Көпшілік қосымша білім беруді баға қойылмайтындықтан маңызы жоқ, баланың жай уақытын өткізуге арналған үйірмелер деп қабылдайды. Ал мұның маңызды екеніне елімізде және әлемде дәл осы қосымша білімнің негізінде өз жолын тауып, қоғамға қызмет етіп, айналасына есепсіз пайда алып келген азаматтар дәлел бола алады.
Фин оқушылары жылына 20 кітап оқуға міндетті
Білім берудегі көшбасшы мемлекеттердің бірі Финляндия қосымша білім беруге ерекше мән береді. Бұл туралы фин еліндегі «Finno-Ugric point oy» оқу орталығының директоры Эдуард Хакимов: «Финляндияда қосымша білім балалар түгілі ересектер арасында да үлкен сұранысқа ие. Бұл елде барлық бала белгілі бір үйірмелер мен секцияларға қатысады, ал ересектердің үштен бір бөлігі «Қоғамдық университет» білім беру курстарынан өтеді. Мектеп бағдарламасына қосымша білім берудің аз бөлігі енгізілген. Оқушылар мектеп мұғалімдері ұсынатын бірнеше бағыттағы (спорт, өнер, музыка, әдебиет) курстардың үшеуін бір жыл ішінде оқуға таңдайды. Бір қызығы, балалардың қызығушылығын ескеріп, өзенге барып балық аулауды үйрету секілді хобби-курстарын да ұйымдастырады. Сол таңдаған курсының бәрін бала бір жыл ішінде бітіруі керек. Негізінен Финляндияда қосымша білім берудің басым бөлігі мектеп бағдарламасынан тыс. Мектептен тыс үйірмелерге ата-аналар ақша төлейді. Бірақ талантты, дарынды балаларға спорттық клубтар мен арнайы қорлар төлеп береді», дейді.
Халықаралық сарапшының айтуынша, фин мектептерінде міндетті бағдарламадан бөлек оқушыларға өз бетінше кітап оқуды да міндеттейді екен. Әр оқушыда мектеп кітапханасынан немесе орталық кітапханадан өз деңгейіне сай кітап алып, оқығанынан түйгенін жазып отыратын «Жетістіктер күнделігі» болады. Фин оқушылары жарты жылда 10 кітап оқуы тиіс. Жауапты мұғалімдер «Жетістіктер күнделігін» айына бір рет тексереді, жарты жылда 10 немесе одан да көп кітап оқыған оқушы жартыжылдық оқу қорытындысында марапатталады. Елімізде мектеп оқушылары әдетте бағдарламадағы пәндерді жақсы оқып бітіргені үшін грамота алып жатады, ал фин мектептері оқушыларын өз бетінше ізденгені үшін ынталандырады. Бәлкім оқудағы тәрбие деген осы жерден басталатын шығар...
Негізгі білім мен қосымша білімде байланыс болуы керек
Иә, сонымен финдік оқыту жүйесіндегі қосымша білімнің өзінде бағалау бар. Ал біз баға қоюды, бағалауды аса қажет етпейтін жүйеге бет алып келеміз. Бірақ қосымша білім беруді дамыту тек бағалауға келіп тіреле ме? Шалғайдағы оқу ошағында театр студиясын ашып, 8 жылдан бері жұмысын жүйелі жүргізіп келе жатқан Қостанай облысындағы мұғалім Ольга Запорожану мектептердегі үйірме сабақтарының нәтижелі болуы сынып жетекшілеріне және олармен қосымша білім беретін маманның бірлесе жұмыс істеуіне байланысты екенін айтады.
