• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 04 Қыркүйек, 2020

Ұлттық дәстүрмен қош айтысамыз ба?

324 рет
көрсетілді

Ел Президенті биылғы Жолдауы арқылы еліміздегі отбасылық-демографиялық ахуалға өзінің алаңдаушылығын білдірді. Бұл мәселеге Мемлекет басшысының баса назар аударуы, шын мәнінде, аталған салада шешімін күткен түйткілдер баршылық екенін аңғартты.

Мемлекет отбасылардан құралады. Сон­дық­тан әрбір шаңырақтың берекелі, ынты­мақты, базарлы болуы аса маңызды. «Көп қорқытады, терең батырады» деген нақылды жиі есіне алатын қазақтың «тоғызыншы территорияда» қара ормандай қалың болуы – басты арман. Осынау арманымыздың орын­далуы бірінші кезекте дәстүрлі отбасы­лық құндылықтарымызды сыртқы рухани экспансияның жағымсыз әсерінен лайықты қорғай білуімізге, шаңырақтардың береке-бірлігіне, бақуатты тіршілігіне, халық ден­сау­лығын өз деңгейінде сақтауымызға тіке­лей байланысты. Бұлардың барлығына мемлекет­тік тұрғыда маңыз беруге тиістіміз. Әсіресе, бірін­ші кезекте ұлт денсаулығын сақтау, ны­ғайту ісіне қатысты түйткілдерді шешу, еңсе­ру қажет-ақ. Өйткені, бұл бірінші кезекте себептерді жоюға мүмкіндік береді. Егер се­бептерді жоя алмасақ, тек бітпейтін жағымсыз салдарлармен күресуден басқа жол қалмайды.

Ұлт денсаулығының лайықты қорғалмауы демографиялық өсімге кері әсерін тигізетіні, ниеті түзу отбасылардың шырқын бұзатын себептердің бастау көзі болатыны белгілі.

Президент өз Жолдауында Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отырғанын, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайтынын айта келіп, «Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді», деді. Мемлекет басшысының бұл сөзінен еліміздегі әрбір алтыншы отбасының перзентті бола алмауынан, соның кесірінен талай шаңырақ шайқалып, тілек қосқан ерлі-зайыптылардың ажырасып кетіп жатқанынан халық санының баяу өсіп отырғанына қынжылысын байқаймыз.

Президент экстракорпоральды ұрықтан­дыру (ЭКҰ) бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есеге арттыру қажет деді.

Елімізде алғашқы экстракорпоральды ұрықтандыру 2010 жылы жүзеге асырылыпты. Содан бергі аралықта елімізде көптеген сəби дүниеге келіп, қаншама отбасының түтіні түзу ұшты. Осы орайда «Экомед» адам ұрпағын өрбіту емханасының басшысы С.Байқошқарова: «Биыл 1 мыңнан сəл асатын квотаға қол жеткіздік. Соған қуанып келдік. Енді Президент экстракорпоральды ұрықтандыру бағытына 7 мың квота бөлу шешімі біз үшін үлкен қуаныш. Өйткені бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 млн теңге таба алмайды. Сондықтан бұл үлкен көмек жəне емделушілеріміздің барлығы қуанып жатыр» – дейді. Әрине, перзент сүйе алмай жүрген жандарға мемлекет тарапынан квота қарастырылып, талай отбасының үміті ақталып жатса, қанеки. Құптарлық жайт. Ең бастысы аталған өзекті мәселеге мемлекет тарапынан назар аударылды.

Еліміздегі бала сүйе алмай жүрген отба­сыларға 7 мың квота жете қоймайтыны мәлім. Осы жерде бұл квотаның берілу тәртібі, ережесі туралы мәліметтер беріліп, оны қажетсінгендердің арасында бірінші кезекте кімдер ала алады деген тәрізді сұрақтарға тиісті орындар тарапынан нақты жауап берілуі тиіс. Әйтпесе, квотаны бөлу барысында «бармақ басты, көз қыстылыққа» жол берілуі әбден мүмкін.

Тағы бір айта кетер жайт, мемлекеттен бөлінген квота перзент көре алмай жүрген отбасылардың мәселесін түбегейлі шешіп береді дегенге иек артпау керек.

Президент аталған мәселеге қоғамның назарын аудара отырып, осы салаға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізілуі қажет екенін меңзеп отырғандай. Бұл арада перзент сүйе алмай жүрген отбасылардың мәселесін жеке қарастыру, осы бағытта үкіметтік деңгейде ауқымды бағдарлама қабылдау қажеттігі менмұндалайды. Сонда бала сүйе алмаудың негізгі себептерін анықтау, соған байланысты мемлекет есебінен емдеу мәселелері шешімін табар еді. Перзент көре алмаудың басты себептерінің бірі – түсік тастау. Бұл мәселеге қатысты да тиісті шара қабылдануы тиіс.

Біз ЭКҰ тәсілін қолданғанда салт-дәстүрлеріміздің, тыйымдарымыздың, дініміздің талаптарын да ескеруіміз қажет. Мәселен, ананы медициналық жолмен ұрықтандыру ісіне Ислам талабымен қарасақ, әйел мен ұрық иесі некелі жұп болуы шарт. Міне, осы іспеттес басқа да ұстанымдар экстракорпоральды ұрықтандыру барысында қаперден шықпағаны абзал. Әйтпесе, осы кезге дейін ұлықтап келген жеті ата институтының мәнін  жойып алуымыз мүмкін.