Мектеп баласы дәптеріне «Жиырманшы қыркүйек» деп жазса, ұстазынан сөгіс еститіні анық.
Алайда ұлттық терминологияның негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы біз «жиырмасыншы» деп әдіптеп жүрген реттік сан есімді «жиырманшы» деп жазған екен. Ахаң неге бұлай қате жазды екен? – деген оймен білікті ғалымдарға жүгініп көруді жөн көрдік. Алматыдағы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты грамматика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Орнай Жұбаеваға хабарласып едік, ғалым:
– Байтұрсынұлы «жиырмасыншы» демейді, «жиырманшы» дейді. Шындығында, сол дұрыс. Қазіргі қисынға салсақ, «екінші», «жетінші» деген сөздер «жиырмасыншы» сияқты «екісінші», «жетісінші» болып жазылуы керек қой. Мұны Ахмет Байтұрсынұлы да, Елдес Омаров та, Мәулен Балақаев та «жиырманшы» деп қолданған. Кейінгі орфографияларда қате беріліп жүр. Ол дұрыс емес, – деді.
Енді қайтпек керек? Ештен кеш жақсы деп емлені түзейміз бе, әлде Байтұрсынұлыныкін қате санап, көзжұмбайға салып жүре береміз бе? Айтпақшы, Өзбекстан қазақтары да Ахаңша, жиырманшы деп сөйлейді.
Қостанай облысы