«Бүгінде қоғам әрі біздің дамушы мемлекет педагогтерден әлеуметтік жағынан белсенді, шығармашыл, өз бетінше әрекет ете алатын, қазіргі заман талаптарына икемделген тұлға тәрбиелеуді талап етеді. Негізі мектептегі үйірмелерде сабақ беретін педагогтер оқушыларының сынып жетекшісімен тығыз байланыста болуы керек. Мәселен, қазақ тілін білудің қоғамда маңызы артқанын ескеріп, орыс этносының өкілдері көп тұратын Федоров ауданының Кеңарал ауылындағы орта мектептің қазақ сыныбы мен театр студиясы арасында әріптестік орнаттық. Бастауыш сынып мұғалімі Азия Кемелбековамен бірлескен жұмыстың нәтижесінде ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған видеороликтер дайындадық. Балалардың өнерін көпшілікке тараттық, яғни театр студиясының оқушылары оқыған өлеңдерді мектептің сайтына, әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына салдық. Осыдан соң қазақ сыныбының балалары театрымызға көптеп тартыла бастады. Біз енді қазақша да, орысша, ағылшынша да қойылымдар қоя аламыз», дейді ауылда болса да бірнеше дүркін облыстық, республикалық, соның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасындағы халықаралық «Таңғы шұғыла» байқауында Гран-при жүлдесін иеленген театр студиясының жетекшісі.
Құлағалы тұрған «Тәрбие орталығы»
Расымен, мектептегі бала тәрбиесінде сынып жетекшісінің рөлі зор. Ол – оқушының мектептегі ата-анасындай тұлға. Бірақ мардымсыз үстемеақыны қолай көрмей, сынып жетекшілігінің жауапты жұмысынан қашатындар немесе жауапкершілікке немқұрайлы қарайтындар жетерлік. Сондықтан қосымша білім берумен айналысатын қоғамдық мекемелердің, нақтырақ айтқанда Оқушылар сарайының жұмысын жетілдірген жөн секілді. Бұл ойды алдағы жаңа оқу жылынан бастап қосымша сынып сағаты ретінде оқытылатын экологияның жай-жапсырын талқылауда экономика ғылымының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеев айтқан еді. Ол еліміздегі қосымша білім беру деңгейінің төмен екенін сынай келе: «Батыстағы қосымша білім берумен айналысатын оқушылар сарайына барсаңыз, табалдырықтан бастап танымыңыз кеңейеді. Сізді жасыл желек, аквариум, табиғаттың түрлі байлықтары, өнерлі балалардың жұмыстары қарсы алады. Ал еліміздегі оқушылар сарайларына кіре қалсаңыз, қаңырап бос тұрады. Неге сондай мекемелер мен орындардың қабырғаларына дейін тәлім-тәрбие беретін дүниелермен, балалардың қолынан шыққан еңбектерімен, өз өнімдерімен әрлемеске?» деді.
Ғалымның сөзінде жан бар, өйткені қосымша білім берумен айналысатын Оқушылар сарайының тиімсіз қызметіне ата-аналар жиі шағымданады. Оқушылар сарайы әдетте облыс орталықтарында болады. Ал аудандарда бұл жоқ. Бірақ Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қосымша білім беруді нәтижелі іске асырып отырған Тәрбие орталығы бар.
Аталған Тәрбие орталығының директоры Әлімжан Ержанов: «Бүгінгінің балалары техникаға, құрастыруға құмар. Осы сұраныстың негізінде Nur Otan партиясының аудандық филиалы бізге роботтехника кабинетін жасақтап берді. Оған оқушылар тегін келеді. Көпбалалы отбасылардың балалары да біздің курстарымызға ақысыз қатыса алады. Бұдан бөлек мектепке қатынап оқи алмайтын ерекше қажеттілігі бар 3-4 баланы орталығымызда қызығушылықтарына қарай тегін оқытып жүрміз. Ал қалған балалар әр курсқа айына небәрі 100 теңге төлейді. Орталығымыздағы бас-аяғы 21 үйірмеге жылына 700-ге жуық бала қатысады. Солардың жартысынан көбі төлейтін болар-болмас қаражатқа ғимараты нашар орталығымыздың кем-кетігін түзейміз. Қолөнер үйірмелеріне қажетті құрал-жабдықтарды бірдеңе қылып тауып жүрміз. Ағаш жонуға арналған станоктарды, тігін машиналарын алғымыз келеді. Оған мүмкіндік болмай жатыр, қолдау жоқ. Шынында біздікі – жоқтан бар жасау ғана. Әйтпесе орталығымыздың ғимараты санитарлық талапқа мүлде сай емес. Балаларды тартатын, көздің жауын алатын жұмыстарын жарқыратып іліп қоюға да болады, бірақ құлайын деп тұрған қабырғаны сылаудың, иә әрлеудің мәні бар ма?», деп қынжылды.
