• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Театр 04 Қыркүйек, 2020

Ашық аспан астындағы қойылым

537 рет
көрсетілді

Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының ұжымы Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклін сахналады. Бірақ бұл қойылым әдеттегідей театр сахнасында емес, Тараз қаласындағы «Төрткүл» керуен сарайының ашық аспан астындағы түнгі сахнасында өтті. Аталған шығарманың қоюшы-режиссері – Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қуандық Қасымов.

Қазақ топырағында ежелден елге мәлім болған сүйіспеншілік, ғашықтық хикаялары ұлттың ауыз әдебиетінің алтын қорын қалыптастырған дүниелер. Ғасырлар бойы ауыздан ауызға көшіп келген туындылардың бірқатары кейін­нен ұлттың ұлы тұлғаларының еңбегімен хат­қа да түсіп, халықпен қауышты. Жалпы, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» хикаясы Қарабай мен Сарыбайдың құда болмаққа анттасуынан басталып, кейіннен екеуінің перзенттері Қозы мен Баянның бір-біріне деген сүйіспеншілігімен жалғасып, ақыры қос ғашықтың қайғылы өлімімен аяқталады. Ашық аспан астындағы спектакльде Қозы мен Баянның бейнесі бірден жарқырап көрінді. Театр әртіс­тері Елжан Жармұхамедов пен Нұрай Қаражанова көп жағдайда жаттанды сөзден гөрі қос ғашықтың бір-біріне деген алғаусыз сезімін, адалдығы мен тұрақтылығын қимыл-қозғалысы мен көзқарасы арқылы әсерлі жеткізе білді. Ал Шер шайқы болса жырдағы негізгі оқиғалар мен құбылыстарды үнемі дауыл­пазын даңғырлатып жеткізіп жүруімен ерекшеленді. Сонымен қатар жырдағы барлық іс-әрекеттер сол оқиғаға қатысы бар басты кейіпкерлердің орындауымен көрерменге жеткізілді. Яғни әрбір оқиға көрерменге кейіпкерлер ойыны арқылы ұсынылды. Қойылымдағы бір ерекшелік – көпсөзділік жоқ. Кейіпкерлер арасындағы диалогтар тым қысқа. Бірақ әрбір кейіпкердің мінез-құлқын, жалпы болмысын әртістер негізінен ишара арқылы алып шыққан. Мәселен, Қарабайдың (әртіс Руслан Оразалиев) шектен тыс пайдакүнемдігі, перзентіне де жылуы жоқ кейпі көпшілікті түрлі ойға жетелегені анық. Ал Баянға ынтық Қодардың (әртіс Жандар Қырықбаев) даңғойлығы мен әпербақандығы да оның қимыл-әрекетінен-ақ көзге ұрып тұрды деу­ге болады. Сол сияқты үнемі бәріне жақсы көрінуді ойлап, Қара­бай мен Қодардың арасына от салып жүретін Жантықтың болмысы да нанымды. Жантықтың екіжүзділігі, оған Қара­байдың да, Қодардың да сеніп қалуы, ақы­­рында Қозы мен Баянның құр­­бан бо­луы да сенімді шыққан. Шер мен Жан­­­тық­тың бейнесін бірдей сомдаған театр әр­тісі Мәмбет Қожалиевтің шеберлігін ай­та кет­кен жөн. Аталған қойылым көрер­ме­нді лирикамен басталып, трагедиямен аяқ­тал­ғандығына сендіре білді.

Спектакль соңында келушілер әртіс­терге құрмет көрсетті. Ал Асқар Тоқ­панов атындағы облыстық қазақ драма театры­ның директоры Болат Бекжанов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы араға бірнеше жылдар салып театрсүйер қауыммен қайта қауышып отырғанын, махаббатқа адалдықты, сезімге беріктікті ту еткен бұл туынды тәрбие тағылымы екенін де айта келіп, келген көпшілікке алғыс білдірді.

 

Жамбыл облысы