Бүкіл әлем елдерін тығырыққа тіреп отырған дағдарыс жағдайында халықтың әлеуметтік-экономикалық өмірін тұрақты сақтау үшін нақты қадамдар қажет.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында отандық өндіріс пен өнеркәсіп саласын дамытуға тың серпін керектігін баса айтты. Расында да, мемлекет өндіріссіз өрге баса алмайды. Осыны жай ғана түсініп қоймай, нақты қадамға баратын кез келді. Әлдеқашан даму жолына түскен алпауыт елдер бұл тетікті негізгі нысан ретінде алға ұстайды. Мемлекет тек қана импортқа тәуелді болған сайын соғұрлым құлдырай береді. Бұл экономиканың бұлжымайтын заңы.
Импорттың экономикаға ықпал етуінің оң және теріс әсері бар. Импорттың өсуі елдің төлем балансының ағымдағы шотының тапшылығын туындатады, бұл өз кезегінде ұлттық валютаның бағамына қысым жасайды.
Ауыл шаруашылығы секторы жүйелі жолға қойылса, азаматтарымызды таза әрі қауіпсіз тағаммен қамти аламыз. Бұл бір жағы экономиканың ілгерілеуіне жол ашатын негізгі бағдар. Осы ретте ғылым мен экономика бір-бірімен тікелей байланыста болса ғана дамитын егіз ұғым екенін естен шығармауға тиіспіз. Ғылымға көңіл бөлмей – экономика жоқ. Президент Жолдауында бұл мәселе де тиісті дәрежеде айтылды. Ендігі кезекте соны дұрыс іске асыру мәселесі тұр. Нарықта бәсекесіз өмір сүру мүмкін емес. Әрбір отандық өнім өндіруші бәсекелестер арасында үздік болуға талпынуы керек. Өндірістің қазіргі қалыптасып отырған құрылымына байланысты Қазақстан экспортының едәуір үлесі шикізатқа, түсті металдарға, отынға, астыққа және жартылай фабрикаттарға тиіп отыр. Тек бұларға сүйенуге болмайды. Өзін азық-түлік өнімдерімен, басқа да ең қажетті тауарлармен толық қамти алған мемлекет алға озады. Біз осыған жетуіміз керек
Ораз БАЙМҰРАТ,
ҰҒА академигі