• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қыркүйек, 2020

Тұрғыны көп ауданда тыңғылықты іс бар

321 рет
көрсетілді

Биыл Алматы облысы бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 977 жоба қабылданып, мақсатқа жету үшін 109,2 млрд теңге бөлінген болатын. Қазір аймақтағы жұмыс қарқыны қызу. Ерте көктемде бастау алған құрылыс пен жөндеу ісі нақты нәтиже де бере бастады. Әсіресе аудандар мен шағын қалаларда мемлекеттік бағдарлама бойынша қолға алынған жобалар жемісті.

Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 106 жоба жүзеге асырылуда. Өңірдегі халық ең тығыз қоныс­танған ауданда жаңа мектеп салынып, саябақ жаңаруда, көшелер жарық­тандырылып, жолдар жөнделіп, инженерлік жүйелер төселуде. Бұл жұмыстарға 11,5 млрд теңге бөлінген. Ал осы бағдарламаның нәтижесінде 3152 жұмыс орны құрылған, соның ішінде 1576 адам аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке тар­тылған екен. Жалпы, құры­лыс жұмыс­тары аяқталғаннан кейін 250 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Ауданда жүзеге асып жатқан 106 жобаның 46-сы білім саласы бойынша іріктелген нысан. Атап айтқанда, Есік қаласында 1500 орынды мектеп­тің құрылысы басталған, ал Әймен ауылындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жасалуда. Сондай-ақ И.Саттаров атындағы мектеп жанындағы балабақша ғима­ратына жаңғырту жүргізіліп, О.Жан­досов атындағы мектептің шатыры қайтадан жабылып жатыр. Мұнан бөлек аймақтағы 42 мектептің әжет­ханасы жөнделіп, оқушыларға қолай­лы жағдай жасалып жатыр. Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы өңірдегі әлеуметтік саланың мұқтаж­дығын шешуге үлес қосып отырғанын айтуымыз керек. Мектеп құрылысы мен білім ошақтарындағы жөндеу, жаңғырту жұмысынан бөлек жергілікті емханалардың да жағдайы түзеліп қалатын болды. Мәселен, бағдарлама аясында облыстық бюджеттен Шелек политехникалық колледжінің күр­делі жөндеуі басталып, осы Шелек ауы­лындағы аудандық аурухананың жапсаржайының құрылысы да жүр­гізілуде. Сол сияқты Көктөбе ауы­лын­да бір ауысымда 50 адамды қабыл­дайтын дәрігерлік амбулатория салынып жатыр. Сондай-ақ, ауданның мәдениет пен спорт саласына қарасты нысандарға да күрделі жөндеу жүргізілуде. Жобаға 3 нысан енгізілген екен. Қазір Көлді аулындағы мәдениет үйі, Есік қаласындағы орта­лық мәдениет үйі және К.Бижанов ауылын­дағы спорт кешеніндегі жаңғырту жұмысы қарқынмен жүріп жатыр. Нысандардың барлығындағы құрылыс жұмысы жыл соңына дейін аяқталады.

Жол картасы бойынша аудандағы 5 ауылдың көшелері жарықтандырылса, Ащысай ауылының саябағы, Қызыл­шарық ауылындағы электр жүйелері қайта жаңартылып, салынуда. Ал Есік топтық су құбыры құрылысының бірінші кезегі бұл саладағы ең ірі нысан болмақ. Және Еңбекшіқазақ ауданындағы ішкі автокөлік жолдарын жөндеу жұмысының дені аяқталған. Мұндағы 46 нысанның 27-сі жөнделіп бітті. Ал жол жөндеуге 1,6 млрд теңге қаржы бөлінген болатын.

Айтпақшы, жақында Еңбекшіқазақ ауданында баспана кезегінде тұрған 60 тұрғынға жалдамалы пәтер кілті берілді. Есік қаласының №4 шағын ауданында орналасқан көпқабатты үйден жеке баспаналы көпбалалы отбасылар, аз қамтылған әулеттер және жетім балалар қоныс тойын тойлауда. Бұл пәтерлер аудан әкімдігінің жоспары бойынша бой көтерген, үй құрылысына мемлекеттік бюджеттен 709 млн теңге бөлінген. Көпқабатты үйдің маңында 3 мектеп, аудандық аурухана, полиция бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы және басқа да мемлекеттік мекемелер жақын орналасқан екен.

– Ауданда тұрғын үй кезегінде 2581 адам тұр. Қазір 30 отбасына арнал­ған көпқабатты екі тұрғын үй салыну­да, алдағы жылдары 180 отбасыға ар­нал­ған 3 үй салу жоспарланған. Ал жа­қында қолданысқа берілген жаңа үйден 60 адам пәтер алды, – дейді аудан әкімі Қуанышбек Қашқынбаев.

 

Алматы облысы