Қазақстанның келешекте әлемдік қоғамдастықтың төрінен орын алуы – бүгінгі мектеп қабырғасында білім алып жатқан жас ұрпақтың еншісінде. Оқушылардың жан-жақты дамыған, тәрбиелі, шығармашыл тұлға болып қалыптасуы ұстаздардың кәсіптік деңгейіне тікелей тәуелді екенін дәлелдеудің өзі артық. Ал мұғалімдерге қажетті кәсіптік білім жүйесін педагогикалық оқу орындары ғана береді.
Бір қарағанда, елімізде педагогикалық кәсіптік білім беретін оқу орындары жеткілікті тәрізді. Ал осы жағдайға үңіле қарасақ, шешімін күтіп тұрған негізгі мәселені аңғару қиын емес. Бұл – мектепте және мектепке дейінгі мекемелерде тәрбие мен білім бере алатын педагог-мамандарды даярлауға арналған педагогикалық оқу орындарының аздығы.
Педагогикалық оқу орындарының сапасына қатысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов былай деді: «Бүгінде көп бейінді университеттің барлығы мұғалімдерді даярлайды. Алайда олардың сапасы сын көтермейтіндіктен, қойылатын талаптарды күшейту арқылы мұғалімдерді даярлайтын ЖОО санын 85-тен 20-25-ке дейін қысқарту жоспарланып отыр. Олар басқа бағыттар бойынша мамандар даярлай береді, ал педагогика бойынша лицензиялары қайтарылып алынуы мүмкін. Шамамен алғанда, әр аймақта мұғалімдерді даярлайтын бір мықты ЖОО және Алматыда бірнеше оқу орны болмақ».
Әрине, Алматы қаласында мектептің білім жүйесіне қажетті мамандар даярлайтын екі үлкен оқу орны жемісті еңбек етіп жатқаны баршаға аян. Бұл оқу орындарының бірі – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, екіншісі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті. Алматы қаласы және оңтүстік облыстардың мектептері мен мектепке дейінгі мекемелеріндегі педагог мамандардың тапшылығын жою мақсатында оңтүстік астанада қосымша педагогикалық оқу орындары ашылуы мүмкін.
Жақын шетелдердің астаналарындағы мектеп мұғалімдерін және мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін мамандарды даярлау жұмысын сараласақ, Ресей орталығы Мәскеудің педагогикалық оқу орындарының тәжірибелері еске түседі. Мәскеу қаласында педагогикалық мамандар даярлайтын 4 ірі мемлекеттік университет жұмыс істейді. Бұл – Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университеті, Мәскеу психолого-педагогикалық университеті, Мәскеу қалалық педагогикалық университеті және Мәскеу облыстық мемлекеттік университеті қызмет етеді. Аталған оқу орындарынан басқа бірнеше мемлекеттік және мемлекеттік емес педагогикалық институттар педагогтер даярлайды.
Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында және орталық, солтүстік аймақтарда педагогтер қаншалықты жеткілікті дегенге келсек, жедел шешуді қажет ететін мәселелердің бар екеніне көзіміз жетті. Соның ішіндегі кезек күттірмейтін маңызды мәселенің бірі – елордада мемлекеттік педагогикалық университет ашу. Өйткені астанамыздың және оған жақын орналасқан аймақтардың орта мектептері мен мектепке дейінгі мекемелерінде мамандардың тапшылығы жыл сайын қатты сезіліп жатыр. Ал мамандар жетіспей, сапалы білім беру мәселесін көтеру мәнсіз.
Нұр-Сұлтан қаласында педагогикалық университет ашылып жатса, бұл үш тілде білім бере алатын, шығармашыл, заманауи оқыту технологияларын меңгерген және IT-құзыреттілігі жеткілікті, жан-жақты дамыған ұстаздарды даярлайтын оқу орны болуы тиіс. Орта мектеп құрылымында аз уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жеткен Назарбаев зияткерлік мектептері және жоғары білім беру жүйесіндегі үлгі тұтар Назарбаев университеті сияқты педагогикалық университет білікті ұстаздар даярлайтын оқу орындарының көшбасшысы дәрежесіне жетуі керек.
Педагогикалық университеттің негізгі мақсаттары мен міндеттері мыналар болуы қажет деп ойлаймын: үш тілді еркін меңгерген, оқушыларға сыни ойлай білуді және өздігінен білім алу жолдарын үйрететін білікті ұстаздар даярлау; пәндерді ағылшын тілінде беру әдістемесі мен технологиясын дамыту; жаратылыстану-математика циклдері бойынша студенттерге әдістемелік білім бере отырып, мектептерге енгізіліп жатқан STEM бағдарламасымен жұмыс істеуге үйрету; тәрбие беру әдіснамасының іргетасы ретінде ұлттық тәрбие беру жүйесін қабылдау.
