• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 08 Қыркүйек, 2020

«Аңсаған сәби» – бақыт бастауы

1158 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажеттігін айтты.

 

Бедеуліктің регистрін жасау керек

Әрине, бұл көңіл қуантарлық жаңалық. Бірақ мамандар аталған бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін кейбір түйткілді мәселелердің шешім тапқаны дұрыс деп есептейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жаңадан бас құраған жұбайлардың 15-20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмайды екен. Ал елімізде ресми тіркелген бедеу жұптардың ұзын саны 15 мыңға жуықтайды. Олардың 10 мыңдайы экстракорпоральды ұрықтандыруға (ЭКҰ) мұқтаж көрінеді. Бейресми дерек бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Өйткені он шақты жыл өтсе де баланы әулие-әнбиеден сұрап, болмаса үйінің маңындағы гинекологқа ғана барып жүрген әйелдер қаншама?! Осыны назарға алған мемлекет 2010 жылдан бері ЭКҰ-ға арнайы квоталар бөліп келеді. Ең алғашында 100-ден басталған квотаның саны биыл мыңға дейін көбейген.

Биология ғылымының докторы, репродуктолог-эмбриолог, «Экомед» клиникалар желісінің ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова бедеу жұптардың санын айқындамай бағдарламаның тиімді жүзеге асуы қиын екенін айтады. «7 мың квота қазіргі кезде тіркеуде тұрған жұптардың 60-70 пайызына көмектеседі. Дегенмен елімізде бедеу жұптардың саны анық емес. Біз негізінен дүниежүзілік жалпы статистикаға сүйеніп айтамыз. Сол тұрғыдан келгенде, қазір Қазақстанда жаңадан шаңырақ көтергендердің 15-20%-ы бедеулікпен бетпе-бет келеді. Шамамен әрбір бесінші не алтыншы отбасы перзентке зар болып жүр. Сол үшін ең алдымен нақты статистикаға қол жеткізуіміз, бедеуліктің регистрін жасауымыз керек.

Бедеулік жанға батып, өмірге қауіп төндіретін ауру болмаған соң пациенттер жылдап әр дәрігерге бір көрініп жүре береді. Сондықтан оларды тіркеу мүмкін емес. Мысалы, онкологиялық аурулар, туберкулез, СПИД сияқты өмірге қауіпті аурулар арнайы бір орталықта тіркеуден өткізіледі. Бедеулікті де солай істеу керек.

Қазіргі цифрлы технологияны пайдалана отырып тіркеп, ортақ базаны қалыптастыруға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен соған күш салып жатырмыз. Сонда ғана қанша бедеу жұп бар, қаншасы табиғи жолмен бала көтеріп жатыр, қаншасына консервативті немесе оперативті ем көмектескен жоқ, қаншасы ЭКҰ-ға бару керек дегеннің масштабын нақты біле аламыз», дейді ол.

Мемлекет жыл сайын әр квотаға 1 млн теңгедей ақша бөледі және бұл Денсаулық сақтау министрлігің 2009 жылғы 30 қазандағы №627 бұйрығына сәйкес тек нәтижелі топтарға ғана үлестіріледі. «Бұл жерде мынаны түсінген жөн. Медицинада «бедеулік» әйелге де, ерге де байланысты айтылатын термин, яғни ол – ұрпақсыздық. Ал белсіз еркек – жыныстық қатынасқа қабілеті жоқ импотент азамат. Белсіз еркектің ұрығының сапасы өте жақсы, керісінше ұрығы жоқ еркек белсіз болмауы мүмкін. Ендеше, нәтижелі топ деп отырғанымыз кімдер? Ол – аналық ұрығы бар әйел мен аталық ұрығы бар ер адам. Егер оларда ұрық болмаса әрине нәтиже болмайды. Сондықтан біз маман ретінде алдын ала болжам жасап, қай отбасының қандай мүмкіндігі бар екенін зерттеп, көз жеткізген соң ғана квота бөлінетіндер қатарына қосамыз. Ал керісінше жағдайда, яғни, не әйелде, не ер-азаматта ұрық жоқ болса, онда ол мемлекет тарапынан бөлінетін ақшаны желге шашқандай боларымыз анық», дейді С.Байқошқарова.

 

ЭКҰ-ға МӘМС көмекке келуі керек

Жыл басында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға (МӘМС) қатысқан әрбір қазақстандық жылына бір рет тегін ЭКҰ қызметін алады делінді. Бірақ кейін оның квота көлемінде ғана беріліп жатқанын білдік. Яғни, былтырға дейін тегін медициналық көмектің кепіл­дендірілген көлемі шеңберінде мұқтаж жұбайларға беріліп келген квотаны енді МӘМС-ке жарна тапсырып отырғандар ғана ала алады. Ал түрлі себептермен сақтандырылмаған азаматтар квотаны алғанды қойып, армандамайды да.

