1976 жылдың жазы. Канаданың Монреаль қаласында ХХІ жазғы Олимпия ойындары дүркіреп тұрып өтіп жатты. 92 мемлекеттен келген алты мыңнан аса саңлақтар мен сайыпқырандар спорттың 21 түрі бойынша сайыс түсіп, жарыс көрігін қыздырып жатты. Сан миллион жанкүйер рекордтық көрсеткіштердің бірінен кейін бірі жаңарып жатқанын көріп, басқа да көптеген керемет көріністің куәсі болды. Дәл сол тұста суға секіруден КСРО құрама командасының мүшесі Сергей Немцановтың жоғалып кеткені жайында жайсыз хабар жер-жаһанды шарлап кетті.
Бұл спортшы жайында біз бекер әңгімелеп отырған жоқпыз. Ол Ресейге қарасты Сахалин аралының тумасы болғанымен, жалындап тұрған жастық шағын Қазақстанда өткізді. Әжесімен бірге Алматыға қоныс аударған Сергей су спортын серік етіп, танымал бапкер Галина Михееваның қол астында жаттықты. 1973 жылы жергілікті спорт мектептерінің біріне қабылданған жас өрен өзінің дара талантымен бірден оқшауланды. Айналдырған екі жыл ішінде республикамыздың маңдайалды спортшысына айналып, халықаралық додаларда олжа салды. КСРО және Еуропа біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілді. Осы нәтижелерінің арқасында 17 жастағы Сергей Немцанов Монреаль Олимпиадасында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Үйеңкі жапырақтар елінде Сергей Немцанов сәтсіз өнер көрсетті. Олимпиадаға бас жүлдеден басты үміткерлердің бірі ретінде аттанған ол небәрі тоғызыншы орынды қанағат тұтты. Әрине, бұл көрсеткішке өзінің де, бапкерлердің де, басқалардың да көңілі толмады. Олимпия ойындары аяқталған бетте КСРО мен АҚШ құрамалары арасында матчтық кездесу өтуге тиіс еді. Бірақ қатысушылар тізімінен айтулы спортшының аты-жөнін кездестіре алмадық. Сөйтсек, содан бірер күн бұрын ғана белгісіз жаққа шығып кеткен Немцанов Олимпиадалық қалашыққа сол күйі оралмады.
Кеңес Одағы билігі жайсыз оқиғаны жасыруға тырысқанымен, бұл жаңалық жер-жаһанға тез тарады. Шетелдік БАҚ өкілдері «Суға секіруден КСРО құрамасының мүшесі С.Немцанов өз командасы шоғырланған жерден қашып, Канада үкіметінен саяси баспана сұрады» деген хабарды жарыса таратты. Көпшілік аң-таң болды. Талай жанкүйер жағасын ұстады. Расында да, небәрі 17 жасында Олимпия ойындары секілді дүбірлі додада күш сынасу бақытына бөленген асқан дарын иесі неге аяқ астынан бүлінді? Көпке дейін осы сауал көпшіліктің көкейінде жүрді.
Сергей Немцановтың неліктен осындай қадамға барғаны жайында түрлі әңгіме айтылды. Солардың қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін анықтау мүмкін болмады. Біріншісі, ол Олимпиада қарсаңында өткен жарыстардың бірінде суға секіруден АҚШ құрамасы сапында өнер көрсететін 21 жастағы Кэрол Линднер есімді арумен танысады. Ол алпауыт мемлекетте әйгілі дүкендер желісін басқарып отырған шіріген бір дөкейдің қызы екен. Соған ес-түссіз ғашық болған Сергей Кэролдың қасында қалғысы келеді. Яғни бозбала махаббат дертіне шалдығыпты-мыс.
