• RUB:
    5.4
  • USD:
    478.57
  • EUR:
    526.91
Басты сайтқа өту
Пікір 04 Қыркүйек, 2020

Дамуға қажетті берік негіз

193 рет
көрсетілді

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауының «Жаңа жағ­дай­дағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деп аталуы оның еліміздің алдындағы сын-қатерлер мен қауіптерді еңсеру жөніндегі аса шұғыл әрі жан-жақты шараларға бағытталған мазмұнын айқындап отыр.

Мемлекеттің тек ішкі мәсе­ле­леріне және оларды шешу жөніндегі дер кезінде ұсыныстар әзірлеуге арналған бұл құжаттың нақтылығы ерекше назар аудартады.

Мемлекет басшысы алға қой­ған міндеттердің ерекшелігіне қара­мастан, ол әлем дамуының жаңа жағдайларында ауқымды іс-қи­мыл бағдарламасы жарияланған алдыңғы Жолдауды іске асырудың заңды жалғасы деп айтуға болады.

Егер Президенттің эконо­ми­ка­лық өзгерістер саласындағы тап­­сыр­­маларын қарастыратын бол­сақ, онда әлемде қалыптасқан қо­лай­сыз жағдайға негізделген шұғыл шаралардың қажеттілігі айқын.

Сонымен қатар Жолдауда сая­си өзгерістер, ең алдымен адам құ­қықтарын қорғау саласындағы мін­детті шарттар болып табылатын «әділетті мемлекет» құруды көз­дейтін бағыт-бағдарымыздың бұлжымайтыны расталды.

Президенттің екі Жолдауының арасында осы бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылды: саяси пар­тиялар туралы; сайлау тура­лы; бейбіт жиналыстар туралы; Парламенттің қызметі туралы, оның ішінде пар­ламенттік оппо­зи­цияның болуын көздейтін заң­дар қабылданды, жеке адамның құқықтарын қорғау саласындағы заң­нама жетілдірілуде.

Президент айтқандай, бұл ре­фор­малардың бастамасы ғана.

Азаматтарды мемлекеттік бас­қару процесіне неғұрлым белсенді тар­ту арқылы жергілікті өзін-өзі бас­қаруды дамытуды жеделдету осы­ған байланысты негізгі бағыт­тардың бірі болып табылады.

Бұл тұрғыда мәслихаттар ерекше маңызды рөл атқаруы тиіс, сайлаушылардың тыныс-тірші­лі­гінің кез келген мәселелері бойынша мұң-мұқтажын білдіру олардың өз міндетіне кіреді. Сонымен қатар заңда оларға жергілікті ресурс­тардың жұмсалуын бақы­лауға дейін біршама құқықтар беріл­ген, іс жүзінде мәслихаттар өз өкілет­тіктерін жеткілікті дәрежеде іске асыра алмай отыр. Мемлекет басшысы мұны «саяси анахронизм» деп атады. Халық пен жергілікті би­лік органдары арасындағы үнқа­ты­судың жеткіліксіздігі салдарынан азаматтар орталық билікке жергі­лікті проблемалармен жүгінуге мәжбүр. Коронавирустық пандемиямен күрес сабақтары мұны көз алдымызға әкеліп көрсетіп отыр.

Мәслихаттар жұмысының ашық­тығы және міндетті онлайн-трансляцияларды енгізудің арқа­сында азаматтық қоғамға жергілікті деңгейде шешімдер қабылдауға нақты қатысуға мүмкіндік береді.

Мәслихаттардың рөлін ны­ғай­туға Парламент Сенаты өз үлесін қосып келеді, мұнда Жер­гілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құры­лып, жұмыс істейді. Кеңес аясын­да Қазақстандық заңгерлер ода­ғының қолдауымен мәслихаттар депутаттарының халық мүдделерін білдіру, жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі жұмысының тиімділігін арттыруға байланысты жұмыстар жүргізілуде.

Жолдауда Мемлекет басшысы басымдық ретінде айқындаған адам құқықтарын қорғау жөнінде жаңа шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырмалар бергені аса маңызды деп аталды.

Бала құқықтары туралы Кон­венцияның үшінші Факультативтік хаттамасына қосылу да жеткілікті түрде заңды болып отыр, бұл қа­зақстандық балаларға осы Кон­венцияда бекітілген құқықтарының бұзылуы туралы БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне шағым жасауына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта көптеген әскери қақтығыстарға, мәжбүрлі жаппай көші-қонға, әлемге жайылған коронавирустық пандемиясына байланысты балалар қауіпті ай­мақ­тағы ең әлсіз әлеуметтік топ болып табылады.

Бұл қадам еліміздің негізгі жал­­пыға танылған халықаралық-құқықтық нормалар мен стандарт­тардан айнымайтындығына кезекті мәрте дәлел болады. Қазақстан бүгінгі таңда БҰҰ-ның төрт коми­­тетінің: Адам құқықтары жөнін­дегі комитеттің, Азаптаудың алдын алу жөніндегі комитеттің, Нәсіл­дік кемсітушілікті жою жөнін­дегі комитеттің және Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеттің жеке ша­ғым­­дарды қарау құзыретін мойын­дады.

Құқық қорғау органдарын реформалау аясында Президент бір­қатар жаңа тапсырмалар берді, олардың ішінде құқық қорғау органдарында міндетті бейне­ба­қы­лауды енгізуді атап өтуге болады.

Бас прокуратураның дерек­теріне сәйкес, 2019 жылы «азаптау» 146-бабы бойынша 86 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. 2020 жылдың бес айында осы бап бо­йынша 131 осындай жағдай тіркелді.

Бұл ұсынылған жаңалықтар ерекше өзгеше шара емес. Ол Азаптауларға қарсы конвенцияға Факультативтік Хаттамада көз­делген, оған Қазақстан 2008 жылы қосылып, азаптаулардың алдын алу жөніндегі ұлттық алдын алу тетігін құрды. Осыған байланыс­ты Жолдаудағы «әлеуетті құры­лымдар жұмыстың озық әдістеріне неғұр­лым көп сүйенетін болса, олардың халықаралық тәжірибеге сай келу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады» деген сөз ерекше мәнге ие болады.

Әсіресе қазіргі уақытта «әлеу­меттік-экономикалық дамудың бірде-бір аспектісі заң үстемдігінсіз және азаматтарымыздың қауіп­сіз­дігіне кепілдік берусіз сәтті жүзеге асырыла алмайды» деген тұжырым да өзекті және уақтылы болып отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстан халқына Жолдауы әлемдік дамудың алмағайып жағдайларында елдің одан әрі дамуы үшін сенімді, берік негіз болып табылады.

 

Асқар ШӘКІРОВ,

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары