• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 03 Қыркүйек, 2020

Жаның қандай, жас өмір?

1140 рет
көрсетілді

Қазақтың жаны қайда демеңіз, қазақ­тың жаны – қара өлеңде. Әулие қара өлең, осынау байтақ жұрттың ары да, жаны да, зары да, бары да сенде емес пе?!. Басынан өткерген алағай да бұлағай тағдыры, жүрек кешірген жадағай дәуірлері, жаралы жылдар да, ақжайнақ заман да, жонарақасымен сезген жойқын дерті мен серті де сенде екен ғой, қасиетті қара өлең! Қастерлі жанын қара қылышқа сақтайтын баяғының батырлары секілді, халық та өз жанын сөзде, сөзді өлең кейпінде сақтайды екен.

Алмағайып кездерден адақтап жүріп таба алмас сол кие, сол күй кешегі өткен жыраулар мен ақындардың жырында тұр. Қай кезеңде қазақтың қандай күй кешіргенін, қандай халде болғанын, оның жанының күйі қалай болғанын жарықтық замандардың жылнамасындай жырлардан көргенде, өлеңдерден тапқанда тұтас дәуірлер көз алдыңда жайылып сала береді, бұрындап сөйлеп қоя береді.

Сұлтан ием, сом жүрегім аяман,

Саған дұспан – маған жау,

Керекті күні алдыңда,

Ғазизлеген сұлтан жаным аяман!

Керей мен Жәнібек көш басын Қозыбасыға бұрып, Қазақ ордасының шаңырағын көтерген уақытта дүниеге келіп, кейінгі күреске толы заманын қазақтың ұлт болып ұйысуына құрбан қылған Шалкиіз жыраудың Темір биге айтқан осы жырында «ғазизленген сұлтан жанды» көресіз. Алып қағанаттардың анық мұрагері, көшпелі өркениеттің көзотағадай қасиетінің мирасқоры болып, ешкімнің дәргейіне бас ұрмаған азат та асқақ елдің жаны да осы еді. Ғазизленген сұлтан жан еді.

Содан үш ғасыр өткенде «ақырып теңдік сұраған» Махамбет өмірге келеді. Қазақтың кешегі сұлтан жаны сұрқай заманның соққы­сы­на ұшырап, зар кешсе де серті өлмеген кез екен. Баяғы барақатты күндердің басын бұлт шалса да, басын имеген тұс екен. Отаршыл­дыққа қарсы көтерілістің ширыққан, халықтың рухы шиыршық атқан заман екен. Сонда Махамбет Өтемісұлының Баймағамбет сұлтанға айтқаны:

Ата ұлының баласы

Асыл ерге малың бер,

Малың бер де басың қос,

Басыңа тарлық түскенде,

Ардақтаған әділ жанын аяр ма?..

Енді қараңыз, кешегі «ғазизленген сұлтан жан» «ардақтаған әділ жанға» айналды. Сұлтандық кетті, бостандық пен әділдік іздеген жан ғана қалды.

Махамбет өлген жыл жер бетінен ауған тұста, Шыңғыстаудың бауырында Абай дүние есігін ашты. Абай заманы – зарлы заман. Абай жаны – зарықты жан. «Екі күймек бір жанға әділет пе? Қаны қара бір жанмын, жаны жара» деген хакім «өзі ермей, ерік бермей қор қылған» кезеңге күюмен күңіреніп, күн кешкенін көреміз:

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Ғазизленген, ардақтаған жан қайда енді? Сұлтан болған, әділдік сұраған жан қайда енді? Өз ішіне өзі бұйыққан, дүниені тәрк етердей данышпан ойларымен жалғыз қалған «жұмбақ жан» алдыңыздан шығады. Халықтың өзімен-өзі жабылып, өзіне-өзі тығылып қалғанын байқаймыз.

Одан бергі тарих белестен аса қойған жоқ. Абайдан кейінгі ардақты ұрпақ келді. Ағартушылар кезек сұрады. Алаштықтар тарих сахнасына шықты. Олардың жаны қандай еді? Мағжан Жұмабаевтың «Жаралы жан» деген жыры – сол тұста азап кешкен жұрт жанының айна-қатесіз бейнесі, кейпі. «Тәңірі, өзіңе жылайын, Хал жоқ, қалай тұрайын?! Жүректі жара жеп барад, Жасаған-ау, қалай шыдайын?!» деп сар далада зар кешірген кім?

Жаралы құба жонда кім зарлаған,

Қаңсырап, қанын жұтып кім сарнаған?

Қайғылы cap даланы күңіренткен,

Зарына адам шыдап тұра алмаған?

Бұл – қазақ, Тәңіріге зар еткен қазақ!

Аштық пен жұт жайлаған азапты жылдар­дың ақыры саяси қуғын-сүргінге ұласты. Азаматтар ақысыз келді, құнсыз кетті, сұраусыз сар далада қалды. «Жұмбақ жан» «жаралы жанға» айналды.

Кешегі кеңестік кезеңнің көші де ұзап барады. Бір қарағанда, бақытты ғұмыр кешкендей көрінер әдебиеттегі буындар да алмасып жатты. Соның ішінде Мұқағали Мақатаевтың «Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер!?» деген екі жолы есті адамды еріксіз ойландырады. Ол ақынның емес, халықтың жаны екен. Нәзік жан. Сұлтан, әділ, жұмбақ, жаралы емес, барынан айырылған нәзік жан. Басында тәжі, астында тақыты жоқ халықтың қорғансыз нәзік жаны.

Уақыт өтті. Тәуелсіздік алдық. Тәңір жарылқады. Отыз жыл болды. Әдебиет өзгерді, жаңарды. Халықтың жаны қандай күйде екен? Жас өмір, сенің жаның қандай? Жаңа әдебиет, не жазып жатырсың?