• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қыркүйек, 2020

Электронды құрылғы да бар, оқулық та түгел

468 рет
көрсетілді

Биылғы оқу жылында Жалағаш ауданындағы М.Шәменов ауылында 140 балаға арналған жаңа мектеп есігін айқара ашса, жақында облыс орталығынан 600 орындық тағы бір білім ошағы оқушыларды қабылдайды. Жалпы, жыл соңына дейін өңірде тағы екі мектеп қолданысқа беріледі.

Өңірде жаңа оқу жылына дайындық ерте басталып, саланың кем-кетігі түгенделіп, оны ретке келтіру сәт сайын тиянақталып отырды. Осындай жүйелі істің нәтижесінде қазіргі уақыт талабына сай онлайн оқу үшін оқушыларды электронды құрылғылармен қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Қашықтан оқитын 116 254 оқу­шы­ның 66 пайызының электронды құрылғылары бар екені анықталып, мұндай мүмкіндігі жоқ оқушыларды компьютер, планшеттермен қамту жұ­мыстары жүргізілді. Осы істің аясында мектептер теңгеріміндегі 14 203 компьютер оқушыларға уақытша пайдалануға беріліп, саладағы үнемделген қаржы есебінен 2 635 планшет алынды. Қалған балаларға Үкімет резерві есебінен берілетін 22 870 компьютерлік техника 20 қыркүйекке дейін таратылады. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағ­дайы төмен отбасынан шық­қан 1116 оқушыға ноутбуктер мен планшеттер таратылды.

 Облыста 20 259 мұғалім бар. Қашықтан оқытуға қажетті құрыл­ғыларды алып беруде де­меушілер есебінен 306 педагог­ке ноутбук табысталды.

Есеп бойынша жаңа оқу жылында 293 мектепте 169 173 оқу­шы оқиды. Оның ішінде 18 423 бала 1-сынып табалдырығын аттап отыр. Білім және ғылым министрлігінің мектептегі оқу процесін ұйымдастыру жөніндегі бағытына сәйкес 116 592 оқушы қашықтан оқытылады. Ол BilimLand, Дарын-онлайн интернет платформалары арқылы жүргізілмек. Ал 1-4-сыныптағы 41 547 оқушы дәстүрлі жүйе бо­йынша білім алады. Интернет игілігі жете қоймаған шалғай елді мекендердегі 73 мектепте 11 004 бала да офлайн оқитын болды. Мектепке келіп білім ала­тын балалардың қауіпсіздігі үшін санитарлық талаптар қа­таң сақталады. Оқушылар 5 сатыдан тұратын дезинфекциядан өтеді. Сыныптардың ауасын та­зарту, кварцтау, дезин­фек­ция­лық-ылғалды жуып тазалау қа­дағалауға алынады. Осы сани­тарлық шараларға 182 млн теңге бағытталып отыр.

Әрине, онлайн оқудың да әйтеуір бір аяқталып, балалардың мектепке оралатыны анық. Сон­дықтан да мектептерді жаңа та­лаптарға бейімдеу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұмыт қалмауы тиіс. Биыл осы мақ­­сатта білім орындарын бей­не­камералармен қамту үшін облыстық бюджеттен 250 млн теңге қаржы бөлініп, алғашқы лекте 70 мектепке бейнекамералар орнатылды. Алда да бұл мәселе кезең-кезеңімен шеші­летін болады. Сонымен қатар бала қауіпсіздігі үшін салааралық іс-шаралар жоспары бекітілді. 

Жаңа оқу жылына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлініп, керекті оқулықтар түгел жеткізілді.

 

Қызылорда облысы