Университет құрамында тәрбие және білім беру жұмысына қатысты мәселелерді шешетін арнаулы зерттеу институттары болуы керек. Мұндай жағдайда педагог мамандығын таңдаған студенттер тек теориялық және практикалық білім жүйесін ғана меңгермейді, сонымен қатар ғалым-педагогтер жетекшілігімен әртүрлі зерттеу жұмыстарына қатыса алады. Ал кафедралардың профессор-оқытушылар құрамы, магистранттар мен докторанттар педагогикалық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарымен мақсатты және жүйелі түрде айналыса алады. Әлемдік білім беру жүйесі және педагогикалық бағыттағы ғылыми-зерттеу орталықтарының іс-тәжірибелерін сараласақ, педагогикалық университет құрамындағы төменде айтылатын зерттеу институттары және орталықтардың болғаны құптарлық.
Еліміз Одақ құрамында болған кезде жемісті жұмыс істеген «Мұғалімдердің біліктілігін көтеру институтын» қайтадан қалпына келтіру керек. Егер осындай институт педагогикалық университет құрамында болса, мектептегі пәндерді оқыту үдерісінің практикалық нәтижелері және осы пәндерді оқыту әдістемесі мен технологиясы саласындағы теориялық жаңалықтар бір арнада тоғысар еді.
Педагогика және психология ғылымдары әрбір баланың түрлі бағытта дарыны болатынын дәлелдегелі жарты ғасырдан артық уақыт өтіпті. Демек университет құрамында оқушының дарынын мақсатты түрде зерттейтін ғылыми орталықтар керек. Мектеп оқушыларының дарындылық феноменінің теориялық негізін арнаулы ғылыми-зерттеу институттары жасаса, оны практикаға енгізу жұмысымен республикалық «Дарын» ғылыми практикалық орталығы айналысар еді.
Мектеп оқулықтары жөнінде 30 жылға созылған дау-дамайдың тоқтайтын уақыты әлі белгісіз болып тұр. Өйткені әр пән бойынша сапалы оқулықты жасап шығару – бір-екі автордың қолынан келетін жұмыс емес. Оқулықтар кешенді, күрделі ғылыми ізденіс жұмыстарының нәтижесінде сапалы болады. Оқулық – тек ұжымдық әдіспен жасалатын білім беру құралы. Ресейде мектеп оқулықтарының көбі – Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында орналасқан педагогикалық университет құрамындағы ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтарында еңбек ететін ғалым-педагогтардың жасаған дүниелері. Көрші мемлекетте білім және ғылым министрлігі мектеп оқулықтарын жасауға арналған конкурстарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап отырады. Ашықтық және жариялылық жағдайда өткен конкурс нәтижесінде өте сапалы оқулықтар дүниеге келеді. Әлемдегі көптеген мемлекет Ресейдің оқулықтарының лицензиясын сатып алып, өз тілдеріне аударып, мектептерінде негізгі оқулық немесе қосымша оқу құралы ретінде қолданып жүр.
Егер мектеп оқулығын құрастыру жұмысына педагогикалық университеттер атсалысса, бұдан біздің ұтарымыз мол. Өйткені оқулық жасауға педагогикалық оқу орнының ғалымдары, қызметкерлері, студенттер және мектептердің үздік мұғалімдері қатыса алады. Педагог-ғалымдар Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жасаған білім беру стандарттары негізінде оқулықтар құрастырады, кафедра мүшелері мен студенттер оқулықтың әрбір тақырыбын эксперименттік мектептерде тәжірибеден өткізіп, әрбір оқушының оқу материалдарын қабылдау мүмкіндіктерін зерттейді. Осындай зерттеу нәтижесінде алынған статистикалық мәліметтер кафедраның ғылыми семинарларында талқыланады. Сөйтіп университет кафедраларында оқулықтың жеке тақырыптары бойынша айтылған сындарлы пікірлер нәтижесінде сапалы оқулық пайда болады.
Жаратылыстану пәндері бойынша мұғалімдер даярлайтын факультеттерде мектептегі пәндік кабинеттерге қажетті құрылғыларды жетілдіру жұмыстарымен айналысатын студенттік конструкторлық орталықтар, приборларды қолдан жасайтын шеберханалар, робототехникалық зертханалар және білім алушылардың практикалық машығы мен шеберлігін қалыптастыруға бағытталған тағы басқа бағдарламалар жұмыс істеуі керек. Болашақ маманның шығармашылығын дамытатын және практикалық шеберлігін ұштайтын осындай арнаулы орталықтардың болуы университеттің профессор-оқытушы құрамының, кафедра докторанттары мен магистранттарының студенттермен тікелей ғылыми және әдістемелік қарым-қатынаста болуын қамтамасыз етеді.
Қазақ халқының мыңдаған жыл бойы үздіксіз жинақтаған рухани байлығы – өнерін, әдебиетін және тарихын зерттейтін ғылыми институттар мемлекетіміздің әр жерінде жемісті еңбек етіп жатқанын білеміз. Университет құрамында осы рухани құндылықтардың қат-қабат катпарындағы педагогикалық ойлар мен идеяларды зерделейтін этнопедагогикалық орталықтар немесе арнаулы институттар болғаны дұрыс.
Базарбек МҰҚЫШЕВ,
профессор, педагогика ғылымдарының докторы