Бүгін білім күні мерекесіне орай, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданының Түрксіб ауылында №6 мектеп-гимназиясы пайдалануға берілді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жаңа білім ошағындағы алғашқы шараға қатысып, мұғалімдерді, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Карантиндік шектеулерге байланысты аталған іс-шараға тек бірінші сынып оқушылары мен мектеп бітіруші түлектер ғана қатысты. Сонымен қатар, әкім еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап жастардың сапалы білімі мен саналы тәрбиесіне үлкен көңіл бөлініп отырғанын, жыл сайын білім күні қарсаңында жаңа мектептер ашылуда екенін атап өтті. Ал, ата-аналар мен мұғалімдер жаңа технологиямен жабдықталған мектепке көңілі толып, өз ризашылықтарын білдірді. Білім ошағы заманауи робототехника кабинетімен, лингафон және мультимедия бөлмелері, кең акт және спорт залдарымен, кітапхана, асхана, тігін және ағаш шеберханаларымен қамтылған. Мектеп екі ауысымда 600 оқушыға білім беруге арналған. Балалардың қауіпсіздігі үшін 20 бейнебақылау камерасы орнатылған.
Бердібек Сапарбаев жаңа мектепте жоғары сынып оқушыларына арнап алғашқы сабақ өткізді. Оған онлайн-режимде Жамбыл ауданының тағы да бірнеше мектебі қосылды. Әкім сабақ барысында қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы жас ұрпақтың рөлін, балаларды ұлттық дәстүр негізінде тәрбиелеудің маңыздылығын баса айтты. "Достық пен өзара түсіністік – біздің басты байлығымыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз осы жылдар ішінде бар жиғанымыз бен жеткен жетістіктерімізді сақтай аламыз. Бұл орайда жас ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктелген. Бірлік – тұрақтылықтың негізі. Бейбітшілік пен келісім салтанат құрған мемлекет қана дамиды", деді ол. Ол үшін балалардың бойында ерте жастан Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, ата-бабамыздың бай тарихы мен мәдени мұрасы туралы үнемі әңгімелеп отыру керектігін де жеткізді. Сабақ барысында оқушылар әкімге қашықтықтан оқытудағы түрлі мәселелерге қатысты сауалдар жолдап, жауап алды.
Бердібек Сапарбаев өз сөзінде 23 мыңнан астам жамбылдық оқушы оқуларын дәстүрлі форматта жалғастыратын атап өтті. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру аясында да мектептерді күндізгі оқытуға қайтару бойынша жұмыстар жүргізілуде екенін атап өтті. Сонымен қатар, балалар әкімнен қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін сұрады. Өз жауабында әкім бүгінде өңірде құрылысшылар, IT және ауылшаруашылығы мамандары жетіспейтінін, сондай-ақ, ара, балық шаруашылығын және жеміс-жидек кластерін дамытатын мамандар қажеттігін де айтты.
Жамбыл облысы