Ет және сүт өнімі бағытындағы жергілікті жылқы тұқымдары республикалық палатасының директоры Еркегүл Тілеген жылқының мұғалжар, көшім тұқымдарын көбейтуге арнайы Үкімет қолдауы қажеттігін Ақтөбе облысына келген Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровқа ұсыныс етті.
Мұғалжар, көшім тұқымдарының ерекшелігі – қысы-жазы қорада тұрмай тебіндеп жайылады, қатты аяз бен боранға, қара суыққа төзімді, жал-құйрығы төгілген, орташа салмағы 400-500 килограмға жетеді.
Қазіргі кезде Ақтөбе облысының шаруашылықтарында асылтұқымды жылқылардың үлесі 17 пайыздан аспайды. Облыста осы түлікті асылдандыру жұмыстарымен көп шаруашылықтың арасынан «Мұғалжар» ЖШС ғана тұрақты айналысып келеді. Осы серіктестіктің 400-ден астам жылқысының арасынан ерекше туған құлын-тайларын іріктеп бағып, асылдандыруға жылқы шаруашылығының білгірі Серікбай Рзабаев ақсақал басшылық жасайды.
Жылқының мұғалжар, көшім тұқымдарын асылдандыру жұмыстары 1939 жылы басталып, Мұғалжар ауданында арнайы жылқы зауыты да салынды. Соғыстың алғашқы жылдарында құрылған атты әскерге осы шаруашылықтан жылқылар жіберіле бастағанда жабылып, бар түлігі төңіректегі шаруашылықтарға үлестірілді. 1953 жылы қайта ашылғанда Мұғалжардың бойына таратылып кеткен жылқыларының тай-құлындары қайта әкелінді. Сөйтіп 1990 жылға дейін облыстағы Ембі, Жем, Орқаш бойындағы барлық шаруашылықтарды таңдаулы мұғалжар, көшім жылқыларымен көбейтті.
– Мұғалжар зауытының арқасында өңірдегі асылтұқымды жылқыларды сақтап қалдық. Қазір қазақтың бұрынғы қазанаты қайда деген сауалды жиі қоямыз. Бірақ неге екені белгісіз, қазанатты Ресейдің ауыр салмақты жылқыларымен салыстырып жатады. Бұл дұрыс емес. Бүгінде тұқымын жаңартамыз деп Ресейден айғырлар әкеліп жатқандар көп. Бірақ ол жақтың жануарының басты айырмашылығы – тебіндей алмайды, алдарына үнемі жем-шөп, сұлы қою керек. Яғни, олардың табиғаты басқа, жерсінбейді. Біздің жылқылар қыстың қатты аязында да қарды тұяғымен аршып, тебіндеп жейді. Өз аяғымен қысы-жазы тебіндеп жүрген мал мүлдем жем жемейді, яғни шығыны аз. Жылқының етін, қымызын ғана пайдаланбай, алдағы уақытта қанын, сүйегіне дейін өңдеп, қалдықсыз өнім өндіруге болады. Терісін де илеп, іске асыруға мүмкіндік бар. Бірақ бұл шаруаны біртіндеп іске асыруға уақыт және Үкіметтен үлкен қолдау қажет болып тұр, – деді Еркегүл Тілеген.
Қазақстанда шамамен 3 миллионға жуық жылқы болса, оның 7 %-ы ғана асылтұқымды деп саналады. Оның үстіне, осы 3 миллион жылқының 900 мыңы жылда соғымға кетеді. Соңғы жылдары Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай қазақстандық жылқы етін сатып алуға сұраныс білдіріп отыр. Дәл қазіргі жағдайда жылқы етін экспорттайтын болсақ, қазақ жылқысыз қалады. Мұны шешудің бір жолы – еліміздегі осы түлік санын 3-5 есе көбейтіп барып қана жылқы етін экспорттауға кірісуге болады. Өңірдегі шаруа қожалықтары да жылқы шаруашылығына мемлекеттік қолдау қажет деген пікірде. Өйткені күтімі, бағымы жақсы болса, жылқы тез көбейетін түлік.
Баянды СӘРСЕНБИНА
Ақтөбе облысы