• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Қыркүйек, 2020

Онжылдықтың басты трендтері

407 рет
көрсетілді

Қазақстанда форсайт сессиялары аяқталды. Сарапшылар қазақстандықтардың қазіргі басты трендтерін зерттеп, үш бағыт бойынша 2030 жылға дейінгі сценариін ұсынды.

Форсайт сессиялары үш тақырып бойынша өтті: «Бо­лашақтағы қазақ­стан­дық­тың бейнесін қалыптас­ты­ру», «Инклюзивті көзқарас пен инклюзивті қоғамды құру» және «Халықаралық арена­дағы Қазақстан». Зерттеу жұ­мыстарына отандық және шет­елдік сарапшылар тартылды.

Пандемияға байланысты форсайт онлайн форматта өтті. Алайда «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» орталығының же­текшісі Жанар Буканованың айтуынша, мұның да өз ерек­шеліктері бар.

– Бұл форсайттың қызығы да, дербестігі де қоғам санасын жаңғыртуға арналғандығында, – деді Жанар Буканова. – Өйткені, бұл жылдам өзгеріп тұратын сала. Форсайт технологиялары болашақтың келбетін нақты анықтауға көмектесіп, тиімді нәтижелерге жету жолдарын жеңілдете­ді. Өкінішке қарай, бұл құ­рал өзінің тиімділігін дәлел­деп қойғанына қарамастан ғалым­дар мұндай зерттеулерге көп жүгіне бермейді. Бүгінде біз­дің зерттеулермен қатар форсайт «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының аясында жүзеге асып, жақсы нәтижесін беруде. Жалпы, форсайт зият­керлік технология ретінде зерт­теушілерге жаңа форматтарды қолдану арқылы жарқын болашаққа қол жеткізуге жол ашады. Алдағы уақытта бұл фор­­сайттың қорытындысы жаңа ғылыми зерттеулерге не­гіз болады.

Зерттеу барысында сарап­шылар қоғамның даму сц­ена­риін үш кезеңге бөліп қарас­тырды. Жақын кезең 2025 жылға дейін, орта кезең 2030 жылға дейін және алыс қашық – 2050 жыл. Сарапшылар бола­шақтың қоғамын түзу ба­ры­сында бүгінгінің түрлі трендтерін тізіп өтіп, пессимис­тік, реалистік және оптимистік сценарийлерін жасады.

Жалпы, сарапшылар­дың айтуынша, бүгінгі қоғам спорт­қа құштар, заманауи технологияны жетік меңгерген және өзгерістерге бейім жас­тардан құралған. Мәселен, «Global Futures Kazakhstan» ЖШС-нің ұйымдық даму жөніндегі сарапшысы Олег Мециктің айтуынша, бүгінгі қалыптасқан трендтердің пайдалысы да көп, қауіптісі де бар.

– Бүгінгі трендтердің бір­қатары патриотизммен байланысты. Отансүйгіш қазақ­стандықтар қалыптасып келе­ді. Қай жерде жүрсе де әлем­ге танымал отандастарымен мақ­танатын, ұлтын сүйіп, рәміз­дерін қадірлейтін жастар көп. Сондай-ақ білім беру жү­йесінде де жаңа өзгерістер бар. Стандартты білім беру жү­йесі ескіріп, бүгінде жеке бағ­дар­лама бойынша ілім ізде­ген қазақстандықтар саны артып келеді. Бұл жақсы үрдіс, – деді Олег Мецик.

Айта кетейік, форсайт «Рухани жаңғыру» қазақ­стан­­дық қоғамдық даму инс­ти­­ту­ты­ның» қолға алуымен ұйым­­­дастырылды. Зерттеу қоры­­тындысы бойынша қазақ­стан­дық қоғамның дамуының 2030 жыл­ға дейінгі «жол картасы» жасалып, нақты қадамдар қол­ға алынады.