• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 07 Қыркүйек, 2020

Мырзағалидың мерейлі сәті

267 рет
көрсетілді

Көпшілік Мырзағали Айтжановты бокс өнерінің жілік майын шаққан майталман маман ретінде біледі. Иә, бапкерлік кәсіпте ол өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатты. Оған еш күмән жоқ. Аталған азамат 2009-2018 жылдары ұлттық құрама командамыздың тізгінін ұстады. Сол кездері жуан жұдырықты жігіттеріміз отандық бокстың жеңіспен өрілген дәстүрін жалғастырып, халықаралық аренада орасан зор табыстарға қол жеткізді. Ерен еңбек елеусіз, ескерусіз қалған жоқ. 2013 және 2014 жылдары Мырзағали Құланұлы қатарынан екі рет әлемнің ең үздік бапкері атанды. Ал сол азаматтың кезінде өте қарымды әрі қарулы боксшы болғанын кейінгі жастар біле бермеуі де мүмкін. Енді әңгімеміздің ауанын сол арнаға қарай бұрайық...

1970 жылдың 13 қыркүйегінде Шымкенттің дәл іргесіндегі Сайрам ауда­­нына қарасты Қарабастау ауылында дүниеге келген Мырзағали Айт­жанов 13 жасында бокс үйірмесінің табалдырығын аттады. Облыс орта­лығында білікті бапкер Нұрғали Са­фиуллиннен тәлім-тәрбие алды. Жат­тығу залында аянбай тер төккен балғын былғары қолғап шебері көп ұзамай елеулі табыстарға қол жеткізе бастады. Алғашында аудан, қала, облыс деңгейіндегі додаларда дараланған ол 1987 жылы жасөспірімдер арасында республика чемпионы атанды. Арада бірер ай өткеннен соң КСРО кубогына қатысты. Донецкідегі доданы Айтжанов күміс медальмен қорытындылап, спорт шебері нормативін орындады. Ал 1988 жылы Ульяновскіде жалауы желбіреген жастар арасындағы КСРО біріншілігінде бас жүлдені олжалады. Осы жеңістің нәтижесінде аса ірі халықаралық жарыс­тарға даңғыл жол ашылды.

1988 жыл. Польшаның Гданьск қала­сында Еуропа біріншілігінің жалауы жел­біреді. Қарт құрлықтың барлық дарынды әрі қарымды жастары жиналған жарыста 54 кило салмақ дәрежесінде КСРО құрамасының намысын Мырзағали Айтжанов қорғады. Тұсаукесер кездесуде ол чехословакиялық Станислав Янконы оңдырмай сабады. Есеп – 5:0. Ширек финалда қандасымыздың жолы Роберт Шереметамен қиысты. Ринг қожайынына төрешілердің бүйректері бұрғанымен, түбі әділдік үстемдік құрды – 3:2. Жартылай финалда Англияның өкілі Паул Рамсейді және финалда болгариялық Милко Ива­новтың тас-талқанын шығарды. Бұл кездесулерде бес төрешінің барлығы да Мырзағалидың мықтылығын бірауыздан мойындады. Осылайша, Айтжанов жастар арасында Еуропа біріншілігінің бас жүлдесін олжалаумен қатар, халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды.

Жоғарыдағы жеңістер жас жігітті кә­дімгідей қанаттандырды. КСРО құ­рамасы сапына енген қазақ боксшысы Дания, Индонезия, Болгария, Түркия және Никарагуада ұйымдастырылған халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Жастар арасындағы жарыстарда алдына жан салмаған Айтжановтың енді ересектер дуында да атой салатынына көпшіліктің еш күмәні болмады.

Мырзағали айтады: Күш-қуатым бойыма сыймай тұрған тұста төре­шілерден көп теперіш көрдім. Сөзім дәлелді болу үшін мына екі дерек­ті алға тартайын: 1990 жылы Украина­­­ның Луцк қаласында өткен КСРО чем­пионатының алғашқы айналымын­да кейіннен Еуропа чемпионы және Атланта Олимпиадасының қола жүл­дегері атанған Альберт Пакеевпен қол­ғап түйістірдім. Бәсеке барысында оны екі рет есеңгіреттім. Бірақ төре­шілер қарсыласымның қолын көтер­ді. Сол кезде наразылық білдірген украина­лық жанкүйерлердің «Жеңісті қазақ­қа­ беріңдер!» деп айғайға басқаны әлі есімде. 1991 жылы Қазанда Еуропа чемпионатының күміс және Олим­пиа­даның қола жүлдегері Тимофей Скря­бин­ді жақсылап сабағаныммен, тағы да әділетсіздікке тап болдым. Екі ре­тінде де бәсеке тағдырын бір ғана ұпай шешті. Осындай келеңсіз оқиғалар менің спорттық өмірбаянымда аз болған жоқ.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Айтжанов 54 және 57 кило салмақ дәре­же­лерінде біраз уақыт өнер көрсет­ті. Елішілік жарыстарда жап-жақсы жұ­ды­рық­тасып жүрді. Жасындай жар­қырап, жеңіс тұғырына көтерілген кез­дері де аз емес. Бірақ ол шетелге шыға алмады. Әлем және құрлық чем­пионаттарынан үнемі шет қалды. Оның себеп-салдарын­ әркім әр саққа жү­гіртті. Бәзбіреулер «бабы кеміді, дәуірі өтті» десе, енді біреу­лер «басқа пәле – тілден» деген уәж айтты. Ра­сында да Мырзағали – тік мінезді, бірбеткей. Ешкімнің ығына жығыла бермейді. Алдында қандай дөкей тұрса да ойындағысын іркілмей айтатын әдеті бар. Бәлкім, сол турашылдығының кесі­рінен өз несібесінен қағылған болар.