«Квоталар – мемлекеттен бөлінген қаражат. Ал сақтандыру жүйесі квотаға байланысты емес, сондықтан Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеп отырған әрбір әйелге, ең болмағанда, жылына бір рет ЭКҰ бағдарламасынан тегін өтуге мүмкіндік қарастырылуы керек. Өйткені квота нәтижелі топтарға ғана берілетінін айттық. Біз жарна төлей бастағанымызға да көп болмады. Кей адамдар жұмысының болмауына байланысты төлемейді, кейбірі әдейі жалтарады. Осының бәрін ретке келтірмейінше МӘМС арқылы тегін ЭКҰ жасату да қиынға соғуы мүмкін. Онымен қоймай әлемді әлекке салған коронавирус елімізді де есеңгіреткен кезде бедеулік мәселесінің кейінге қалғаны рас. Мемлекеттің негізгі күресі, күші, қаражаты пандемиядан қалай аман қаламыз дегенге кетті. Сондықтан бұл мәселе де уақыты келгенде шешімін табар деген үміттемін», дейді Салтанат Берденқызы.

Елордадағы №2 көпбейінді қалалық аурухананың Әйелдер денсаулығы бөлімшесінің меңгерушісі Жанаргүл Шәрімхан №627 бұйрыққа сәйкес көрсет­кіштері сәйкес келген жұптар жылына бір рет квота алуға құқылы екенін алға тартты. «Статистикаға қарасақ, бедеу­лік тек әйелдерде болмайды. Отба­сында бала болмаудың 50%-ы ер-азаматтың денсаулығымен байланыс­ты. Үйленгеннен кейін екі жұп тұрақты жыныстық қатынаста болып, бір жылға дейін бала көтере алмаса оларға бедеулік деген диагноз қойылады. Мұндай жағдайда жұбайлар жергілікті емханаға бірге барып қаралып, диспансерлікке тұрады. Көпшілігі жергілікті емханаларда ұзақ жүріп, уақытын жоғалтып алады. Сондықтан бірден отбасын жос­парлау орталығына жолдама алуы тиіс. Орталықта ер мен әйелді бірдей тексеріп, емдейді. Бедеуліктің себебін анықтап, нақты диагноз қойылғаннан кейін денсаулық басқармасына тізімді береміз. Әйелдің екі түтікшесі бітелген немесе алынып тасталған, ерлердің белсенділігі төмен болған жағдайда квота беріледі. Биыл квота тек медициналық сақтандырылған адамға ғана үлестірілді. Көрсеткіштері сәйкес келген жұптар жылына бір рет квота алуға құқысы бар.

Бүгінде біздің бөлімшеге тіркелген 1 мыңға жуық бедеу жұп бар. Оның үштен бір бөлігі мемлекеттік квотаға зәру. 2019 жылы 60 жұпқа квота бері­ліп, 38%-ы бала көтерді. Биыл 76 жұп квотаға ие болып, түрлі ЭКҰ орталық­тар­ында бағдарламадан өтуде», дейді Ж.Шә­рімхан.

 

Себеп пен салдар

Өмір салтының дұрыс болмауы, экологияның бұзылуы және табиғи таза тамақ өнімдерінің азаюы сияқты көптеген фактордан дүниені дендеген дерттің түрі де көбейгені рас. Осының қатарында бедеулік әлемдік деңгейде белең алып келе жатқанын жоғарыда айттық. Ендеше, мамандардан балалы болмаудың себептері мен салдарын сұрап көрейік.

«Адамзат қазіргі кезде жасанды ортада өмір сүреді. Ішкен тамағымыз да, жұтқан ауамыз да, киген киіміміз де табиғи емес. Оған телефоннан, компьютерден, ұшақтан алып жатқан радиацияны қосыңыз. Екіншіден, әлеуметтік бедеулік деген бар. Жастар жұмыс, ақша деп жүріп отбасын кеш құрады. Ол да денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Ал қабыну процестері әйел мен еркектің ұрығының сапасының төмендеуіне, ұрық жолдарының бітеліп қалуына немесе қызметінің бұзылуына алып келеді», дейді репродуктолог-эмбрио­лог С.Байқошқарова.

