Елімізде өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне аса бай өңірлердің бірі – Ырғыздың ұшы-қиыры жоқ кең даласы. Ырғызда өсімдіктердің 423, құстың 250 және аңның 42 түрі бар. Қызыл кітапқа енгендері де едәуір.
Құйқалы өңірдің баға жетпес қазынасын сақтау мен қорғау, қамқорлық жасау үшін 1986 жылы халықаралық маңызы бар республикалық дәрежедегі кіші қорық жасақталды. Қорық аумағы аңы мен құсы жыртылып айырылатын, балығы шыпырлаған 378 мың гектарды қамтыды. Ал арада жиырма бір жыл өткен соң, яғни 2007 жылдың 14 ақпаны күні кіші қорықты қалпына келтіру мен ауқымын өсіру үшін Үкімет қаулысына сәйкес «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылған.
Ата Заңымызда табиғат қойнауының байлығы мемлекет меншігі екені айқын көрсетілген. Осы орайда резерват өз қызметін республика Конституциясына және өзге де тиісті нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ аталған мекеме туралы ережеге сәйкес жүзеге асырады. Оның өз төлқұжаты мен рәміздері және басқару жоспары бекітілген. Табиғи резерваттың құрылтайшысы – Үкімет. Сондықтан да бұл мекеме негізінен республикалық бюджеттен, сондай-ақ белгіленген заңнама шеңберінде басқа да қаражат көздерінен қаржыландырылады.
Резерват ұғымы екінің біріне бірдей мәлім, түсінікті бола бермеуі де мүмкін. Осы орайда бұл жөнінде қосымша дерек бере кеткеннің артығы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, мұның өзі табиғи кешендердің биологиялық саналуандығын әрі олармен байланысы бар табиғи нысандарды қорғауға, қалпына келтіруге және сақтауға арналған біртұтас экологиялық жүйе десе де болады. Бұл ретте Ырғыз-Торғай табиғи резерватында ерекше қорғалатын табиғи аумақ көлемі жөнінен тек елімізде ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда тұратыны атап айтуға тұрарлық мәселе.
Аталған ауқымды құрылым еліміздің Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды және Қызылорда секілді төрт бірдей облысының шалғай шекараларымен шектеседі. Оның бас әкімшілік кеңсесі Ақтөбе облысындағы Ырғыз ауданының орталығында орналасқан. Осынау теңдесі жоқ далалық экожүйенің басты ерекшелігі – өркениет құрылымдарынан, соның ішінде өндіріс ошақтары мен автокөлік дәліздерінен және темір жол бойымен елді мекендерден тысқары, қашық орналасуында. Мұндай тылсым, тұмса табиғат өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің табиғи жағдайда емін-еркін өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызады. Биологиялық алуантүрлілік ұғымының бір тармағы осы арадан туындайды. Резерват аумағында ережеге сәйкес шаруашылық қызметтерді жүргізуге рұқсат етілмейді.
Флора мен фаунаның тіршілік етуіне ең қажетті фактордың бірі – құлазыған қу дала емес, сылдыраған су, айнадай жарқыраған өзендер мен көлдер. Бұл бағытта Ырғыз-Торғай резерваты аумағы Мұғалжар тауы мен Ұлытау аралығындағы 200 млн-нан астам шаршы шақырым аумақта млрд-таған текше метр еріген қар суын жинайтын Ырғыз, Торғай, Өлкиек және Телғара өзендері аумағында көлбей орналасқан. Сексеннен астам көл бар. Осы өзен-көлдер жүйесі бір арнаға тоғысып, ел-жұрт арасында Құрдым деп аталып кеткен Шалқар теңізі алабына бет түзейді. Бұл табиғаттың бейнебір артық су жинайтын алапат қоймасы тәрізді. Сулы-батпақты осынау таңғажайып табиғат кеңістігі дүниежүзілік орнитологиялық маңызға ие.
Кейінгі кезде Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалының (Заказник) 296 мың гектар жері резерваттың басқаруына бекітіліп берілді. Сөйтіп, оның аумағы бұдан үш жыл бұрын тағы да 410 мың гектарға ұлғайтылды. Қазір резерватқа қарасты ЕҚТА-ның барлық жер көлемі – 1 млн 643 мың гектар. Бұл республикадағы алты резерваттың ең ауқымдысы екен. Сондай-ақ бұл дерек резерваттың алатын жері Ырғыз ауданы аумағының 39,6 және тұтастай облыс аумағының 5,5 пайызын құрайтынын көрсетеді.