Екіншісі, Олимпия ойындарында сәтсіздікке ұшырағаннан кейін делегация басшылары мен бапкерлер оны балағаттап, намысына тиетін ғайбат сөздер айтқан. Соған шыдамаған жас жігіт сары уайымға салынды. Қайғыға батып жүрген кезінде қапияда канадалық бапкерлермен жолығады. Олар Сергейді алдап-арбап, өздерімен бірге қаланың бір шеткері жеріне ертіп әкетеді. Сол жақта ішімдікке тойдырып, мас қылады. Ертесіне теледидар арқылы жоғарыдағы хабарды таратады. Содан пысықайлар: «Егер КСРО-ға оралсаң, құрисың. Коммунистер сатқындарды кешірмейді. Канадада қалсаң, тұрмысың жақсарады. Еш алаңсыз даярлану үшін барлық жағдай жасаймыз» деп уәдені үйіп-төкті. Амалы таусылған спортшы өз келісімін берген көрінеді. Бірақ халықаралық талап бойынша саяси баспана 18 жастан асқан азаматтарға ғана беріледі. Ал ол кезде Сергей кәмелет жасқа толмаған еді. Сол себепті заң талаптарын орындауға мәжбүр болған Канада үкіметі Немцановты қайта Кеңес Одағына қайтарды.
Монреальдағы келеңсіз оқиға Сергейдің спорттық карьерасына кері әсерін тигізбей қоймады. Елге оралғаннан кейін ол біраз қағажу көрді. Бапкері екеуі шетелде өтетін жарыстардан шеттетілді. Соған қарамастан Немцанов жатпай-тұрмай даярланып, 1980 жылы Мәскеуде алауы тұтанған Олимпия ойындарының жолдамасына иелік етті. Бірақ айтулы жарыста жолы болмаған ол жетінші орында қалып қойды.
1982 жылы Сергей Немцанов Қарулы күштер қатарына шақырылды. Отан алдындағы азаматтық борышын ол Семей қаласының маңында өтеді. Екі жылдан кейін Алматыға оралып, спорттық мансабын қайта жалғастыруға талпынды. Бірақ бұрынғы бабына қайта келу мүмкін болмады. Көлеңкеде қалып қойған жас жігіттің жүйкесі жұқарып, ішімдікке салынады. Нәтижесінде өзі азып-тозып, отбасы ойран болады. Ақырында Сергей мәжбүрлі түрде емделу мекемесінен бір-ақ шығады.
Уақыт оза Немцанов жаңа өмірге қайта бейімделе бастады. Ішімдіктен бойын аулақ ұстап, өз тірлігін бастады. Үйленіп, ұлды болды. Алматыда көлік жөндеу шеберханасын ашып, тұрмысы түзелді. Кейіннен өзі армандаған АҚШ-қа қоныс аударды. Кейбір дерек көздеріне сенсек, 61 жастағы Сергей Васильевич бұл күндері Атланта қаласында тұрып жатқан көрінеді. Сол жақта ол өзінің жеке шаруасын жалғастыруда...
Жалпы, кезінде КСРО-ны тастап, шетелге қашқандар арасында атақты спортшылар Сергей Немцановпен ғана шектеліп қалмайды. 1965 жылы Батуми қаласына қыдырып келген 26 жастағы атақты бессайысшы Владимир Комиссаров Қара теңізге сүңгиді де, Анадолы елі жағалауынан бір-ақ шығады. Сегіз сағатта ол 25 шақырымды жүзіп өтеді. Түркияда төрт-бес айдай тұрақтайды да, әрі қарай Америкаға аттанады.
Владимир әуелде жүзумен айналысқан екен. Кейіннен қазіргі бессайыс үйрмесіне ауысып, бар-жоғы бір жыл ішінде Одаққа танылады. Өзінің айшықты өнері мен елеулі табысының арқасында КСРО құрамасына қабылданып, бірқатар шет мемлекеттерді аралады. Ол жақтағы өмір Комиссаровқа қатты ұнады. Содан танымал спортшы қалай да шекара асып, дамыған елдердің біріне қоныс аударуды көздейді. Өз жоспарын жүзге асыру үшін Комиссаров бақандай бес жылын сарп етеді. Ақыры көздеген мақсатына қол жеткізіп, Америкадан бір-ақ шығады.
