• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Қыркүйек, 2020

Оқу жылы басталды, бірақ...

181 рет
көрсетілді

Елімізде бүгінде бірінші кезекте білім саласына тиісті көңіл бөлінуде. Мемлекеттің аталған салаға деген қамқорлығын еліміздегі әрбір өңір жақсы сезінуде. Білім саласы күрделі сала болғандықтан, мұнда сол саланың басы-қасында жүрген басшылар мен қосшыларға да артылар жауапкершілік жоғары.

Жам­был облысында жаңа оқу жылы­на дайындық жұ­мыс­тары өте әлсіз болып шықты. Әуелгіде дайын­дық шараларына бай­ланыс­ты тиісті басшыларға бір­қатар тап­сыр­ма бе­ріл­генімен, оның дені орындалмаған.

Облыстық білім басқармасы­ның басшысы Гүлнәр Ходжабергенова­ның айтуынша, бүгінгі таңда өңірде 22 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Ал оның ішінде 9 білім нысаны биыл салынып бітуі керек екен. Құрылыс жұмыстарына 10,1 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ 7,7 млрд теңгеге 42 мектеп күрделі жөндеуден өтуде. Білім басқармасы басшысының келтірген мәліметіне қарағанда, облыстағы 32 мектептің жөндеу жұмыстары биыл 30 тамызға дейін, ал қалған 6 білім ошағындағы күрделі жөндеу жұмыстары тек 30 қыркүйекте ғана аяқталмақ. Яғни жаңа оқу жылының басталғанына аз ғана уақыт қалғанына қарамастан, жұмыстар кешіктірілуде. Бұл ретте облыс басшылығы тарапынан аудан әкімдеріне сын да айтылған болатын. Аудан әкімдері өз аудандарындағы мектеп құрылысының жайын жіті бақылап отырған жоқ. Сонымен қатар мердігерлердің де сылбыр жұ­мысы жаңа оқу жылына дайындыққа қолбайлау болды. Сондықтан да мектептері әлі пайдалануға беріл­меген балалар қаланың шалға­йын­да орналасқан мектептерге барып оқуға мәжбүр. Алайда облыс­тық білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенова нысан­дар­дың құрылысы мен жөндеу жұ­мыс­­тарының созылып кетуін жұмыс­шы­лардың жетіспеушілігімен түсін­дірді. Ал облыс әкімі Бердібек Сапар­­баев аталған мәселе бойынша өт­кен жиында мектеп құрылысына және күрделі жөндеуге байланысты жағ­дайлар әуелден-ақ облыстық құ­ры­­лыс басқармасы мен аудандық құ­ры­­лыс бөлімдерінің бақылауында болуы керек екенін айтқан болатын. «Егер жұмыс барысын қадағаламаса, тех­­ни­­калық қадағалау не үшін қажет? Жал­пы тапсырмалар не үшін беріл­еді? Егер құрылыс басқармасы өз жұ­­мыс­ын жүргізе алмаса», деген еді әкім.

Білім беру саласындағы тағы бір маңызды мәселе – сырттағы мектеп дәретханаларына қатысты. Былтыр Тараз қаласында орын алған оқушы қызды зорлау әрекетінен кейін осындай шешім қабылданған болатын. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, оның бәрі биыл 1 қыркүйек­ке дейін мектеп ғимараттарына ен­гізілуі керек болған. Бұл мақсатқа 1,1 млрд теңге бөлінген. Бірақ осы уақытқа дейін облыс мектептеріне қатысты 285 дәретхананың тең жартысы ғана көшірілген болып шықты. Бұл орайда Байзақ, Қордай, Меркі және Шу аудандары айтарлықтай артта қалып отыр. Аталған аудандар­ға ақшаның жеткілікті деңгей­де бөлінгеніне қарамастан, жұмыс сылбыр жүргізілуде. Сондай-ақ дәрет­ханалардың талапқа сай салынбауы да қатаң сынға ұшырауда. «Мен аудан әкімдерінің қалай тыныш ұйықтайтынын түсінбеймін. Олар­дың орнында болсам, желтоқ­сан айында балалардың күн са­йын көше дәретханаларына қалай бара­тын­дарын ойланатын едім. Бұл балалардың алдында ұят», деген болатын Б.Сапарбаев. Сонымен қа­тар облыстағы барлық мектептерге бей­некамералар орнату да күн тәр­тібіндегі мәселенің бірі болып отыр. Бүгінгі таңда өңірдегі білім беру ошақтарындағы бейнекамералардың 80 пайызы ескірген. Енді оны сандық камераларға ауыстыру мәселесі тұр.

Ал биыл жаңа оқу жылының басында қашықтан оқыту тәртібі болғандықтан, оқушыларды компьютермен қамтамасыз ету де маңызды мәселенің бірі. Облыстағы 234 мың 715 оқушының тек 57,4 пайызында ғана дербес компьютер мен ноутбук бар. Ал 99 мың 852 оқушының, яғни олардың 42,5 пайызының ком­пью­терлік техникасы жоқ болып отыр. Жыл басынан бері облыс мек­тептері үшін 2 658 компьютер сатып алын­ған. Енді жыл соңына дейін 30 мыңнан астам компьютер сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар облыстың 130 елді мекені интернетпен қамтылмаған. Ал интернетсіз елді мекендерде 123 мектеп бар. Онда 18 мың 937 оқушы оқиды. Бұл да өңірдегі тиісті аудан әкімдері мен білім саласы басшыларының жұмысының жүйесіздігін көрсетеді.

 

Жамбыл облысы