солтүстік Кореяда сайысқа түсті. Самбо күресінің шеберлері Моңғолияда белдесті. Ал қалған жарыстар қарт құрлықта ұйымдастырылды.
Жалпы командалық есепте КСРО құрамасы жеке-дара көш бастады. Олар 282 (126 алтын+87 күміс+69 қола) жүлдеге иелік етті. Екінші және үшінші орындарды ГДР (50+45+43), Болгария (21+25+29) иеленді. Сондай-ақ Куба (15+11+12), Мажарстан (10+17+24), Польша (7+17+34), Солтүстік Корея (5+5+10), Чехословакия (2+18+28), Қытай (2+1+4) және Эфиопия (1+2+2) үздік ондықтың қатарына енді. Байрақты бәсекелер барысында барлығы 13 мемлекеттің әнұраны шырқалса, 19 елдің туы биікте желбіреді.
«Достық-84» додасына Қазақстанның да көптеген спортшысы қатысты. Олардың дені жеңіс тұғырына көтерілді. Егер сол жерлестеріміз Лос-Анджелеске аттанғанда, Олимпия ойындары тарихында жеңіп алған жүлделеріміздің саны қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Мәселен, 1984 жылы Ташкентте өткен КСРО чемпионатында қазақтың төрт бірдей боксшысы жеңімпаз атанды. Олардың барлығы да «Достық-84» жарысында өнер көрсетті. Кәрімжан Әбдірахманов пен Серік Нұрқазов күміс алса, Серік Қонақбаев қола медальды қанағат тұтты. Асылбек Қилымов ширек финалда ұтылды. Бір айта кетерлігі, бұл жігіттердің бәрінің де жолын Кубаның қабыландары бөгеді. Бірақ қандастарымыздың барлығы бірдей ұтылды деп айтуға ауыз бармайды. Біздің жігіттер жаман жұдырықтасқан жоқ. Бірақ кейде саясаттың да спортқа салқыны тиеді емес пе. Бұл жолы дәл солай болды. Жарыс Гаванада өткендіктен төрешілер жергілікті боксшылардың ығына жығылды. Оның үстіне бұл бәсекелерді Бостандық аралының басшысы Фидель Кастроның өзі тапжылмай тамашалады. Трибунада осындай мәртебелі мырза отырғанда, біріншіден – кубалықтар шаршы алаңға қанаттанып шықты, екіншіден – қазылар да оларға қатты көмектесті. Осы сөзіміз дәлелді болу үшін мына бір деректі алға тартайық: Гаванада 12 салмақ дәрежесі бойынша өткен боксшылар бәсекесінде жарыс қожайындары 11 мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Тек бір ғана бас жүлде өзге елдің өреніне бұйырды. Бұл ретте 67 кило салмақта өнер көрсеткен ГДР-дың өкілі Тростен Шмитцтің бағы жанғанын айта кетейік. Финалда ол кубалық Хосе Эрнандестен айласын асырды.
Қазақстандық спортшылар арасында жеңіл атлет Владимир Муравьев пен Зоя Иванова, баскетболшы Надежда Ольхова мен Валерий Тихоненко, волейболшы Елена Чебукина мен Ольга Кривошеева, ватерполшы Сергей Котенко, көгалдағы хоккейшілер Сос Айрепетян, Миннеула Әзизов, Александр Гончаров, Серік Қалымбаев, Александр Мясников, Михаил Ничепуренко және Фарит Зигангиров алтын тұғырға көрсетілсе, тағы көптеген жерлесіміз жүлделі орындарды иеленді. Міне, «Достық-84» ойындары осындай оқиғаларымен есте қалды.