1976 жылы өткен турнирге қатысу үшін Амстердамға аттанған КСРО-ның төрт және Еуропаның бес дүркін чемпионы, шахматшылар Олимпиадасының алты мәрте жеңімпазы, әлем чемпионы атағынан үміткер Виктор Корчной елге оралудан бас тартып, аталған мемлекеттен саяси баспана сұрайды. Голландия билігі оның бұл өтінішін орындай алмады. Есесіне құнды кадрларды бағалай білетін Швейцария жұртшылығы Корчнойды құшақ жая қарсы алды.
Әйгілі шахматышының бұл әрекетін сынға алған өткір мақалалар газет беттерінде жариялана бастады. Журналистер оны КСРО-ның құндылықтарын бағалай алмаған азғын ретінде көрсетуге тырысты. Күллі кеңес қоғамы Виктор Корчнойдан теріс айналды. Айтулы азаматтың әйелі мен баласы да азапты молынан тартты. Олардың шет мемлекеттерге шығуына шектеу қойылды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, 1972 жылы Виктор Корчной «Ленфильм» киностудиясында түсірілген «Гроссмейстер» көркем фильмінде басты кейіпкер – шахматшы Сергей Хлебниковтің жеке бапкерінің бейнесін сомдайды. Бұл туынды сәтті шығып, бірқатар фестивальдар мен конкурста ол түрлі сыйлықтарға ие болды. Ал Корчной шетелге кеткеннен кейін бұл фильм прокаттан алынып тасталды.
Кезінде өз сұхбаттарының бірінде Виктор Львович: «Миллиондаған адамдар мені үнемі КСРО-ның келмеске кеткенін қалап жүрген диссидент деп есептейді. Бірақ еш олай емес. Барлығы тек шахматқа байланысты. Спорттық карьерама қауіп төнгеннен кейін Кеңес Одағынан кетуге мәжбүр болдым. Себебі ол жақтағы шенеуніктер менің шахмат өнерінің ұшар шыңына шығуыма кедергі келтірді», деп тіл қатты.
1979 жылы мәнерлеп сырғанаудың хас шеберлері – Людмила Белоусова мен Олег Протопопов Швейцарияда қалып қойды. Айтулы жұптың Олимпия ойындарының екі және әлем чемпионаттарының төрт дүркін жеңімпазы деген атақтары бар. Коммунистік партияның басшылары «Қайтыңдар» деп қанша үгіттегенімен, олар райынан қайтпады. Ұзақ уақыт бойы атақты спортшылар үрейде өмір сүрді. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, Кеңес Одағы тарағаннан кейін де Людмила мен Олег біраз уақыт Мәскеуге баруға жүрексінді. Тек 2003 жылы сол кездері Ресей спортын басқарған Вячеслав Фетисовтан арнайы шақырту алғаннан кейін ғана олардың туған жерлеріне табандары тиді. Жұлдызды жұп Альпі тауы етегінде ұзақ әрі бақытты ғұмыр кешті. Л.Белоусова осыдан үш жыл бұрын 82 жасқа қараған шағында қайтыс болса, 88 жастағы О.Протопопов қазір Гриндельвальд қаласында тұрып жатыр.
Өзінің бір сұхбатында күдік пен үміт арпалысқан сол бір кезді Людимила Белоусова былай деп сипаттаған еді: «КСРО-ға оралмайтынымызды жария еткенімізде, жергілікті полицейлер төлқұжатымызды алып, бізді әрлі-берлі сенделтті. Біресе ана қонақ үй, біресе басқа отель. Тек саяси баспана берілгеннен кейін ғана жағдайымыз тұрақталды. Сол мезеттен бастап, көптеген ұсыныстар түсе бастады. Бізді баспанамен де, еш алаңсыз жаттығу жасауымызға қажетті мұз айдынымен де қамтамасыз етті. Күнделікті түрлі ұйым мен азаматтардан «Жарайсыңдар! Дұрыс істедіңіздер!» деген сипатта жазылған құттықтау хаттар толассыз келіп жатты».
