2019 жыл. Шілде айы. Португалия. Халықаралық Брага турнирі. 1/4 финал. Қарсылас Испаниядан келген азулы команда. 1:0 есебімен жеңіске жеттік. Бірақ... Мойындай алу да ерлік қой, негізі таблодағы есеп бойынша жеңгенімізбен, футболда жеңілдік. Яғни, ешқандай ойын көрсете алмадық. Ал «Атлетико» әлемдік деңгейдегі ойын көрсетті.
Ойынның алғашқы минутында балаларымыз тек аспанға аузы ашылған күйі қарап қалды. Себебі «Атлетико» допты жерге түсірместен бірден шабуылға шығып, қақпамызға бірнеше соққы жасап үлгерді. Аспаннан әуелете келген алыс пастарды кеудесімен қағып жіберіп, келесі ойыншыға пас беріп, допты жерге түсірмей шыққан шабуылға қарсы қандай шара қолдана аларын білмей біраз сасқалақтады. Себебі ондай ойынға дайын емес едік. Ойынның алғашқы минутында-ақ бірнеше нокдаун алғандай күй кешіп қалдық. Әйтеуір балаларымыз тезірек ес жия білді. Бастан аяқ тек қорғаныста ойнауға мәжбүр болдық. Яғни, ойынның көп бөлігі біздің жарты алаңда болды. Қақпамызға кемінде тікелей 20-25 соққы жасалды. Ал бағанның жанынан пышақпен кескендей өткен соққыларда есеп жоқ...
Қақпашымыз Ерасыл да осал емес еді. Командамыздағы басты сенім артып отырған баламыз. Сол матчта ол әдеттегі деңгейінен асып, жарқылдап тұрды. Ең көп жұмыс, салмақ соған түсті. Допқа секіреді, құлайды, қайта тұрады. Тыным жоқ. Бір кезде Ерасылдың басы қақпаның бағанына соғылып, «тох» еткен дауыс қатты шықты. Трибуна өре түрегелді. Ол жерде қозғалмай жатыр. Барлығымыз жанталаса жүгірдік. Жүрегім аузыма тығылды. Ішімнен ойладым бәрі бітті деп. Анандай соққыдан не бас, не баған сынуы керек еді. Барсақ, қақпаның сызығында допты құшақтап алған күйі Ерасыл жатыр. Бір кезде жан-жағына қарады да атып тұрда. Біз аң таң. Төреші де, дәрігер де қайта-қайта «бәрі дұрыс па?» деп оны айналшықтап тексеріп жатыр. Ешқандай зақым жоқ.
Осы оқиға мен үшін әлі жұмбақ. Алла сақтаймын десе сақтайды екен ғой. Допты сызықтың үстінде ұстағандықтан гол болған жоқ. Шамамен 5-6 не 7-8 сантиметр ішке жылжығанда гол саналар еді. Одан бөлек, қақпаның үстінен өткен соққыларда есеп жоқ. Біз тек 2-3 шабуыл ғана жасадық деп ойлаймын. Соның біреуінде, өз жарты алаңымызда олардан допты алып қойған шабуылшымыз жалғыз өзі алға ұмтылды. Себебі бәрі артта еді. Шамамен 70-минутта. Жанталасып келе жатып құлады. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дегендей, жалғыз өзінің әбден сілесі қатып онсыз да құлауға дайын тұрған шабуылшымыздан допты алып қоя бергенде құлап, айып жасағандай болып көрінді. Бізге айып соққы тебу құқығы берілді. Айып соққысы орындалды. Доп қаз-қатар қамал болып тұрған ойыншылардың арасынан, бел тұстарынан өтіп қақпаға кірді. Гол. Бірақ өз көзіме өзім сене алмай тұрмын. Бір-біріне жабысып, қамал болып тұрған ойыншылардың арасынан қалай өтті? Қақпашы да аң-таң. Ешқандай әрекет жасай алмай, орнында тұрып қалған.
Бұл гол болмағанда, біз жеңілер едік. Себебі балаларымыздың әбден сілелері қатып, шаршап қалды. Әдеттегі матчтардан 2 есе көп салмақ түсті. Реакция, жылдамдық, техника, тактикалық тұрғыдан, ұзын пастар, барлық өлшемдер бойынша үлгере алмаған балаларымызды 2 тайм бойы «Атлетико» қалжыратып жіберді. Техника, тактика жағы түсінікті, олармен бәсекелесе алмаймыз. Бірақ физикалық тұрғыдан төтеп бере алатын қауқарымызға қарамастан, техника дегенін істетті. Осындай жағдайда, Құдай қарасқандай гол болуы, балаларымызды жігерлендіріп, күш жинауына себеп болды. Балаларымыздың екінші тынысы ашылғандай қайта атқа қонды. Еуропа футболында соңғы 10-15 минутта ойындары түрленіп, қыза түссе, бізде, керісінше, өше түсуші еді ғой. Сондай сәтте, «Атлетико» ойынды қыздыра түсіп, бізді төпелей бастаған кезде балаларымыздың голмен рухтанғаны оларға қарсы қорғанысымызды қайта күшейтіп, төтеп беруге септесті. «Қазақ рухтанса, қамал алады» деген рас екен...
Осы күнге дейін әлі ұмытпаймын, сол кездегі соңғы 15 минуттың әрбір минутын, секундын қалай өткізгенімді. Айналып келгенде бүкіл команда жанталасып табандылық танытты. Соңғы ысқырық. Матч бітті. Аяққа тұруға шамам келмей, жерге құладым. Аспанға қарап күлдім де қайта тұрдым. Ұяттан. Төрешіге, қарсылас командаға барып айтқым келді «Сіздер жеңдіңіздер. Жеңісті сіздерге қалай берсем болады?» деп. Бірақ ерлік көрсеткен балаларға не айтамын? Балалардың да кінәсі жоқ. Испан балалары секілді стандарт алаңда жаттықпаған, әлемдік деңгейдегі жаттықтырушылардан тәлім алмаған балалардың кінәсі не?
«Атлетико» жаттықтырушыларында түр жоқ. Орындарында қозғалмай қатып қалған. Қызарады, бозарады. Көздері бақырайған күйі тұр. Өңім бе, түсім бе дегендей. Мең зең күйде тұрғанын байқадым. Олар да жартылай финалға өткісі келеді дегендей. Оның үстіне футболы дамымаған елден келдік деп төбемізден қарайтыны бар... Барып қолдарын қыстым. Балаларын жұбатып, жігерлендірдім. Мен үшін өмірімде еш ұмытылмайтын матч осы болды...
Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