Этнолог Серік Ерғали болса балаларды ата-ана болуға мектеп жасынан дайындау керегін, онда тек жыныстық қатынас емес, жауапкершілікке тәрбиелейтін арнайы пән оқытылуы тиіс екенін айтады. «Бұл тек қана медициналық мәселе емес, демографиялық мәселе. Егер біздің мынау апайтөс даламыз халыққа толмаса мемлекеттігімізге бірден-бір қауіп. Жастар жасанды урбанизацияға, яғни әлеуметтік босқындыққа ұшырап ауылын тастап амалсыздан жұмыс, білім іздеп қалаға келеді. Үй таба алмай, күй таба алмай тентіреп жүргенде 30-40 жылы өтіп кетеді. Денсаулығы құриды, сосын балалы болатын жағдайы да қалмайды.

12-13 жасқа толған ұл мен қыз 5-7 жылдан кейін отбасын құрады. Мектепте болашақ отағасы мен отанасын тәрбиелейтін арнайы пән болуы, мектеп пен ата-ана бірігіп бағдарлама жасауы керек. Бала күннен мұндайды біліп өскен жас­тар кім болса сонымен жүрмейді, өзінің денесін, жыныстық органдарын сақтайды. Тәрбиенің төмендігінен қазір қазақтың кей жігіттері отбасы түгілі өз басын алып жүре алмайды. Ал бізде бір жақтылы тек жыныстық қатынасты үйрететін пәндер оқытылады», дейді ол.

 

Тамақтану мәдениеті өзгерді

Этнологтар мен этнографтар бе­деу­ліктің басты себептерінің бірін тамақтанумен байланыстырады. Этно­лог Серік Ерғалидің айтуынша, тамақты мектептен бастап дұрыстау керек. «Этно­логиялық жағынан қарайтын болсақ, әрбір ұлттың өзінің қанына сіңген, әдетіне кіріккен, әрбір жасушасы аңсайтын тамағы болады. Бүгінгі қазақ қоректен айырылып қалды. Табиғи ет пен сүтке негізделген қазақтың жасушасы қазір Батыстың неше түрлі ұзақ сақтау үшін «у» қосылған немесе тез дайындалатын тағамдарымен уланып жатыр. Жастар жауапсыздықпен бүкіл денсаулығын құртуда. Бұған қарсы ешқандай насихат, түсіндіру жоқ. Ата-аналардың өздері айтпайды. Мектептегі тамақтандыруды да дұрыстап қараған жөн», дейді ол.

Ал қазақтың тамақтану мәдениетін зерттеуші этнограф Бейсен Ахмет тұз бен майды лайықты мөлшерде пайдалану адам ағзасына өте пайдалы екенін алға тартады. «Біріншіден, тамақтану мәдениетінің өзгеруі. Мәселен, бұрынғы заманда қазақтар тамақтанған кезде тағамның қуаты мен құнарлылығына қарай ыстықтық, суықтық деп бөлген. Яғни, қуаттыларына ыстықтық қасиетке ие қойдың еті сияқты тағамдарды жатқызған. Оны тұтынғаннан кейін міндетті түрде суықтық тағамдар жеген. Осылай ағзаның қызметін табиғи реттеп отырған. Қазір қант, торт жеп, қызыл шай ішеді де, ұйқыға бас қояды. Оның барлығы ыстықтық қасиетке ие. Бұл ұзақ уақытқа жалғасса белсіздікке әкелуі мүмкін. Тіпті бүгінде тамақтану мәдениетінің өзгергені былай тұрсын, тамақтағы осындай қасиетті ажырата алатын жастарды айтпағанда ата-аналар да көп емес. Екінші үлкен мәселе – қазақтың тұз бен майды тұтынуы. Қазақта «тұз – астың иманы», «дәм-тұзың таусылмасын» деген сөз бар. Тұз минералдарды ерітіп, адам денесіне сіңіретін, вирусты өлтіретін қасиетке ие. Мысалы, Қытайда түрмеде жатқандарға қолданатын ауыр жазаның бір түрі – тұзсыз тамақ беру. 15 күн тұзсыз тамақ ішкен қылмыскер әл-қуаттан айырылады. Өйткені тұзсыз ас адам денесіндегі кальций, калий сияқты минералдарды ша­йып, қуықтың басындағы майды кетіреді екен. Әрине тұзды қалыптан тыс тұтыну да қан қысымының жоғарылауы сияқты түрлі ауруларды тудыратынын білеміз. Сондықтан тұзды сорпа сияқты сұйық ас арқылы қабылдаған абзал. Май жеу­ге келетін болсақ, қалыпты мөлшерде майды үзбей тұтыну жүрек пен бүйректі қуаттандырады. Бүйректі қуаттандыру арқылы барлық жыныс мүшелерінің қызметін жақсартуға болады. Жаңадан үйленген кезде күйеу балаға төс, келінге құйымшақ тарту дәстүрінің сыры да осында жатыр. Әрине генетикалық өзгеріске түскен тағамдарды тұтыну адам денсаулығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан да табиғи сүт өнімдерін пайдалану жиі дәріптеліп жатыр. Балаларға Ба­тыс­тың жеңіл-желпі тамақтарына, fast food-тарға әуес болудың зиянын түсін­діріп отыру өте маңызды», дейді зерттеуші.