Кеңес Одағының уығы шайқала бастаған тұста қашқындар қатары күрт көбейді. 1989 жылы ел-жұртты дүрліктірген екі бірдей оқиға есімізде. Біріншісі, 15 жастағы аса дарынды шахматшы, жасөспірімдер арасындағы КСРО чемпионы Гатаулла Сабировтің әкесі Рустеммен бірге Нью-Йорктегі турнирге барып, сол жақта қалып қойғаны. Кейіннен ол аты-жөнін Гата Камский (суретте) деп өзгертті. Өзінің спорттық өмірбаянында айтулы азамат АҚШ-тың бірнеше дүркін чемпионы, әлемнің вице-чемпионы, әлем кубогының иегері атанды. Екіншісі, Одақтың белді хоккейшісі Александр Могильныйдың елге оралмауы.
А.Могильныйдың бақ жұлдызы ерте жанды. 20 жасқа толғанға дейін ол Мәскеудің ЦСКА клубы мен КСРО құрамасының сұрмерген шабуылшысына айналып үлгерді. 1988 жылы Калгари Олимпиадасында және 1989 жылы әлем чемпионатында алтын тұғырға көтерілді. Бір сөзбен айтсақ, сол дәуірде жас жігіттің тасы өрге домалап тұрды. Бірақ ол Американы таңдады. Бұл жаңалық шартарапқа тез тарады. Өйткені Могильный Қарулы Күштердің қатарында болды. Кіші лейтенант деген шені бар. Ал әскери адам осындай қадамға барса, өзгелерден не қайыр? Осыны қаперге алған КГБ осы іспен мұқият айналысты.
Арада жылдар өткеннен кейін атақты хоккейші осындай қадамға баруға не итермелегенін бүкпесіз айтты. Бірде БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Александр: «Олимпиада және әлем чемпионы, Одақ біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы деген дардай атақтарым бола тұра, маған сан миллион адам шоғырланған Мәскеу қаласында қуықтай бір бөлме де бұйырмады. Соған күйіндім, санамды сансыз ойлар шарлады. Өз меншігімде мақтау қағаздар мен кубоктар ғана бар. Ал ондай өмірді кім керек қылсын?! Бір сөзбен айтсам, мен КСРО-да қайыршылық күй кешіп, кәдімгі БОМЖ болдым» деп ағынан жарылды.
Америкада Могильный көптеген табысқа қол жеткізді. Ұлттық хоккей лигасында «Буффало Сейбрз», «Ванкувер Кэнакс», «Нью-Джерси Дейвлз», «Торонто Мэйпл Лифс», «Нью-Йорк Девилз» секілді белді командалар сапында айшықты өнерімен жанкүйерлер жүрегін жаулады.
1990 жылы Сиэтлде өткен Ізгі ниет ойындары барысында КСРО-ның тағы бір белді хоккейшісі Сергей Федоров АҚШ-та қалып қоюды ұйғарды. Ол да 20 жаста еді. Аса дарынды жігітті америкалықтар құшақ жая қарсы алды. Соған дейін Мәскеудің «Динамо» мен ЦСКА клубтары сапында сұрапыл ойынымен көзге түскен Федоров «Детройт Ред Уингздың» жейдесін киді. Кейіннен Ұлттық хоккей лигасының басқа да командаларында өнер көрсетіп, талай толағай табыстарға қол жеткізді. КСРО ыдырағаннан кейін Ресей құрамасы сапында Нагано мен Солт-Лейк-Ситиде алауы тұтанған Олимпия ойындарында жүлделі орындарды иеленіп, әлемнің үш дүркін чемпионы атанды.
Тоқсаныншы жылдардың басында қылышынан қан тамған КСРО-ның іргесі сөгіліп, Жер шарының алтыдан бірін алып жатқан алып империя келмеске кетті. Сол кезден бастап бұрынғы «бауырлас» республикаларда тұрған азаматтардың барлығы да өздері қалаған мемлекеттерге қоныс аударып, емін-еркін өмір сүруге мүмкіндік алды...