Қытай қазақтарының өнерге жақын, әдебиетке әуес адамдарға айтатын «Қарағайбастаудың суын іштің бе?» деген сөзі бар. Шынымен де Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғаларының бірталайы осы қасиетті бұлақ бойында туып-өскен. Бүгінде атажұртына келіп, «Қарағайбастауым» деген атпен қалың қауымға жырларын тарту етіп жатқан Толқын Ақанұлы да сол елдің тумасы.
Жақында Нұр-Сұлтандағы Жазушылар үйінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер Толқын Ақанұлының «Қарағайбастауым» атты кітабының тұсаукесері өтті. Осыған дейін «Үміт сыйлағым келеді» өлеңдер жинағы жарық көрген автордың негізгі мамандығы – дәрігер, медицина саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Адамның жаны мен тәнін бірдей емдеймін деп жүрген шипагердің еңбегіне тұсаукесерге жиналған ағалары да жоғары баға берді.
Осы кітапқа алғысөз жазып, тұсаукесерде алғаш сөз алған Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы жинақта туған жерге сағыныш пен Отанға деген сүйіспеншіліктің әдемі өрнектелгенін айтты. «Ақындықты оқымайды, ақындық оқытылмайды. Қарағайбастаудан қаншама алыптар шыққан. Ол – ақ өлеңді әкелген Омарғазы Айтанұлы, ақын Жәркен Бөдешұлы туған өлке. Елдің, жердің, қазақтың бөлінгенінің қасіретін тартып, сағыныштың не екенін көкірегінде шымырлатып, қайнатып жүрген жігіттің бірі – осы Толқын. Соның бәрі өлең болып шыққан болу керек. Ине, дәріңмен сырқаттарды емдесең, өлеңдеріңмен ауырған жүректерді, сағынған, аңсаған, қаңыраған көңілдерді емдей бер», деді ақын.
Сазгерлік қырынан да танылған Толқын Ақанұлының 30-ға тарта әні бар. Оның өлеңіне жазылған әндердің ұзын саны да 100-ден асады. Көбін Нұрлан Өнербаев, Мақпал Жүнісова қатарлы өнер жұлдыздары орындап жүр. Тұсаукесерге арнайы ат басын бұрған әнші Нұрлан Өнербаев та ақжарма тілегін айтып, ағынан жарылды. «Толқынмен осыдан екі жыл бұрын шығармашылық кешіме дайындалып жатқанда студияда кездесіп, сұхбаттастым. Көкейде жүрген ой-толғамымды әнмен өріліп айтылса деген өтінішімді білдірдім, араға 2-3 күн салып «Өнерім – өмірім» деген өлең жазып алып келіп, қолыма тапсырды. Жаңа ән сол концертте орындалды, қазір репертуарымдағы ортан бел әндердің бірі. Сол кезде мен Толқынды өнерге жақын, жанашыр, өлеңге қалам тартып жүрген азамат ретінде танысам, дәрігерлігін кейін білдім. Білдім де қайран қалдым. Алланың оның бойына дарытқан екі қасиеті де шипагерлік деп айтар едім. Біреуі өлеңдерімен адамның жанын емдейтіндігі болса, екіншісі – адамның тәнін емдейтіні. Жақында сырқаттанған кезде де Толқын бауырымызға жүгініп едік, айналдырған бір жұманың ішінде аяқтан тұрғызды», деді ол.
Кеш барысында «жігітке жеті өнер де аз» деген сөз осы Толқын ағамызға қарата айтылғандай көрінді. Сондай-ақ ағалары алқаған азаматтың жаңа жыр жинағымен қоса, емшілік өнердің қыры мен сыры баяндалған «Емші кәдесі» атты еңбегі де оқырманға жол тартып жатқанына куә болдық.