 

Еркекшора қыздар көбейіп барады

Балалы болмаудың себептерін адамның жан дүниесімен де байланыс­тырып қарау керек. «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының төрайымы, психолог Лимана Қойшиева ішкі әлемнің түрлі қайшылықтары да осы мәселеге тап қылатынын түсіндірді. «Жүкті болмаудың себептері көп. Ал себепсіз бала көтере алмау деген бар. Оны психосоматикалық тұрғыдан қарастырамыз. Яғни, психо­эмо­ционалдық қысым, күйзеліс, үрей дегендердің бәрі денсаулыққа кері әсе­рін тигізеді», дейді Л.Қойшиева.

Психолог қазіргі уақытта қыздар мен әйелдердің іскерлікке ұмтылып, ер-азаматтармен бәсекеге түсуі де олардың табиғатының өзгеріп, гормондардың бұзылуына алып келетінін жеткізді. Ол темекі мен ішімдікке құмар нәзік жандылардың қатары да көбейіп бара жатқанын жасырмады. Өйткені «Рухани қоғам әлемі» қоғамдық қорының сенім телефонына хабарласқан азаматтардың көпшілігі әйелдерінен осындай зардап шегетінін айтатын көрінеді.

«Бүгінде қыздардың көпшілігі шалбар киюді әдетке айналдырды. Бірі ауа райын сылтау етсе, кейбірі жүріп-тұруға ыңғайлы екенін алға тартады. Шалбар белді қысып тұратындықтан жатырға зиян көрінеді. Әйел жер арқылы жатырына қуат жинайды екен. Шалбармен машина мініп, рульге отырған әйел затының жүріс-тұрысы, дауысы да өзгереді. Қолындағы кілтін үйіріп, ер адамға тән қылықтар жасай бастайды. Еркекшора қыздың мінезі де дөрекіленіп, психологиясы да бұзылады. Ал көйлек киген кезде әйелдің гармоникалық үйлесімділігі, нәзіктігі дұрыс қалыптасады», дейді ол.

Отбасының шырқы бұзылмауы үшін отбасы институтының жұмысын жақсартудың маңызды екенін айтқан Лимана Құттыбекқызы гендерлік саясат туралы ойын да жеткізді.

«Іскерлікке ұмтылып, өз жұмысын өзі жүргізе бастаған әйел ешкімге тәуелді, бағынышты болғысы, бойсұнғысы келмейді. Қазір біз гендерлік мәдениет жобасын жүргізіп жатырмыз. Гендерлік мәдениет дегенді көбі ер мен әйелдің арасындағы билікке таласу, бәсекелестік деп қабылдайды. Меніңше, ол ер мен әйелдің заң алдында тең құқылы екенін, бірдей жауапкершілік алатынын білдіреді. Сондықтан бізге отбасы институтының жұмысын күшейту өте маңызды. Өйткені бүгінде аналарға да, әкелерге де, тіпті ата мен енеге де тәрбие керек», дейді психолог. 

Бүгінде елімізде 26 ЭКҰ орталығы бар. Қазақстанға аталған озық әдіс енген 25 жылда 22 мыңнан астам ерлі-зайыпты осы жолмен ата-ана атанған екен. Әлемде мұндай тәсілмен 8 мил­лионнан аса бала өмірге келіпті. Балаға зәру отбасылардың жылдан-жылға артқанына қарамастан репродуктивті медицинаның мүмкіндігі де жоғарылап келеді. Елімізде ЭКҰ жасаудың барлық мүмкіндігі бар. Мысалы, генетикалық талдау жасау арқылы эмбриондарды жатырға орналастырудан бұрын баланың денсаулығын толық тексеруге болады. Бұл технология хромосомалық ауытқуларды да анықтайды. Технология қаншалықты қарыштап дамыды дегенмен денсаулық та, шаңырақты шайқалтпай ұстау да өз қолымызда екені анық. Ендеше, соны ес білгеннен ескеретін есті ұрпақ көбейсін!