Бірде кең залда жанталасып жат­тығып жүрген Мырзағалиға кезіндегі еліміздің белді боксшыларының бірі, өзінің құр­дасы Михаил Юрченко: «Мыр­­за, қазақта «Дос жылатып, дұш­пан күлдіріп айтады» деген аталы сөз бар екенін өзің де жақсы білесің. Сенің досың, замандасың болғаннан кейін турасын айтуды құп көрдім. Се­нің уақытың әлдеқашан өткен. Оны мо­йын­­дауға тиіссің. Бос елес қума. Дәп бүгін жүзден жүйрік шықсаң да, үлкен аламанға сені ешкім де қоспайды. Ендігі жол – жастардыкі. Одан гөрі басқа кә­сіпті таңда. Отбасың бар, балаларың өсіп келеді. Солардың болашағын ой­ла­­ғаның абзал», деп ақыл қосты. Біраз ойға шомған боксшы құрдасының айт­қан ақы­лына құлақ асуды құп көрді. Көп ұза­­май Айтжанов спорттан қол үзді.

Мырзағали айтады: Өзімнің спорт­тық ғұмырымда мен 245 рет рингке көте­ріліп, 210 мәрте жеңіске жеттім. 140 бәсекені айқын басымдықпен аяқ­та­дым. Мұның барлығы – тынымсыз жаттығу мен ерен еңбектің арқасы. Қарсыласты нокаутқа жіберу үшін соққының жойқындығымен қоса, ерекше сезімталдық қажет. Бәсекелесіңнің сәл ашылған немесе босаңсыған сәтін­ қалт жібермеу керек. Негізі соқ­қы алмасу кезінде нокаутқа жіберу сәл жеңілірек. Өйткені, жекпе-жектің­ қызығына түскен кейбіреулер қорға­ныс­ты әлсіретіп алады. Сол кезде жақ­сылап тұрып «күтіп алсаң», мәселе­нің оңды шешілгені. Ал өзім, Аллаға шү­кір, нокаутқа түсіп көрмеппін. Өйт­ке­ні, әркез қорғанысқа айрықша мән бе­ретінмін. Өзім соққы жұмсаған сайы­н қарсыласымның да қарымта қай­та­руы­ мүмкін екенін ешуақытта естен шығармадым.

Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін Мырзағали Айтжанов жат­­­­тық­ты­ру­шылық қызмет атқарды. Бір шоғыр дарынды жастар арасынан Біржан Жақыпов пен Еркебұлан Шын­алиев суырылып шы­ғып, Алаш жұр­тының мақтан тұтар азаматтарына айналды. Бұл жігіттерге жеке-жеке тоқталатын болсақ, 2005-2016 жылдары өнер көрсеткен Біржан бауырымыз 10 жылдан аса ең жеңіл салмақта еліміздің нөмірі бірінші боксшысы болды. Сол аралықта әлем чемпионы (2013 жыл) және әлем чемпионатының қола жүлдегері (2005) атанды. Азия ойындарында екі мәрте күміске (2010, 2014) қол созды. Бейжің (2008), Лондон (2012) және Риода (2016) алауы тұтанған Олимпия ойындарында ширек финалға дейін жетті. Ал Еркебұлан ініміз 2007 жылы Чикагода өткен әлем чемпионаты мен 2008 жылы Бейжіңде алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медальді мойнына ілді.

Көп кешікпей Қайрат Ерәлиев (56 кило) өрелі өнерімен көпшіліктің көзіне түсті. 2013 жылы Алматыда ұйым­дас­тырыл­ған әлем чемпионатының қола меда­лін мойнына ілсе, 2017 жылы Гам­бург­те бас жүлдені қан­жы­­ға­­сына байлады. Азия ойындары мен бірін­шілігінде бір­неше мәрте же­ңіс тұғырына көтерілді. 2015 жылы «Астана арландары» командасы сапында Дүниежүзілік бокс серия­сы додасында дараланды. Олардан бөлек, бұл күндері Азия чем­пионы Бек Нұр­маған­бет, әлем чемпио­натының қола жүл­дегері Сәкен Бибосынов сынды сайып­қырандар да Айтжановтан тәлім-тәрбие алды.

2009-2018 жылдары Мырзағали Айт­жановтың Қазақстан ұлттық құрама­сының бас бапкері болғанын біз жоғары­да айттық. Бұл кезеңде отандық былғары қолғап шеберлері қандай табыстарға жеткені жайында баспасөз беттерінде жазылды, телеарналардан айтылды. Сол себепті де барлығын қай­талап жатудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Айтпағымыз, қазіргі кезде де аталған азамат өзінің сүйікті ісінен алыс­таған жоқ, ұлттық командамыздың аға жаттықтырушысы қызметін абыройлы атқаруда.