Қорғаныс министрлігінде ведмоство басшысының орынбасары, генерал-лейтенант Тимур Дәндібаевтың басшылығымен Қарулы Күштердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырыста өткен кезеңдегі жұмыс қорытындылары шығарылып, Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының басқармасы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық қауіп-қатеріне талдау жасалды.
Отырыс барысында комиссия төрағасы Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының: «Сыбайлас жемқорлыққа негіз болған құбылыстардың себептері мен жағдайларын жоймай, құқық бұзушылықпен күресу мүмкін емес. Халық шенеуніктің немесе қандай да бір басшының жауапқа тартылып қана қоймай, олар қызмет еткен мемлекеттік органдардың жұмысында оқиғалардың қайталануын болдырмайтын түбегейлі өзгерістер орын алғанын көруі керек», деген нұсқауларын жеткізді.
Жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін жүйелік проблемаларды, себептер мен жағдайларды жою, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың қайталануын болдырмауға, бөлінген бюджет қаражатын ұрлауға жол бермеу қажеттілігіне назар аударылды.
Алдын алу шараларының мысалы ретінде лауазымдар тізіміне әскери бөлім командирлерінің лауазымдарына тағайындалған кезде полиграф арқылы тексеруден өту көрсетілген.
Комиссия төрағасы 2015-2019 жылдар аралығында Қарулы Күштерде қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың нәтижесінде жемқорлық бойынша қылмыстардың саны төрт еседен көп азайғанын атап өтті. 2019 жылы жемқорлыққа қатысты алты қылмыс жасалса, 2015-2018 жылдары аралығында қылмыс саны 34-ті құраған.
Сонымен қатар 2020 жылы құқық бұзушылықтың 76%-ға артуы байқалады. Бірақ іс жүзінде бұл сыбайлас жемқорлық қылмысының өсуі емес, оның айқындалуының артуы. Қорғаныс министрлігі қолданып жатқан түбегейлі жаңа тәсілдерді ескерсек, бұл әбден болуы мүмкін нәрсе. Қорғаныс ведомствосы ештеңені жасырмайды, керісінше барлық ақпаратты тиісті органдарға бере отырып, ашық жұмыс істейді. Ақпан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен әскери ортада сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Нөлдік төзімділік қағидасына сүйене отырып, Қарулы Күштер оларды жасырмайды.
«Біз өз қатарымызды жемқорлықтан тазартуға мүдделіміз. Бұл істе ешкімге аяушылық жоқ», деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Қабылданған алдын алу шаралары бюджет қаражатын жымқыру саласындағы қылмыстың азайғаны және 2019 жыл мен осы жылы аталған қылмыстардың тіркелмегендігі туралы Қарулы Күштердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жағдайы жөніндегі талдауда көрсетілген.
Негізінен жеке әскери қызметшілердің өздерінің жеке тәртіпсіздіктері мен ашкөздіктерінің кесірінен тұрмыстық эпизодтағы жемқорлық фактілеріне ғана жол берілген.
Сыбайлас жемқорлық қылмысының бірде-бір фактісі ескерусіз қалмайды. Заң бұзушылыққа жол берген барлық кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту шаралары қабылдануда.
Әскери қызметшілердің басты бөлігі әскери борышын адал атқаратындар және Отанға шексіз қызмет ететіндер.
Сонымен қатар талдау сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтау әдістемесіндегі кейбір проблемаларды анықтады. Мәселен белгілі бір елеусіз сыбайлас жемқорлық қылмыстардың саны объективті жағдайды көрсетпейді және бұрмаланған шындықты қабылдауға әкеледі. Қарулы Күштердің жеке құрамының санын ескере отырып, сыбайлас жемқорлық деңгейінің мемлекеттік органның лауазымды адамдарының санына қатынасы тұрғысынан қарастыру әлдеқайда объективті болып табылады.
Әскери қызметтің ерекшелігі келісімшарт бойынша қатардағы жауынгер мен сержанттар құрамының кез келген әскери қызметшісі өкілеттік берілген лауазымды адам бола алатындығын атап өту қажет.
Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық рейтингін анықтау кезінде қылмыстың ауырлығын және қоғамға әсер ететін қауіптілік дәрежесін ескеру қажет.
Сонымен қатар Қорғаныс министрлігі кез келген ұсақ құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға жол беруге болмайды деп санайды және мұндай жағдайда нөлдік төзімділікке тәрбиелейді.
Әскери ортадағы сыбайлас жемқорлық деңгейі Қарулы Күштерге мемлекеттің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету бойынша қойылған міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.
Құрылған гарнизондық сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссиялар Қарулы Күштердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жаңа серпін береді.
Жергілікті әскери басқару органдарында (әскери комиссариаттарда) сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен шарттары жойылуда. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің бірінің базасында әскери есепке қоюдан бастап әскери билетті алуға дейінгі барлық қызметтерді электронды түрде көрсетуді көздейтін пилоттық жоба құрылды. Аталған жоба пысықталғаннан кейін мұндай тәсіл барлық жерде енгізілетін болады.
Анықталған екі «жасырын» мемлекеттік қызметті (әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскерге шақырудан босату) мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізуге бастамашылық жасалды.
Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге, әскери қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға және азаматтардың Қарулы Күштерге деген сенімін арттыруға бағытталған «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды.
Әскери полиция бас басқармасының құрылымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма құрылды. Ол ең алдымен, сыбайлас жемқорлық себептерін анықтай отырып, осы салада терең талдау жұмыстарын жүргізеді.
Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысы басқармасының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауды қарастыра отырып, комиссия тамақтандыруды ұйымдастыруға бақылауды жүзеге асыру кезінде әскери бөлімдер командирлерінің дискрециялық өкілеттіктерін алып тастауға, сапаға сәйкес келмейтін азық-түлікті, сондай-ақ сапасыз дайындалған тағамды айқындау алгоритмін әзірлеуге, әскери бөлімдерді қажетті аспаптармен қамтамасыз етуге, сонымен қатар тылдық және кадрлық қамтамасыз ету салаларында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою бойынша және басқа да ұсынымдар берді.
Комиссия отырысы барысында әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы құқықтық ақпаратқа кеңінен қол жеткізуін қамтамасыз ету мәселесі жеке атап өтілді. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында басшылық құжаттар, оқу құралдары мен әдістемелік ұсынымдар, басқа да пайдалы ақпарат орналастырылған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» атты арнайы айдар жұмыс істейді.