Бүгінде Ырғыз-Торғай резерватында штаттық кестеге сәйкес 120 адам жұмыс істейді. Бақылау қызметінің басты арналары – табиғи кешенді қорғауға, ғылыми-ақпараттық тұрғыда мониторингтік зерттеулер жүргізуге, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қалпына келтіруге, және экологиялық ағарту мен туризм ісін ұйымдастыруға бағытталған.
Осы орайда резерват жұмысын жедел жүргізу үшін мемлекет қазынасынан 321 млн теңгеге қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған әкімшілік ғимараты кешені салынған. Оған орналастырылған DAVIS ауа райын бақылау бекеті қондырғысы резерват аумағындағы ауа райы жөнінде толық мәлімет жинақтай алады. Сонымен бірге жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің есебін алуға арналған ареалдар да бар. Оны картаға түсіруде GARMIN және MARINFOW бағдарламалары қолданылады. Соның ішінде киіктердің Бетпақдала таралымындағы әуе санағына резерват инспекторлары қатысып келеді. Бұл істе жекелеген киік үйірлеріне спутниктік бақылау қарғылары орнатылған.
Жер бетінде жойылып кету қаупі бар, ерекше қорғауға алынған жануарлардың бірі – ақбөкен. Бетпақ дала таралымындағы бұлардың басты мекендеу ортасы мен миграциялық жолы – Ырғыз-Торғай резерваты аумағы. Бұл мекеме құрылған кезден бері киіктер саны он еседей өсіп, 220 мыңға жуықтады.
Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты қызметінің тиімділігін көтеру ісінде толықтай шешімін таппаған мәселелер де бар. 1,5 млн гектардан асып түсетін ауқымды аумақты күзету мен қорғау шараларын қамту үшін қосымша штаттар мен техникалар қажет. Сайып келгенде оның қаржыландыру мәселесіне тірелетіні түсінікті. Бұл тұрғыда қосымша қаржы көздерін қарастыру керек. Резерваттағы елді мекендердің бір бірінен 120-140 шақырым шалғайда орналасқаны, ауа райының қолайсыздығы күзет-бақылау жұмыстарын жан-жақты жүргізуге кедергі келтіреді. 65 мемлекеттік инспектордың қызмет етуіне лайықталған бір ғана үйдің аздық ететіні де рас. Оның салынғанына он жылға таяп қалды. Ал ғылыми-техникалық негіздемеге сәйкес, кем дегенде айдалада арнайы салынған қызметтік үйлердің үшеуі болуы қажет көрінеді. Бұған тиісті қаржы қарастырылмағаны қынжылтады.
Резерват қызметінің басты бір арнасын ғылыми жұмыстар құрайтындықтан, мекеме басшылығы өңірдегі және Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарымен және ғылыми мекемелермен байланыс орнатқан. Соның нәтижесінде Білім және ғылым министрлігінде тіркелген ғылыми тақырыптық зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік жасалды. Осы тәртіппен бес жылдық мониторингтік зерттеу нәтижелері хатталып, «Табиғат жылнамасы» топтамасына енгізілген. Алматы қаласындағы «Ұлттық ғылыми-техникалық» ақпарат орталығындағы біртекті электронды базаға тіркелген. Десе де далалық ғылыми жұмыстарды тереңірек жүргізуге қажетті заманауи құрал-жабдықтар – дрон, GPS,бейнетұзақ пен бейнекамералар жетіспейді.
Бекітілген аумақта өрт және басқа да төтенше жағдайлар болмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Осы орайда өрт сөндіру техникаларының да жетіспейтіні, ал қыс кезінде қар қалың түскен жағдайда, қар шаналардың болмауы да қолды байлайды. Ең басты қайшылықты қараңыз: браконьерлердің астында желдей жүйткіген шетелдік жол талғамайтын автокөліктері. Мемлекеттік инспекторлар оларды «УАЗ»-бен қуып жетіп ауыздықтай ала ма? Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты бас директорының міндетін атқарушы Мейірхан Дуанбековтың айтуына қарағанда, мемлекеттік инспекторлардың бәрі бірдей қызмет қаруларымен және кеудеқаптар (броньжилет) қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ инспекторлардың жалақысы небәрі жетпіс мың теңгенің төңірегінде. Бұл көрініс тек Ырғыз-Торғай емес, еліміздегі барлық резерваттар инспекторларына тән көрініс.
Ақтөбе облысы,
Ырғыз ауданы