Маманның сөзіне қарағанда, аудан әкімдігі де, білім бөлімі де бұл жағдайдан хабардар. Бірақ 2-3 жылдан бері үздіксіз көтеріліп келе жатқан мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді.
Әлде жақында өткен Тамыз конференциясындағы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың сөзінен үміт күтеміз бе? Онда ол «Балалардың тек 30,7 пайызы ғана қосымша біліммен қамтылған. Бұған қоса балалардың жағдайына қатысты ЮНИСЕФ-тің сараптамасында өңірлер арасындағы теңсіздік деңгейіне байланысты табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасыдан шыққан балалардың қосымша білімге қолы жетпейтіндігі айтылған. Бұл мәселені Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкіл де көтеріп жүр. Қосымша білім беруде жан басына қаржыландырудың заңнамалық тұрғыда бекітілуін қамтамасыз етуді және нақты тетіктер әзірлеуді тапсырамын», деген еді.
Қосымша білімнің күші
Биыл студент атанған Азамат Дүйсембайдың мектеп қабырғасында алған қосымша білімі кейін «Автоматтандыру және басқару» мамандығын таңдауына және грант ұтып алуына септігін тигізді. Ол оқушы кезінде үйінің айналасындағы қоқыс контейнерінің толып, тіпті қоқыс қалдықтарының айналасында шашылып жататынын көретін. Сонда «осындай жәшіктердің толғаны туралы арнайы қызметке белгі беріп тұратын мүмкіндігі болса ғой» деп ойлады. Осы ойын мектептегі роботтехника үйірмесінде іске асырып, нәтижесінде қоқыстарды өзі жинап, өздігінен жәшікке салатын автоматты қоқыс контейнерін ойлап тапты. Ақтау қаласындағы дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінде оқыған Азамат осы жобасын әлемнің әр қиырынан жас ғалымдар мен жасөспірім өнертапқыштар үздік жұмыстарын жолдайтын АҚШ-тағы «Google science fair» байқауына ұсынған.
«Автоматты қоқыс контейнері туралы идеямды іске асырып, жоба ретінде дамытуға сыныптас досым Мейірлан Сүйірханов көмектесті. Екеуміз «Green ecology-Smart system» деп атаған жобамызды байқауға өз бетімізше әзірлеп жібергенімізбен, жүлде алмадық. Бірақ біз бұған мойымаймыз. Өйткені бұл бізге ең бастысы әлемді жақсы жағына өзгерте алуға, айналамызға ізгілік сыйлауға мүмкіндігіміздің бар екенін көрсетті. Біз жобаны толығымен ағылшын тілінде жазып шықтық. Осының нәтижесінде әлемдегі кез келген ғалыммен ғылым тілінде, тең дәрежеде тілдесетіндей, ағылшын тілімізді жетілдіріп алдық. Бәрінен де маңыздысы, мен өз бетімше іздеп алған ілімім мен қосымша білімім арқылы оқуға түстім. Енді осы жолда маман болып, жобамды аяғына дейін жеткізуге жұмыс істеймін», деп кейіпкеріміз белді бекем буып отыр.
Қосымша білімнің күші балаға тіпті өмірде өзін табуға көмектесуі мүмкін. Азаматтікіндей арнаулы оқу ошақтарында болмаса, қарапайым мектептердегі бағдарламалық білімнің көлеңкесінде қалған қосымша білімнің көңіл көншітпейтіні рас. Ал кадр тапшылығының кесірінен «Биология пәнінің мұғалімі» мамандығын бітірген педагог физикадан сабақ беріп жүргенде ауыл оқушыларының қосымша білімі туралы сөз қозғаудың өзі қиын...